БҚО-да 291 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді

3 Шілде 2023, 15:00 1027

Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта 53 мың азаматтың құқығы қорғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҚО прокуроры Серік Шалабаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының, Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес басты назар әдеттегідей азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге бағытталды.

Серік Рысқалиұлының сөзіне қарағанда, жыл басынан бері 41 тексеру, 134 талдау жүргізіліп, 344 заң бұзушылық анықталды. Сондай-ақ сотқа дейінгі 8 тергеп-тексеру басталып, оның бесеуі сотқа жолданды.

Оқи отырыңыз:

Жетісуда балабақша бухгалтері 40 миллионға жуық ақша жымқырған

Бизнеске заңсыз араласқан судьядар 6 жылға сотталады

Нәтижесінде 53 мың азаматтың құқығы қорғалды. Кінәлі 416 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекет пайдасына 291 млн теңге өңдірілді, 372 млн теңге сомасындағы мүлік қайтарылды.

Облыс прокурорының айтуынша, еңбек заңнамасының сақталуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл салада 20 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды, 610 жұмысшыға 50 млн теңгеге жуық жалақысы төленді. Ұжымдық шарттар сәйкестендіріліп, олардың құқығын шектейтін заңсыз актілердің күші жойылды.

Сондай-ақ пайдаланылмай отырған 342 мың гектар жайылымдық жер анықталды. Соның 29 мыңы мемлекетке қайтарылды. Қалғандары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Облыста ауыз су тарифтерін көтеру деректері анықталып, 6 мыңға жуық тұтынушының құқығы қорғалды. Бөкей ордасы, Теректі, Бәйтерек аудандарында олар 1 текше метр ауыз суға бекітілген 90 теңгенің орнына 200-ден 300 теңгеге дейін төлеп келген.

Өңірдегі криминогендік жағдайға тоқталған прокурор қылмыс деңгейі 24 пайызға (3287-ден 2511-ге) төмендегенін жеткізді. Соның ішінде көше қылмыстары, яғни тонау, сондай-ақ, ұрлық, бұзақылық бірнеше есе азайды. Алғаш рет соңғы үш жылда алаяқтық 21 пайызға (544-тен 428-ге) қысқарды.

Халық арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан, азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Көбінесе алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, дербес деректерді, банктік шоттар туралы мәліметтерді, құпия сөздер мен парольдерді сұрайды. Басқа жағдайда алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде көрсетіп, ақша беруді талап етеді. Олардың түпкі мақсаты – банктік шоттарға қол жеткізу және азаматтардың ақшасын иемдену. Мұндай жағдайда дүрбелеңге салынбай, әңгімені үзіп, бұл туралы полицияға немесе прокуратураға дереу хабарлау керек. Сол секілді қаржы пирамидасы да осыған ұқсас. Оның басында тұрған белгілі бір адамдар ғана табыс табады да, кейінгі салымшылар ақшасыз қалады. Мысал ретінде «Чиа Тай» пирамидасына қатысты қылмыстық істі келтіруге болады. Олар инвестиция сылтауымен адамдарды жоғары табыс табасыңдар деп үгіттеп, азғырды. Салдарынан облыстың 650 тұрғынына 760 млн теңге шығын келтірілді. Осындайлардан абай болу керек, – деді С.Шалабаев.

Равиль Ашығали
Бөлісу: