02.10.2025
23:43
457
Бразилия мен Аргентинада мұз дәуірінде қазылған туннельдер табылды

Бразилия мен Аргентинада мұз дәуірінде қазылған туннельдер табылды

Бразилия мен Аргентина аумағында мұз дәуірінде өмір сүрген алып жерүсті жалқауаңдар қазған болуы мүмкін жерасты туннельдері табылды. Бұл туралы Daily Galaxy-ге сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, палеонорлар деп аталатын бұл жолдар табиғи геологиялық құбылыстарға немесе адам қолына тән емес: олардың қабырғалары тегіс, төбелері күмбез тәрізді, ал тастарда тырнақ іздері сақталған. Кейбірінің ұзындығы 600 метрге жетеді. Осындай 1500-ден астам нысан тіркелген.

Алғашқы туннельдерді геолог Генрих Франк Риу-Гранди-ду-Сул аймағында құрылыс инспекциясы кезінде байқап қалған. Оның сөзінше, бұл жерлерді эрозия да, лава ағыны да, адам да қалыптастыра алмаған.

Бұл – үңгір емес. Олар қазылған, – дейді ғалымдардың бірі.

Зерттеушілердің болжамынша, бұл норларды пілдің көлеміндей болған алып жалқауаңдар қазған. Олардың алып алдыңғы аяқтары мен иілген өткір тырнақтары топырақ қазуға өте ыңғайлы болған.

Ғалымдар туннельдер жануарларға тек паналау емес, температураны реттеу, ұрпақ өрбіту, тіпті бірнеше буын бойы бірлесіп өмір сүру үшін қызмет еткен болуы мүмкін деп санайды.

Бұған қоса, АҚШ-тағы Уайт-Сэндс ұлттық паркінде адам мен алып жалқауаңдардың іздері табылды. Кейбір іздер жануарлардың қашқанын немесе қауіп сезінгенін көрсетеді. Зерттеушілер мұны плейстоцен дәуіріндегі аңшылық көріністің ерекше дәлелі деп отыр.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай табылған палеонорлар бізге қазба қалдықтарынан ғана емес, ежелгі жануарлардың мінез-құлқынан да сыр шертеді.