Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды. Бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, оқиға 7 қаңтар күні Бәйтерек ауданы Янайкин ауылы тұсында болды.
Орал-Атырау жолының 62-шақырымында сағат 13.30-да «Шевроле Нексиа» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Салдарынан «Тойота Ипсум» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысуға жол берген. Жол апаты салдарынан қос автокөліктің жүргізушісі мен «Шевроле Нексиада» отырған жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оған қоса зардап шеккендер облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.