Британдық Қазақстанға жер аударылған әжесін іздеп Ақтөбеден бірақ шыққан

18 Наурыз 2019, 03:13 2657

Британдық Майкл Даниэль Сагатис 1940 жылы Батыс Белоруссиядан Қазақстанға жер аударылған нағашы әжесінің ескі хаттарын тауып алған. Әжесінің ұлты – поляк. Өз отбасының тарихын зерттеу үшін ол бірнеше елді аралаған әрі оны медиажобаға айналдырған.

Сагатис Лондонда дүниеге келген, бірақ 10 жасында оның отбасы Уэльске көшіп барған. Сагатис 2015 жылдан бері өз әулетінің тарихын зерттеуде. Үш жыл бұрын туыс апайы қайтыс болып, әкесі екеуі ол кісіден қалған заттарды қарап шығуды ұйғарған. Соның арасынан нағашы әжесі Юзефа Буйдова ескі поляк тілінде жазған 25 хат бумасын тауып алған. Сагатис Юзефа Буйдоваға жиеншар болып келеді.

1940 жылы сәуірде оны Белоруссияның 1939 жылы СССР құрамына кірген бөлігі-поляктардың байырғы атамекенінен Қазақстанға депортациялаған. Буйдованың жасы сол кездің өзінде 76-да болған. Совет үкіметі поляктарды шекара маңы аймақтарынан «сенімсіз элементтерді» көшіру бағдарламасы аясында жер аударған. Қазір поляктардың мәжбүрлі қоныс аударуы – Кеңес үкіметі жүргізген саяси репрессиялардың бірі деп танылған. Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында Майкл Сагатис өзінің жобасы туралы айтып берді.

Зерттеуімді Берлинде бастадым, ол жақта бір жыл тұрғанмын. Табылған хаттарды аударуға лингвист мамандар көмектесті. Бұған қоса, туыстарына жолығып, Юзефаның өмірі туралы сұрадым. Бір жылдан кейін ол кісінің қандай адам болғанын өзін көргендей елестете алатын болдым.

«Ол кісі өте мықты әйел болыпты. Қазақстанға бірге депортацияланған өзі сияқты қарт поляктардың ішінен тірі қалған жалғыз адам екен. Туыстарының естеліктері мен Юзефаның хаттарынан оның қандай мықты кісі болғанын ұғынғандаймын. Алты баласы болған. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын көрген. Бала-шағасына өмірінің ақырына дейін, тіпті алыста жүріп те бас-көз болған. Есейіп кеткен балаларының өзіне нұсқау беріп, жөн сілтеп отырған. Қартайған шағында қиыр шетке, жат ортаға жер аударғанына қарамастан Юзефаның сағы сынбаған, рухы түспеген.

Әжесі Ақтөбеге депортацияланған. Ол кісінің Алоиз Буйдо деген баласы полицей болып жұмыс істепті, НКВД (СССР ішкі істер халық комиссариаты) оның сол үшін тұтқындаған көрінеді. Юзефаның өзге балалары қашып үлгерген. Ал күйеуі сол кезде марқұм болып кеткен. Өзін Қазақстанға жалғыз әкеткен. «Мемориал» құқық қорғау қоғамы материалдарынан түсінгенім - Юзефаны сатқынның шешесі ретінде жер аударған.  Ақтөбеде киім-кешек тіккен, ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. Ол кісінің қандай қиын жағдайда өмір сүргенін сақталып қалған хаттарының арқасында елестете аламыз. Мысалы, ол өзге поляктармен бірге орналастырған баракта тұрғаны үшін бес айға 500 рубль төлеуі тиіс екенін жазған.

Ол  хаттарында балаларына көбінесе көмек сұрап жазған. Азық-түліктің, өзге де заттардың бағаларын да сипаттаған. Мысалы, сол кезде Ақтөбеде пима - 200 рубль, жарты литр сүт - бес рубль, еттің бағасы 20 рубль болған екен. Жылу үшін айына 20 рубль төлеткен. Бір хатында балаларынан көліктерін сатып, ақшасын жіберуді сұраған. Бұдан бөлек, Юзефа «дәмін есіме түсірейін» деп балаларынан сало (шошқаның майы), бал, итбүлдірген, жарма жіберуді өтінген. Ол кісінің мінезінің адуынды болғаны хаттарынан да байқалып отырады. Әдетте шешесі балаларына бұлай жазбайды ғой, бірақ ол кісіні жоқшылық мәжбүрлеген.

Юзефа балаларынан хат алмағанын уайымдаған, олардан «жиірек жазып тұрсаңдаршы» деп өтінген. Соңғы хаттарында денсаулығы сыр беріп жүргенін жазған. Денсаулығы барған сайын нашарлап, жөтелгенде қан түкіре бастаған. Меніңше, ол 1942 жылдың аяғында я болмаса 1943 жылдың басында туберкулезден қайтыс болған сияқты.

Тағы бір көрмені Будапеште өткізген болатынмын. Көрмеге келушілердің бірі «Қазақстанға да баратын шығарсыз?» деп сұрады. Әуелде бұл жайлы онша ойланбадым. Бірақ әлгі сұрақтан кейін баруым керек деп шештім. Өткен жылы желтоқсанның аяғында Ақтөбеге барып, көрме ұйымдастыруды ұйғардым. Ақтөбе мен Қазақстан жұрты мені қайран қалдырды. Жолға шығарда мұндай қонақжайлылық көремін деп мүлде ойлаған жоқпын. Бірақ жолымда ұшырасқан адамдардың қолдауына, кең пейіліне тәнті болдым, мұны ешқашан ұмытпаймын. Ақтөбеге барғанымның арқасында көрме де, бүкіл жоба да тың деректермен толықты.

Мысалы, түп нағашым орыс екенін білдім. Демек менің қанымда ирландтың, литванның, поляктың және орыстың қаны бар болып шықты. Жер аударылып барған соң біраздан кейін Юзефаны Ақтөбе түбіндегі бір ауылға көшіріпті. Мұны Поляк мәдени орталығының көмегінің арқасында анықтадым. Бұған қоса, ол кісі Қызыл Крест ұйымынан гуманитарлық көмек алып тұрыпты. Тамыздың аяғында Юзефа тұрған ауылға тағы бір мәрте бармақпын. Бәлкім, бұл жолы зиратын тауып қалармын. Қыста барғанымда қалың қардан таба алмай кеткенмін.

Сапарымның тағы бір маңызды мәні болды. Юзефа туралы хикаяны естігеннен кейін жергілікті билік саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемориал ашуды ұйғарды. Олар ең үздік дизайнға конкурс жариялап, айналдырған үш айдың ішінде ескерткіш орнатты. Қазір ол Ақтөбедегі орталық алаңда тұр.

Басты мақсат – туыстарының тағдырымен байланысты тарихи оқиғалардың адамға қазір де әсер етуі мүмкін екенін көрсету. Ал мұны түйсініп, ақиқатқа жетуге құлық танытпасаң, тарих салған жаралар жағымсыз әсер етуі мүмкін. Әкесі, яғни Юзефаның жиені де, әжесі туралы ештеңе білмеген. Бірақ бұл бір отбасының тағдырын ғана баяндайтын жоба емес. Бұрын ешкім білмеген фактілер тарихты тануға көмектеседі.

«Святло» поляк этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Елена Цибульская, Юзефа тұрған үйді табуға көмектесті. Бұрын бұл жерде барактар болған, ал қазір соның орнында көп қабатты үйлер орналасқан. Поляк орталығында Майклдың үлкен әжесін қай зиратқа жерленгенін көрсетті, бірақ қыста зиратты табу қиын, сондықтан британдық Майкл жазда қайтып келуге ниет білдірді.

Бөлісу: