Бүгін Көлік министрі Марат Қарабаев Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Еркін форматта облыс тұрғындарымен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзырына жататын және Қазақстанның батыс өңірлеріне қатысты сұрақтарға барынша ашық жауап берді. Халықпен кездесуден кейін министр азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс тұрғындарының сауалдарының негізгі бөлігі жөндеу жұмыстары мен жолдардың жай-күйіне қатысты болды. Көлік министрі өңірдегі негізгі жол жобалары аяқталуға жақын екенін хабарлады. Мәселен, жалпы ұзындығы 142 шақырымды құрайтын «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» республикалық тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Мамандар жолдың барлық ұзындығына жаңа асфальт төсеп, жол жиектерін бекітті. Жол ағымдағы жылы қазан айының соңында халыққа пайдалануға беріледі. Ұзындығы 103 шақырымды құрайтын «Өнеге-Бисен-Сайхын» тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл жол қараша айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Осылайша, жолдар пайдалануға берілгеннен кейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың көрсеткіш пайызы 90 %-дан астам болады.
«Подстепное-Федоровка» жолының учаскелерінде жұмыс мерзімінен бұрын жүргізілуде. Республикалық желіге 72 шақырым жол кіреді. Жұмыстарды толық аяқтау келесі жылға жоспарланған. Жол II техникалық санатқа сәйкес болады.
Сондай-ақ, министр орташа жөндеу жұмыстарын кеңейту бағдарламасы аясында «Атырау-Орал» тас жолы ретке келтірілетінін айтты.
Сонымен қатар, тұрғындар бұған дейін Орал мен Астана бағытында «Тальго» вагондарын іске қосуды сұраған еді. Мәселе оң шешімін тауып, пойыз 18 қыркүйектен бастап жүреді. Билеттер сатылуда.
Өңір тұрғындары авиация мен Орал қаласының әуежайын одан әрі дамыту бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, қазіргі уақытта Орал қаласы әуежайының басшылығымен 2028 жылға дейін әуежайды дамыту бойынша инвестициялық бағдарлама мен жоспар дайындалды. Сонымен қатар, перронды қайта құру жобасы әзірленді.
Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласының әуежайында 47 рейс орындалады, оның ішінде 40 ішкі және 7 халықаралық рейс.
"Air Astana" әуекомпаниясы Астана мен Алматы бағытында қатынайтын әуе кемесін
ауыстырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тасымалдау сыйымдылығын 50% - дан астам ұлғайтуға мүмкіндік берді.