Ұлыбританияда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына биылдың өзінде-ақ шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы The Times басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.
Газет мәліметінше, үкімет мүдделі тараптармен өтетін жазғы консультациялар аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілерге қатысты жаңа талаптар енгізуге уәде берген. Қарастырылып отырған шаралардың қатарында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу, смартфондарға арналған «коменданттық сағат» енгізу, сондай-ақ шексіз лента айналдыру секілді тәуелділік тудыратын функцияларды шектеу бар.
Оқи отырыңыз:
Сонымен бірге министрлер балалардың чат-боттармен байланысын азайту және порнографиялық контентті көру үшін қолданылатын VPN сервистеріне қолжетімділікті бұғаттау мәселесін де талқылап жатыр.
Мәселе қосымша шара қабылдаймыз ба, жоқ па дегенде емес, нақты қандай қадамға баратынымыз маңызды, – дейді үкіметтегі дереккөз.
Премьер-министр Кир Стармердің Даунинг-стриттегі резиденциясында өткен отырыстар тыйымның қалай іске асатынын нақтылау үшін қажет екені айтылған. Алайда жексенбі күні жарияланған өзгерістер министрлерге жаңа заңның толық қабылдануын күтпей-ақ әрекет етуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта үкімет балалардың әл-ауқаты мен мектептегі білім беру жүйесіне қатысты заң жобасына өз түзетулерін енгізбек. Себебі құжат келесі айда Қауымдар палатасына қайта оралғанда, билік партиясының кейбір мүшелері бастамаға қарсы шығуы мүмкін. Ұсынылған түзету министрлерге «Генрих VIII өкілеттігін» береді. Ал бұл дегеніміз парламент не соттың толық бақылауынсыз заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізуге жол ашады. Даунинг-стриттің түсіндіруінше, мұндай тетік технологияның тез өзгеруіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді, әйтпесе әдетте жаңа заңды жылдар бойы күтуге тура келеді.
Айта кетейік, интернет қауіпсіздігі туралы заңның өзі 2025 жылдың шілдесінде күшіне енгенімен, оны қабылдауға бес жылдан астам уақыт қажет болған.
Бұл тақырып былтырдан бері Қазақстанда да қайта-қайта талқыланып жатыр. Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Естеріңізде болса, бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен медиасфераны реттейтін бірқатар заң жобасын дайындаған. Негізгі бастамалардың бірі – кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу және пайдаланушылардың жасын тексеру тетігін енгізу. Ұсынылған түзетулер сараптамадан өтіп, қазір қоғам талқысына шығарылған.
Сонымен қатар Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда осы мәселе қайта көтерілді. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілердің жас ұрпақтың ойлау жүйесіне тигізіп жатқан әсеріне назар аударды. Оның айтуынша, қазақстандық балалар арасында клиптік ойлау басым болып, сыни әрі аналитикалық ойлау дағдылары жеткілікті дамымай отыр. Осыған байланысты депутат 14-16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Ұқсас бастама көрші Тәжікстанда да айтылды: онда 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу ұсынылған. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бірі мұны балаларды қорғаудың қажетті жолы десе, енді бірі мұндай шектеулердің тиімділігіне күмәнмен қарайды.
Сонымен қатар ата-аналар қазірдің өзінде баласының интернеттегі уақытын бақылауға мүмкіндік алды. Мәселен, Google ұсынған Family Link тегін қосымшасы арқылы экран алдында өткізетін уақытты шектеуге, жүктелетін қосымшаларды қадағалауға және қаралатын сайттарды бақылауға болады.