ҰБТ кезінде 322 талапкердің нәтижесі жойылды – Руслан Емелбаев

7 Шілде 2022, 13:30 3393

Биыл түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде ҰБТ тапсырды

Биыл 154 мың талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев айтты, – деп хабарлайды El.kz

 Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балды жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 67 пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7пайызға жоғары. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы шекті балл жинай алмаған. Биылғы жылы ҰБТ орташа балы 66 балды құрады. Ал, 120 балдан жоғары көрсеткішті 3179 талапкер алған. 

– Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіштер 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған болатын, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев

 Спикердің айтуынша, барлық бейнежазбалар биылғы жылдың соңына дейін тексерістен өтеді. Егер ҰБТ кезінде ереже бұзылған жағдай орын алса, грант иегерелері оқудан шығарылады.   

– Біз барлық бейнежазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Бейнежазбаны қайта қарау кезінде 15 талапкердің нәтижесі толығымен жойылып, 200ден астам түлектің нәтижесі тексеріліп жатыр, деді Руслан Емелбаев.

Биыл тестілеу алғаш рет «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өтті.

– Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылды. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, түлектердің 76 пайызы қазақ тілінде 24 пайызы орыс тілінде, 213 бала ағылшын тілінде ҰБТ тапсырды.

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: