БҰЛ КҮНІ – 5 МАУСЫМ

5 Маусым 2019, 12:00 3444

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қайраткерлік қызметінің жылнамасы.

 

2006 ж.: Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті А.Н.Сезермен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу кезінде тараптар Қазақстан мұнайын Ақтаудан Бакуге, одан әрі «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыр желісі арқылы тасымалдау және қазақстандық инвесторлардың қатысуымен Түркиядағы Қара теңіз жағалауынан мұнай өңдеу зауытын салу мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшылары сондай-ақ Алматыда 2006 жылғы 17 маусымда өтетін АӨСШК-тің II саммитіне және Түркия Республикасының Анталия қаласында 2006 жылғы қарашада өткізілуі жоспарланып отырған VIII Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысты мәселелерге де тоқталып өтті.

*****

Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасының Президенті И.А.Каримовпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарының кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.

Өзбекстан Президенті АӨСШК-тің 2006 жылғы маусым айына жоспарланып отырған II саммитіне келетінін жеткізді. Өз кезегінде Н.Ә.Назарбаев И.А.Каримовты 2006 жылдың күзінде Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

*****

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы О.Ә.Әбдікәрімовті, Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Р.Жақсыбековті және Ауыл шаруашылығы министрі А.С.Есімовті қабылдады.

Кездесуде билікті орталықсыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды кезең-кезеңімен енгізу, Президенттің 2005 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес мемлекеттік билік органдары өкілеттігін ажырату шаралары талқыланды.

*****

Мемлекет басшысы «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» №145-III, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» №146-III заңдарына қол қойды.

Президент сондай-ақ «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар органдарының медальдары туралы» №129 Жарлығына қол қойды.

 

2007 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Н.Өксікбаевты қабылдады. Ол Парламент қарауына ұсынылған Үкіметтің есебіне қорытындымен, сондай-ақ республикалық бюджет шығындарының қызметтік топтар және бағдарламалар әкімшілері бойынша бөлініп көрсетілген есебімен таныстырды.


Президент қаржылық бақылауды күшейту және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржы тәртібін нығайту қажеттігін атап көрсетті және «Есеп комитеті туралы» заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді, онда комитеттің Парламентпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарының ұстанымы көрсетілуі, сондай-ақ осы орган жұмысының тиімділігін көтеру шарттары белгіленуі тиіс. 

*****

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Р.Т.Түсіпбековті қабылдады.

*****

Мемлекет басшысы Египет Араб Республикасының Президенті М.Х.Мубаракпен телефон арқылы сөйлесті.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

*****

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы Конгресс-холл сарайында өткен атақты қазақстандық сазгер Т.М.Мұхамеджановтың «Махаббат... өмір бойы...» атты шығармашылық кешін тамашалады.

 

2008 ж.: Мемлекет басшысы Атырау облысына жұмыс сапары барысында Жылыой ауданындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында болып, екінші буындағы екі зауытты ашуға қатысты.


Олар сатылуға шығарылатын мұнай өндірісін елеулі арттыруға, табиғи газдың бөлінуін жүзеге асыруға, мұнайды күкірттен арылтып, тұрақтандыруға, сондай-ақ жоғары қаттық қысымды ұстап тұруды демеп, ұңғыманың тиімділігін арттыру үшін қышқыл газды қатқа қайта айдауға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Президент бұл жаңа технологиялық кешеннің Қазақстанның мұнай-газ саласындағы аса ірі кешендердің бірі екендігін атап өтті. Жалпы құны 7 млрд. долларды құрайтын жаңа өндіріс орындары Теңіздегі мұнай өндіруді жылына 13 млн. тоннадан 25 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде «Chevron Corporation» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Д.О’Райлли Н.Ә.Назарбаевқа компанияға көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді және «Теңізшевройл» компаниясының құрылуының 15 жылдығына орай шығарылған естелік белгіні табыс етті. ТШО бас директоры Т.Леви жобалардың кеңейтілуінің ерекше белгісі – екінші деңгейлі зауыттардың пайдалануға берілгенінен кейін алынған алғашқы мұнайды табыс етті. 

*****

Түстен кейін Мемлекет басшысы өз жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.

«JP Morgan Chase» Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Р.Ренвик өзінің компаниясы өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикасына 15 млрд. доллар енгізгенін және алдағы 5 жыл ішінде де одан кем емес көлемде қаражаттар тартуға ниетті екенін хабарлады.

«Лукойл» ААҚ президенті В.Ю.Алекперов Президентпен геологиялық-барлау жұмыстары мен өндіріс көлемін арттыру жөніндегі перспективалық жоспарларды талқылады.

«Access Industries» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Л.В.Блаватник Мемлекет басшысымен Атырау облысында жалпы сомасы 6 млрд. долларды құрайтын заманауи мұнай-химия кешенінің құрылысын салу туралы жоспарымен бөлісті.

«Chevron Corporation» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы – бас атқарушы директор Д.О’Райлли өз компаниясының Қазақстанның батысындағы «Ескене-Құрық» бағыты бойынша мұнай құбыры құрылысына қатысуға мүдделі екендіктерін білдірді. Бұл мұнай құбыры бойынша Теңіз, ал болашақта Қашаған мұнайы да өтетін болады.

«Arselor Mittal» компаниясының бас атқарушы директоры Л.Миттал құны 4 млрд. доллар тұратын сортты прокат өндірісін іске қоса отырып, Теміртау қаласындағы зауыттың өндіріс көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

 

2013 ж.: Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына барып, паркте орналасқан кәсіпорындардың қызметімен танысты.


Президент телекоммуникациялық жабдықтардың өндірісімен, көтерме-талшықты компоненттерді шығарумен, энергия үнемдеу технологиялары, компьютерлік графика және анимация жүйелерімен айналысатын бірнеше отандық компаниялардың өнімдерін аралап көрді. Оған жүз пайыз қазақстандық мазмұндағы бірқатар инновациялық жобалар, сондай-ақ шетелдік компаниялармен бірлескен зерттемелер ұсынылды.


Сапар соңында Мемлекет басшысы өз зерттеме жұмыстарын назарға ұсынған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлектерімен кездесті. 

 

2014 ж.: Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Бодрум қаласында өткен Түркі кеңесінің (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі) IV отырысына қатысты.


Саммитке сондай-ақ Әзірбайжан Республикасының Президенті И.Г.Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті А.Ш.Атамбаев, Түркия Республикасының Президенті А.Гүл және Түрікменстан Президенті Г.М.Бердымұхамедов қатысты.

Саммит барысында Қазақстан Президенті Түркі кеңесін толыққанды интеграцияланған ұйымға айналдыру және жалпы түркі әлемін одан әрі дамыту мақсатында Түркі кеңесін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша Түркі кеңесі IV отырысының декларациясы қабылданды.

Сөйлеген сөзінің мәтіні мұнда ... 

*****

Мемлекет басшысы Түркі кеңесі (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі) IV отырысының жұмысы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Түрікменстан Президенті Г.М.Бердымұхамедовпен кездесуде оның 2013 жылғы 10-11 мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды, сондай-ақ сауда-экономикалық, мұнай-газ, транзиттік-көлік, мәдени-гуманитарлық салалардағы, соның ішінде шекаралық облыстардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.



Түркия Республикасының Президенті А.Гүлмен келіссөздерде Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін нығайтудың басты бағыттары талқыланды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері тілге тиек етілді. 

*****

Мемлекет басшысы Египет Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге оның осы лауазымға сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

 

2015 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстанның астанасында алғаш рет өткен танымал музыкалар саласындағы «Муз-ТВ 2015 сыйлығы» жыл сайынғы ұлттық телевизиялық сыйлығын беру салтанатты рәсімінде болды.


«Астана Арена» стадионында ұйымдастырылған ауқымды музыкалық шоуда заманауи ресейлік және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Іс-шара барысында Н.Ә.Назарбаевқа «Өмірге қосқан үлесі үшін» аталымындағы арнайы сыйлық табыс етілді. 

*****

Мемлекет басшысы Латвия Республикасының Президенті Р.Вейониске оның осы лауазымға сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

 

2017 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Т.Құлыбаевты қабылдап, ол Ұлттық палатаның ағымдағы қызметі, сондай-ақ оның ел өңірлеріндегі іс-қимылы, оның ішінде жұртшылыққа бизнес жүргізу негіздерін үйрету саласындағы жұмысы туралы ақпарат берді. 


*****

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Қ.Мәсімовті қабылдап, ол «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы қарсаңында басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 


*****

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы» №490, «Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы №2967-KAZ Қарыз туралы келісімге (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасы []Маңғыстау облысындағы учаскелер[] - 2-жоба) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы келісім-хатқа қол қою туралы» №491 жарлықтарына қол қойды.

 

Дереккөз: Akorda.kz

 

Оқи отырыңыз:

ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ 

КӨКШЕТАУДА I ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

АЛМАТЫДА «ZHASTAR INVEST» СТАРТАП-ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бөлісу: