БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тағы 65 пәтер берілді

23 Шілде, 18:04 552

Су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған Орал қаласындағы саяжай тұрғындарына тағы 65 пәтер берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа пәтерлер демеуші тарапынан, атап айтқанда Нұрлан Смағұлов Қорының қаржысына сатып алынды. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созуда.

Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін Оралдағы 1103 саяжай тұрғыны жаңа пәтерлерін ресми түрде рәсімдеді. Дәл қазір су тасқынынан зардап шеккен тағы 65 саяжай тұрғынына жаңа пәтердің кілттерін табыс етпекпіз. Сонымен қатар облысымызда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 775 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі тұрғын үйлердің сапасы және уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда екенін айтты.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: