БҚО-дағы Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккен 50 отбасы баспаналы болды

2 Маусым, 03:30 759

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккен 66 отбасыға баспана сатып алу көзделген болатын. Балалар күні 50 отбасы пәтерлеріне қоныс аударды. Қалған 16 тұрғынға жақын уақытта баспана сатып алынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы ана Ләйлә Жұмағалиева сатып алынған пәтеріне кіріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек үшін алғысын білдірді.

Су тасқыны салдарынан Бөрлі ауданы Пугачев ауылындағы үйіміз жарамсыз болып қалды. Комиссияның қорытындысы бойынша Ақсай қаласынан үй сатып алуға келістік. Төрт бөлмелі пәтерге кіріп отырмыз. Енді қуанышымызда шек жоқ. Қолдауы үшін бірінші кезекте Президентімізге алғыс білдіреміз- деді Ләйлә Жұмағалиева.

Бұдан өзге су тасқынан зардап шеккен аудан тұрғындарына 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік төлем берілді, Бүгінде Бөрлі ауданы бойынша тұрмыстық заттар мен жиһаздардың шығынын өтеу үшін 168 отбасыға 63 млн теңге көлемінде қаржы төленді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Бөрлі ауданы бойынша 60 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоспарға сәйкес әр үйдің ауданы 80 шаршы метр болады. Ал облыс бойынша су тасқынынан зардап шеккен аудандарда 401 тұрғын үй салынуда. Облыстың Теректі ауданында - 5 үй, Бәйтерек ауданында - 2 үй сатып алынды. Ал Орал қаласындағы жалғыз баспанасы болып есептелетін, үйлері апатты деп танылған саяжай тұрғындарына алдағы уақытта жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: