БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 50 отбасы баспаналы болды

20 Тамыз, 20:07 506

Көктемгі су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз деп танылған Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстёпное ауылының 50 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, тұрғын үй кілттерін табыстау рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заң аясында тиісті көмектер көрсетілуде. Бүгінде Теректі ауданында салынып жатқан 130 үйдің 50-нің құрылысы аяқталды. Қалған 80 үйді қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарына қолдау білдірген демеушілерге және компанияларға шынайы алғысымды алғысымды білдіремін,- деді аймақ басшысы.

(Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі)

Бұдан бөлек су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін Теректі ауданында 30 үй сатып алынып, 395 отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғыны Лаура Нысанова су тасқыны кезінде үйі жарамсыз деп танылғандардың бірі. Бүгін ол отбасымен бірге  қоныс тойын тойлап жатыр.

Наурыз айының соңында үйімізді су басты. Бір қиындықтың артында жеңілдік тұрады деген шын сөз екен. Бүгін баспаналы болып отырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған үйге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді Лаура Нысанова. 

Айта кетейік, жаңа үйлер демеушілер қаржысына салынған.

(Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі)

Зарина Арман
Бөлісу: