Британиялық бокс аңызы Рикки Хаттон Манчестердегі өз үйінен өлі табылды. Екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған ол Ұлыбритания тарихындағы ең мықты былғары қолғап шеберлерінің бірі саналады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Біз 14 қыркүйек, жексенбі күні таңғы сағат 6:45-те Джи-Кросс ауданындағы Боулэйкр-роуд мекенжайында ер адамның денесі табылғанын растаймыз. Қайтыс болу оқиғасы күдікті жағдай ретінде қарастырылмайды, – делінген құқық қорғау органдарының хабарламасында.
Талай рет әлем чемпионы атанған Рикки Хаттон алғашқы атағын 2005 жылы ресейлік Костя Цзюді жеңіп иеленген. Ол кездесу Цзюдің кәсіби мансабындағы соңғы жекпе-жегі болды.
Хаттон бірінші жартылай орта салмақта Халықаралық бокс федерациясының (IBF), Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) және Халықаралық бокс ұйымының (IBO) белбеулерін иеленді. Бұған қоса, ол жартылай орта салмақта да WBA мен IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жарыс жолында өткізген 48 жекпе-жектің 45-інде жеңіске жетіп, оның 32-сін нокаутпен аяқтады.
«Хитмэн» деген лақап атпен танылған Хаттон 2012 жылы украиналық Вячеслав Сенченкодан жеңілген соң мансабын аяқтады. Биылғы 2 желтоқсанда ол Дубайда кезекті кездесу өткізуі тиіс еді және соған қызу дайындалып жүрген.