30.07.2025
13:18
705
Brainrot феномені. Көгершін түймесі мен адам санасы арасындағы параллель

Brainrot феномені. Көгершін түймесі мен адам санасы арасындағы параллель

Соңғы жылдары интернет кеңістігінде таралып жатқан мультимемдер мен TikTok форматындағы қысқа видеолар балаларға арналған көңіл көтеру құралы ғана емес, саналы түрде қалыптасқан манипуляция мен санаға шабуылдың құралына айналып бара жатқандай. Бұл үрдісті сипаттайтын термин – «brainrot», яғни «мидың шіруі». Бұл сөз 2024 жылы Oxford сөздігі бойынша жыл сөзі атанды. Термин сананың жүктемеге ұшырауы, ойлау қабілетінің әлсіреуі және сапасыз ақпараттың артық мөлшерде тұтынылуынан туындайтын когнитивті құлдырау ұғымын білдіреді.

Цифрлық дәуірдің қарқыны адамзат санасына бұрын-соңды болмаған сынақтар әкелді. Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйенсек, адамның оперативті жады — яғни, ақпаратты қысқа мерзімде есте сақтау қабілеті — соңғы 30 жылда 15–20 минуттан небәрі 7 минутқа дейін қысқарған. Бұл — өте алаңдатарлық көрсеткіш. Себебі біз ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны өңдеу мен талдау арқылы саналы әрекетке көшеміз. Ал оперативті жадының әлсіреуі — саналы әрекетке, күрделі ойлауға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі. Цифрлық ортада дүниеге келген Z ұрпағының (1997–2012 жылдары туғандар) миы сәбилік шағынан бастап экрандық контентке бейімделген. Соның салдарынан бұл ұрпақ өкілдерінің оперативті жады 5 минутқа дейін ғана ақпаратты ұстап тұра алады. Бұл дегеніміз — бала көрген немесе оқыған бір дүние санада ұзақ тұрақтамайды, тез ұмытылады, ал орнына жаңа, бірақ тағы да үстірт ақпарат келеді. Мұндай айналым адам психикасына салмақ түсіріп қана қоймай, когнитивті шаршау, ұдайы алаң күй, терең ойлануға қауқарсыздық сынды белгілерге ұласады.

Кітап оқуға кірісіп, бір абзацтан соң-ақ телефон экранына үңіліп кету, не болмаса жазу жазып отырып, ойды жинақтауға тырысқанда TikTok-тан көрген бейнекөріністің ойға килігуі - бәрі ақпараттық жүктемеден және назардың үстірттенуінен туындайды. Бұл - күн сайын миллиондаған адамның басынан өтетін қалыпты жағдайға айналды. Психологтар мұны цифрлық гиперназар деп атайды. Ми әрдайым жаңа, түрлі-түсті, қарқынды бейнелерге бейімделіп қалған соң, жай, бір сарынды мәтін немесе ұзақ логикалық тізбекті қабылдай алмайды. Бұл құбылыс шығармашылық тежелу, күрделі шешім қабылдаудағы қиындықтар, тіпті оқу үлгерімінің күрт төмендеуімен тығыз байланысты.

Microsoft компаниясының 2022 жылғы зерттеуіне сәйкес, орташа адам назарын тек 8 секундқа ғана шоғырландыра алады. Бұл көрсеткіш балықтың зейінінен де төмен (олар 9 секунд есте сақтай алады).  Америкадағы Common Sense Media ұйымының мәліметінше, 13–18 жас аралығындағы жастар күніне орта есеппен 7 сағаттан астам уақытын экран алдында өткізеді, оның 60%-ы бейнеконтент көруге бағытталған. Pew Research Center дерегінше, жасөспірімдердің 57%-ы әлеуметтік желіні шектен тыс қолданатынын біле тұра, бас тарта алмайды.

Brainrot дегеніміз не?

Brainrot — қазіргі интернет мәдениетіндегі ең өзекті және даулы ұғымдардың бірі. Бұл термин 2024 жылы Оксфорд сөздігі тарапынан «Жыл сөзі» ретінде таңдалды, себебі ол Gen Z және Gen Alpha буындарының цифрлық өмір салты мен тілдік ерекшеліктерін сипаттайды. Мысалы, «Italian brainrot» деп аталатын мемдер TikTok-та кеңінен таралып, жасөспірімдер арасында танымал болды. Жыл сөзі онлайн дауыс беру арқылы анықталып, оған 37 мыңнан астам адам қатысқан. Алты сөздің ішінен «brain rot» ең көп дауыс жинап, 2024 жылдың басты сөзіне айналды. Бұл науқанның мақсаты – жыл бойындағы әлеуметтік-когнитивтік трендтерді көрсету. Бұған дейінгі жылдары Oxford сөздігі «rizz» (тартымдылық, харизма) және «climate emergency» (климаттық төтенше жағдай) сөздерін үздік деп таныған еді. Oxford University Press бұл терминнің танымал болуы адамдардың қазіргі цифрлық өмір салтына деген алаңдаушылығымен байланысты екенін айтады. Қысқа, жиі мағынасыз бейнелер адамның миына үнемі дофамин бөлуге әсер етіп, нәтижесінде күрделі ақпаратты қабылдау қабілеті әлсірейді. Мамандар мұндай контенттің көп тұтынылуы ұзақ мерзімді зейіннің азаюына, эмоционалдық тұрақсыздық пен ойлау жүйесінің қарапайымдануына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

«Brain rot» – жай ғана интернет-сленг емес, заманауи қоғамның менталды денсаулығына қатысты күрделі мәселелердің көрінісі. Оның «жыл сөзі» атануы – жастардың санасын торлаған цифрлық тәуелділікке қарсы көзқарасты қалыптастыруға итермелейтін ескерту десек, артық айтқандық емес. Бұл сөздің таңдалуы арқылы тіл мен мәдениет технологиялық дамуға жауап беріп отыр.«Brainrot» (немесе «brain rot») — интернет сленгінде адамның ойлау қабілетінің, зейіннің және эмоционалдық тұрақтылықтың төмендеуін білдіретін термин. Бұл көбінесе TikTok, YouTube Shorts, Instagram Reels сияқты платформалардағы қысқа әрі мағынасыз контентті шамадан тыс тұтынумен байланыстырылады.

«Brain rot» термині алғаш рет 1854 жылы әйгілі ойшыл әрі жазушы Генри Дэвид Тороның «Walden» атты еңбегінде қолданылған. Ол кезде бұл сөздің мағынасы адам санасының, ойының тоқырауын білдірсе, қазіргі қолданыста ол интернет пен әлеуметтік желілердегі мағынасыз ақпараттың әсерінен зияткерлік деградацияны сипаттайды.

Oxford Languages президенті Каспер Гратволь бұл сөздің маңызын:  «Brain rot цифрлық өмірдің ықтимал қаупі мен адамдардың бос уақытын өткізудің тәсілдері туралы мәдени дискуссияның келесі кезеңіне назар аударады. Бұл терминнің кең қолдау тапқаны таңқаларлық емес», – деп атап өтті.

Қазіргі таңда TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сияқты платформаларда шексіз қысқа видеолар легі адамның зейіні мен танымдық функциясына кері әсер ететіні туралы ғылыми қауымдастық та дабыл қағуда.

Жыл сөзі ретінде таңдалған тағы бір ұғым – Dictionary.com ұсынған «demure» сөзі. Бастапқыда «ұялшақ», «сыпайы» деген мағына беретін бұл сөз 2024 жылы интернет-мемдер арқылы екінші тынысын ашты. Бұл тілдің тек формалды ғана емес, мәдени және виртуалды кеңістіктегі дамуынан хабар береді. 2024 жылы «brainrot» терминінің қолданылуы 230%-ға артты. Орташа ересек адам күніне 3,5 сағат, ал Gen Z өкілдері 4,5 сағат әлеуметтік желілерде уақыт өткізеді. Күн сайын пайдаланушылар телефондарын орта есеппен 58 рет тексереді, оның 30-ы жұмыс уақытында орын алады.

Мультимемдер: күлкі артындағы қауіпті кодтар

TikTok-та кең тараған Trallalero Trallalla, Bombardino Crocodilo, Bombombini Gusini, Tung Tung Sahur, Ballerina Cappuccina сынды кейіпкерлер – балалар үшін әзіл-оспақ, визуалды әсерге толы көңілді бейнелер болып көрінуі мүмкін. Бірақ сарапшылар мен желі белсенділері бұл мультимемдердің артында астарлы мағына жатқанын анықтауда.

Trallalero Trallalla мен Bombardino Crocodilo кейіпкерлері бастапқыда бейкүнә әрі көңілді көрінгенімен, интернет қауымдастығында олардың діни келемеж не соғысқа қатысты метафоралық символ екенін айтуда.  Bombardino Crocodilo – кей желі қолданушыларының пайымынша, Палестинадағы жағдайға сілтеме жасап, бомба тастап мәз болған жау бейнесі ретінде көрінеді.  Trallalero Trallalla – діни символиканы қорлау мақсатында пайдаланылған деген пікір бар. 

Бұл арандатушы контенттерде жасанды интеллект көмегімен жасалған түсініксіз, бірақ вирустық сипаттағы мазмұн басым. Айтылуы оңай, есте қалғыш сөздер мен тартымды визуал – балалардың назарын оңай жаулап алады. Бірақ тәрбиелік, танымдық құндылығы мүлдем жоқ.

Мұндай контенттің таралуы цифрлық кеңістіктің бақылаусыздығын көрсетеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бағытталған контентте діни, саяси астарлы әзілі бар бейнелер, қоғамдық құндылықтарды мазақ ететін тұстар, вирустық, мағынасыз, бірақ тартымды сөз тіркестері арқылы санаға ену жолдары байқалады.

Сарапшылар ата-аналар мен мемлекет тарапынан цифрлық медиасауаттылықты арттыру, контент сүзгілеу, балаларға арналған баламалы, сапалы контент ұсыну шараларын күшейтуді ұсынады. Қазіргі ақпараттық ғасырда «brainrot» тек термин емес, ұрпақ болашағы үшін дабыл. Trallalero Trallalla мен Bombardino Crocodilo сынды бейкүнә көрінетін бейнелердің өзінде тұтас бір идеологиялық жүк жатуы мүмкін. Сондықтан, күлкі мен әуезді әуенге жасырылған мағынасыз не зиянды мазмұнды дер кезінде тану – баланың санасын аман сақтаудың басты жолы.

Психологиялық әсері

«Brainrot» феномені мидың когнитивтік функцияларына теріс әсер етуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, қысқа әрі мағынасыз видеоларды шамадан тыс көру зейіннің төмендеуіне, ақпаратты өңдеу қабілетінің нашарлауына және эмоционалдық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. «Brainrot» — қазіргі цифрлық дәуірдің шындығын бейнелейтін ұғым. Ол жастардың интернеттегі өмір салты мен тілдік ерекшеліктерін сипаттайды. Алайда, оның когнитивтік және эмоционалдық әсерлерін ескере отырып, саналы түрде контент тұтыну маңызды.

Аталған сөздің тарихы да тереңде жатыр. 1854 жылы америкалық жазушы Генри Дэвид Торо өзінің «Уолден немесе ормандағы өмір» атты еңбегінде: «Англия шіріген картоп індетін емдеуге тырысып жатыр. Бірақ ешкім мидың шіруін тоқтатуға ұмтылып жүрген жоқ – ал бұл індет одан да кең таралған, одан да қауіпті», – деп жазған. Торо бұл жерде ақпараттың, қоғамның, сана деңгейінің құлдырауын меңзеген. Ал бүгінгі цифрлық ғасырда бұл қауіп бұрынғыдан да өзекті.

Өткен ғасырдың 50-жылдары американдық психолог Б.Ф. Скиннер жүргізген бір тәжірибе ғылымда үлкен жаңалық әкелді. Ол көгершіндерге арнайы түйме орнатып, оны басқан сайын құсқа жем берілетіндей жүйе құрады. Ең қызығы – егер жем белгілі бір уақыт сайын тұрақты берілсе, көгершіндер сол уақытты күтіп, түймені қажетті мезетте ғана басатын болған. Ал сыйақы кездейсоқ, кейде ғана берілетін жағдай туындағанда, құстар түймені тоқтамай баса берген. Себебі олар кез келген сәтте жем түсуі мүмкін деген үмітпен әрекетті шексіз қайталап отырған.

Бұл принцип бүгінде әлеуметтік желілердің жұмыс істеу механизміне айна-қатесіз ұқсайды. Instagram, TikTok, X (бұрынғы Twitter) сияқты платформалардағы «лайк», «реакция», «хабарлама» сынды сигналдар – сол кездейсоқ түсетін «жемнің» баламасы. Қолданушы кезекті бейнебаяннан немесе жазбадан не көретінін білмесе де, жаңасын ашуға ынтығып тұрады. Себебі бір күні қызықты бір дүние кездесіп қалуы мүмкін деген күтпеген «сыйақы» мидың дофамин жүйесін белсендіріп, сол әсерді қайта-қайта іздетеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, brainrot – адамның зейіні мен танымдық қабілетіне шексіз әрі мағынасыз ақпараттың кері әсер етуі. Бұл тек зейіннің бөлінуі ғана емес, сананың күресі: адам шоғырлануға тырысқанымен, назарын үнемі бөлетін сыртқы тітіркендіргіштер бұған мүмкіндік бермейді. Соның нәтижесінде адам ақпаратты тұтас қабылдай алмайды, терең ойлану қабілеті төмендейді, шығармашылық тежеледі.

Жаһандық зерттеулер бұл құбылыстың балалар мен жасөспірімдерге ерекше әсер ететінін көрсетті. 2023 жылы TikTok пайдаланушыларының 60%-ы 18 жасқа толмағандар екені анықталды. Олардың орташа қолдану уақыты – күніне 95 минут. Қазақстандық 10-15 жас аралығындағы оқушылар арасында жүргізілген сауалнамада 82% TikTok-ты күніне 1 сағаттан артық қолданатынын мойындаған. Ал 40%-ы бір күнде 50-ден астам қысқа видео көреді екен.

Көбіміз үшін әлеуметтік желідегі шексіз лентада уақыт өткізу – қалыпты іс. Алайда сырт көзге бейкүнә көрінетін бұл әрекеттің астарында когнитивті тоқырау, қысқа мерзімді жадының әлсіреуі, уақыт пен эмоцияны басқарудың бұзылуы, тіпті жалпы тұлғалық деградация жатыр.

Скиннердің көгершіні тоқтаусыз түйме басып жем күтсе, қазіргі адам смартфон экранына телміріп, сол «ақпараттық дәннің» артынан шексіз жүгіріп жүр. Бұл – технологияның адам миын бейімсіз жағдайға бейімдеуінің бір көрінісі.

Шектеу қою ма, саналы қолдануға үйрету ме?

Соңғы жылдары елімізде TikTok-қа қатысты түрлі пікірлер айтылып, тіпті бұл платформаны бұғаттау туралы бастама көтерілді. 2023 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің мінберінде осы мәселе ресми түрде қозғалды. Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан бұл тұрғыда былай деген болатын:  «Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия сынды елдер балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, TikTok-қа шектеу қою туралы шешім қабылдады. Қызығы, бұл платформаның өзі шыққан Қытайда TikTok қолжетімді емес. Біз де осы мәселені шұғыл қарастыруымыз керек. Себебі TikTok-ты шектен тыс қолданудың психологиялық, әлеуметтік және оқу үлгеріміне әсері айтарлықтай».TikTok желісінің әсерінен балалар білімге немқұрайлы, әлеуметтік оқшауланған, агрессия мен тәуелділікке бейім бола бастағаны туралы ата-аналар жиі дабыл қағуда. Түрлі блогерлер мен қоғам белсенділері де мәнсіз, мағынасыз трендтердің кең тарауына алаңдап, тиісті органдардан нақты шешім қабылдауды талап етті.

Сондықтан да бұл мәселеге Бала құқықтарын қорғау комитеті назар аударып, жас ұрпақтың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты шешім қабылдайды деген үміт зор. Дегенмен, мәселе платформаның өзінде емес, оны қалай және қандай мақсатта қолдануда екенін ұмытпаған жөн. TikTok – қуатты құрал. Ол арқылы білім таратуға да, пайдалы дағды қалыптастыруға да, шығармашылықты дамытуға да болады. Бірақ қазіргі шындық – бұл желіде санасыз тұтыну басым, ал бұл – қауіпті үрдіс. Сондықтан да мәселенің шешімі – тыю емес, тәрбие беру, шектеу емес, саналы қолдануды үйрету. Контент жасаушылар да, тұтынушылар да, әсіресе ата-аналар мен педагогтар — бәрі бірлесе әрекет етуі тиіс.…

TikTok – бүгінгі күннің медиа кеңістігіндегі шындық. Онымен күресу емес, оны тиімді пайдалануға бейімдеу – қазіргі ақпараттық дәуірдегі ең өзекті міндеттердің бірі. Бұл жерде тек мемлекет емес, әр отбасы, әр азамат, әр қолданушының ұстанымы маңызды.

Не істеу керек?

Brainrot – бүгінгі цифрлық қоғамның нақты диагнозы. Бұл үрдісті тоқтату үшін цифрлық сауаттылықты арттыру, ақпараттық гигиена мәдениетін қалыптастыру, әсіресе балалар мен жастарға саналы тұтыну мәдениетін үйрету қажет. Әлеуметтік желілермен күресу емес, оларды ақылмен пайдалану жолын ұсыну – ең ұтымды шешім. Мамандар бұл қиындықтан арылудың бірнеше жолын ұсынады. Мәселен:  Цифрлық диета – күніне экран алдында өткізетін уақытты шектеу. «25 минуттық фокус» әдісі – Pomodoro техникасы бойынша 25 минут бойы тек бір тапсырмамен айналысып, 5 минут үзіліс жасау. Жазу мен кітап оқу – терең назар мен ұдайы ойлауды қажет ететін әдеттерді қалпына келтіру.Ақпараттық «детокс» күндері – аптасына бір күнді мүлде гаджетсіз өткізу.

Оперативті жадының әлсіреуі — жай ғана технологиялық жанама әсер емес. Бұл — адамзаттың саналық деградациясының алғашқы белгілері. Ал бұдан шығудың жолы — технологиямен күресу емес, оны тиімді басқаруға үйрену. Себебі, ақыл-ойымызды ақпараттың ағынында жоғалтсақ, болашағымызды да сол ағынға жұтқызуымыз мүмкін.

Көне тәжірибеден бастап қазіргі заманауи феноменге дейін созылған бұл сабақ бізге бір нәрсені ұғындырады: технологияны біз басқармасақ, ол бізді басқарады. Ал ми шірімес үшін – оны қажетсіз ақпараттан тазарту, сананы тыныштандыру және шынайы өмірге назар аудару ауадай қажет.