Батыс Қазақстан облысында құдыққа құлаған кішкентай бала көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, оқиға 14 маусым күні Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында болды.
Шамамен сағат 22.00-де 2021 жылғы 6 шілдеде дүниеге келген ұл бала Ғ. Қараш көшесі, 61 мекенжайы тұсында тереңдігі 2 метр, ашық жатқан, су толы құдыққа құлап кеткен. Бала Жәнібек аудандық орталық ауруханасына жеткізілгенмен, есін жия алмастан қайтыс болды. Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, бала аудан әкімдігі ғимаратының артында орналасқан құдыққа түсіп кеткен.