БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге баспаналар беріле бастады

4 Маусым, 20:51 799

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарына алғашқы баспаналар беріле бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Орал қаласында су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған 52 саяжай тұрғыны баспаналы болды. Жаңа пәтерлер демеушілер қаржысына алынды.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, көмегін беруде.

Батыс Қазақстандық Ризабек Айтқалиевтың саяжайдағы жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылған.  Бүгін ол жаңа пәтеріне кіріп, мемлекеттің қолдауына алғысын білдірді.

Жұбайымыз екеуміз 2-ші саяжай учаскесінде тұрдық. Су тасқыны кезінде жалғыз үйіміз суға кетті. Мемлекет бізді далада қалдырмады. Бүгін міне жаңа пәтерге қоныстанып отырмыз. Президентімізге рақмет»- деді Ризабек Айтқалиев.

Жаңа қоныс иелерінің бірі – Ералиева Рита. Бұл жанұяның да қуанышында шек жоқ.

Қиын күндер артта қалды. Жақсылықтан үмітімізді үзбедік. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау бізге демеу болды, -деді ол.

Осылайша Орал қаласында жалғыз баспанасы болып есептелетін, үйлері апатты деп танылған саяжай тұрғындарына алдағы уақытта жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Зарина Арман
Бөлісу: