ҰБТ-да 267 оқушы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

27 Маусым 2022, 16:03 2553

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 220 мың рет тест тапсырылды.

ҰБТ басталғалы шекті балды 68%-ға жуық талапкер жинады. Оның ішінде түлектердің 75,8% – қазақ тілінде, 24% - орыс тілінде, 0,1% - ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

Өткен аптамен салыстырғанда 1%-ға артты. Орташа - 66 балл.

«Тестілеудің алтыншы аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде 160 мың өтініш - бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш - екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 220 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін тапсырып жатыр. ҰБТ 5 шілдеде аяқталады», деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды.

Сонымен қатар сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді.

Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі. Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ереже бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.

Бүгінгі таңда 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 262 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.

Бөлісу: