БҚО-да соғыс ардагеріне «Халық қаһарманы» атағы табысталды

8 Мамыр 2023, 19:35 1207

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде соғыс және прокуратура ардагері Иван Гапичке Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілді. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтады.

Қазақ даласын соғыс оты шарпымағанымен, қабырғасы қайыспаған шаңырақ қалған емес. Соғысты есту оңай болғанымен, көру қиын. Оны соғыс жылдары от кешкен ардагерлеріміз жақсы біледі. Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті облысымыздың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын шарпып өтті. Батыс Қазақстан облысынан майданға 76 мың жауынгер аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты. Біздің өңірдің соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті, - деді өңір басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге жұмыс сапары кезінде Иван Степанович Гапичті ғасырлық мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсеткенін атап өтті. Ардагерге «Халық қаһарманы» атағын табыстап, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін тапсырды.

Президентке менің Жеңіске қосқан үлесім мен прокуратура саласындағы ұзақ жылғы еңбегімді жоғары бағалағаны үшін алғысымды айтамын. Бұл атақ Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және жуырда атап өткен 100 жылдық мерейтойыма орай беріліп отыр деп ойлаймын. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлын Жоғары бас қолбасшы ретінде мерекемен құттықтап, оған мықты денсаулық, барлық бастамалары мен еңбегіне табыс пен сәттілік тілеймін. Елімізде тек бейбітшілік пен тыныштық салтанат құра берсін. Отаныма бұдан былай да адал қызмет ете беремін, - деді Иван Гапич.

Берік Арманов
Бөлісу: