Ботаникалық бақ – ғылым ордасы

12 Тамыз, 13:04 645

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттерінде: «Қазақстанда жануарлардың, құстардың, балықтардың және өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупі төніп тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы бар іс» деп ерекше атап өтті. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, оны болашақ ұрпақ үшін сақтау қажеттілігін түсіну - еліміздің әрбір азаматының міндеті»,  - деген еді. Иә, бүгінде әлем қоршаған ортаны қорғауға баса мән беріп, ондағы жануарлар мен өсімдіктер жойылып кетпес үшін түрлі шараларды қолға алуда. Тіпті, әлем халқы 5 маусымда – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтеді. 1972 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының шешімімен белгіленген бұл күн әлемдегі халықтың назарын қоршаған ортада болып жатқан проблемаларға аударуды көздейді. Бұл мақаламызда еліміздегі өсімдіктердің жай-күйі туралы сөз қозғамақпыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан флорасына өсімдіктердің 13 мыңнан астам түрі, оның ішінде жоғары тамырлы өсімдіктердің 5754 — тен астам түрі, 5000 — ға жуық саңырауқұлақтар, 485 — қыналар, 2000 — нан астам балдырлар, 500-ге жуық бриофиттер кіреді. Осы орайда өсімдік түрлерінің жалпы санының 1406 түрі дәрілік өсімдіктер болып табылады, оның ішінде 220 түрі ресми медицинада танылған және 387 түрі елдің Қызыл кітабына сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлер ретінде енгізілген. Сондай-ақ, ежелгі заманнан бері өсіп келе жатқан реликті өсімдіктердің 110 түрі, сондай-ақ өсімдіктердің 698 эндемикалық түрі тек Қазақстанда ғана өседі. Бұдан шығатыны, еліміздегі өсімдіктер дүниесі барлық экожүйелердің негізі болып табылады, өзінің өміршеңдігін сақтайды және қоршаған ортаның қалыптасуын, сондай-ақ адамдар мен жануарлар әлемінің әртүрлі түрлерінің өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді.

Қолда бар ғылыми мәліметтерге сәйкес, егер табиғатты  қарқынды және ұтымсыз пайдалану салдарынан әлемдік флораның 21%-ы жойылу қаупіне ұшыраса, онда біздің елімізде бүкіл аумақтан тек 11% - ға (30 млн.га алаң) өсімдіктер дүниесі қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелері реттелді.

«Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасы бар

Соңғы жылдары тиімсіз пайдаланумен және тиісті құқықтық өрістің болмауымен байланысты бірқатар қолайсыз факторлар табиғи экологиялық жүйелердің тозуына және еліміздегі өсімдіктердің  әртүрлілігінің жоғалуына алып келуде. Нәтижесінде, бұл түрлердің жоғалуына және табиғи экологиялық жүйелердің өздерінің деградациясына әкеледі. Осыған орай 2022 жылы Парламент Мәжілісі «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының арнайы заң жобасымен жұмыс жүргізуді бастады. Себебі, осы кезге дейінгі колданыстағы заңнама елдегі өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттеуді жеткілікті түрде қамтамасыз етпейді, сондықтан арнайы заң дайындау және қабылдау қажеттілігі туындады. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмысына келіп түскен қажетті заң жобасын әзірлеген болатын. Депутаттар мен жұмыс тобының мүшелері жұмыс істеген заң жобасы бойынша болашақта «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңын реттеу саласы табиғи жағдайда өсетін өсімдіктер дүниесінің барлық дерлік объектілерін, сондай-ақ олардың генетикалық қорын молайту және сақтау мақсатында мәдениет жағдайында ұсталатын жабайы өсімдіктерді қамтыған еді. Аталған құжатты қабылдаудың нәтижесінде еліміз бойынша өсімдік биоалуантүрлілігін сақтау, осы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайлар жасалатын болады.

Айта кетейік, 2023 жылға дейін қолданыстағы Орман кодексімен және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдармен тек жалпы ауданы 139 миллион га, яғни Қазақстанның жер аумағының 51%-ы ғана қорғалған. Яғни бұл заң бойынша мемлекеттік орман қорында, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде өсімдік дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері реттелген болатын. Ал 94 миллион га, яғни 34%-ы бұл заңмен қорғалмаған.

Ақыры арнайы мамандар мен депутаттар көтерген заң жобасы өткен жылдың  басында Мемлекет басшысына жетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «Өсімдіктер әлемі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын. Осылайша 7 наурызда «Өсімдіктер әлемі туралы» заң күшіне енді. Құжат елімізде өсетін өсімдік бірлестіктерін қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттейді. Заң Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. Өйткені, өсімдіктер барлық дерлік экожүйелердің негізі, өзіндік табиғи негізі болып табылады, соның арқасында бұл экожүйелер өздерінің өміршеңдігін сақтайды және адамдардың өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Жайылымдар туралы» Заңдарына және Қазақстан Республикасының Орман кодексіне қатысты. Жаңа заңның қабылдануы оған Экологиялық, Салық кодекстерін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, сондай-ақ ерекше құнды өсімдіктерді жою немесе зақымдау, олардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекске сәйкес келтіруді талап етеді. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты бүкіл республика аумағында өсімдіктер дүниесін қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді енгізу болып табылады. Енді өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге қатысты жекелеген нормаларда Қазақстан Республикасының Орман, Экологиялық, Жер, Су, Кәсіпкерлік кодекстері, «Республикадағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бар. Заңның реттеу саласына табиғи жағдайда өсетін өсімдік әлемінің объектілері, сондай-ақ генетикалық қорды сақтау мақсатында ерекше жағдайларда ұсталатын жабайы өсімдіктер мен олардың бөліктері қамтылатын болады. Заңның ережелері бүкіл республика бойынша өсімдік ресурстарының есебін жүргізуге, олардың сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістерін талдауға, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі объектілерін экономикалық бағалауға мүмкіндік береді.

Өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Австралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропалық Одақ елдерінде, ал жақын шетелдерде – Армения, Беларусь, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинада бар екенін тілге тиек ете кеткеніміз жөн.

Өткен жылдың мамыр айында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусыла бастағанын айтқан еді. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етеді. Оның пікірінше,

Айта кетейік, Қазақстанда экспортталатын дәрілік өсімдіктерінің тізіміне 14 түрі кіреді – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тонна мия тамыры экспортталған екен.

Ботаникалық бақ  өсімдіктерді қорғап, сақтайды

Қай елде, қай жерде болсын ботаникалық бақ­тар әлемдік флораның тірі өсімдіктерінің біре­гей банктері деп саналады. Осы тұрғыдан келгенде Алматыдағы бас ботаникалық та аталған мақсатта өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұнда еліміздің және дүние жүзінің өсімдік әлемінің аса бай қазына-қоры осында сақталып келеді. Ботаникалық бақ – көз жауын алар, аралап рахат табар тамашалы орын ғана емес, ол – ғылым ордасы, сан-салалы қызмет атқаратын мекеме. Осыған байланысты уақыт талабына сай мәселе-міндеттері де жетіп артылады.

Осы ретте біз аталған мекеменің баспасөз орталығына хабарластық.  «Институт қызметінің мақсаты ботаника және фитоинтродукция саласында әлемдік ғылымның жетістіктерін ескере отырып, іргелі және қолданбалы инновациялық зерттеулер жүргізу. Институтқа жалпы ауданы 103,6 га болатын Бас Ботаникалық бақ, Жезқазған және іле ботаникалық бақтары, сондай-ақ 2018 жылы Астанада құрылған ботаникалық бақ кіреді. Алматы ботаникалық бағы 1932 жылы ашылған. 1967 жылға дейін КСРО ғылым академиясы қазақ филиалының республикалық ботаникалық бағы деп аталды. 1967-1994 жылдар аралығында өз алдына дербес ғылыми-зерттеу мекемесі болды. 1995 жылдан бастап ботаника және фитоинтродукция институтының құрамына енді. 2006 жылы ботаникалық бақ "Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының" тізбесіне енгізілді. Мұнда алуан түрлі гүл, биік қарағай, әдемі қайыңдар мен емен, өзге де ағаштар өседі. Қазір бақтағы ғылыми және экспозициялық аймақтарда табиғи және әлемдік флора өсімдіктерінің 4200-ге жуық түрі, сорттары мен формалары өсіп келеді, қайта құру кезінде коллекциялық өсімдіктердің 500-ге жуық жаңа таксондарымен толықтырылды.  Бас ботаникалық бақ (БББ) Қазақстан Республикасы Экология және Табиғи Ресурстар Министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының құрамына кіреді. Алматыдағы Бас ботаникалық бақ қайта жөндеуден кейін қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын өткізетін сүйікті орнына айналды.  Ал ботаникалық бақ қатардағы демалыс саябағы емес, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі бар ашық аспан астындағы ғылыми мекеме екенін, мұнда ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқанын көпшілік түсінді, өйткені сіз көріп отырған өсімдіктердің барлығы дерлік, мұнда Қызыл кітап және жойылып кету қаупі төнген, немесе табиғи таралу аймағынан тыс жерде отырғызылған. Туған қаладан шықпай-ақ сирек өсімдіктермен танысуға тек ботаникалық бақтың бірегей мүмкіндігі бар, өйткені мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен коллекциялар жинақталған.

Мұнда Қазақстан, Сібір және Қиыр Шығыс,Шығыс Азия, Еуропа, Қырым, Кавказ, Солтүстік Америка, Жапон бағы сынды  экспозиялық аймақтар бар болса, коллекциялық аймақтарға Сиренгарий (Мамыргүлдер коллекциясы), Кониферетум (Қылқан жапырақты ағаштар), Шырмауықтар, Дәрілік өсімдіктер, Гүлді және сәндік өсімдіктер, Альпинарий (Альпі өсімдіктері), Жабайы жеміс өсімдіктерінің, Тропикалық және субтропикалық өсімдіктердің коллекциялары бар. Ботаника және фитоинтродукция институтында 9 ғылыми зертхана жұмыс істейді: Гүлді-сәндік өсімдіктерді интродукциялау (жерсіндіру) зертханасы; Геоботаника зертханасы; Дендрология зертханасы; Микология және алгология зертханасы; Академик А. Д. Жанғалиев атындағы жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және гендік қорды қорғау зертханасы; Жоғары сатылы өсімдіктер флорасы зертханасы; Тұқым шаруашылығы зертханасы; Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасы; Өсімдік ресурстары зертханасы. Ғылыми жұмыстарды жүргізу үшін Ботаника және фитоинтродукция институтының ұжымында 146 ғылыми қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 59 жас ғалымдар: 8 PhD докторы, 34 магистр, сонымен қатар докторантура мен магистратурада оқитын қызметкерлер. Жасыл аумақтарды күтіп ұстау үшін мердігерлердің қызметтері пайдаланылады. Бас ботаникалық бақ аумағында жиналған өсімдіктердің жалпы саны 3500 таксонды құрайды. Біздің мемлекеттік ботаникалық бақтарымыз отандық және әлемдік табиғи-мәдени флора өсімдіктерінің жиынтық топтамасын, яғни коллекциясын жинақтап қалыптастырады, әмбе оның сақталуын қамтамасыз етеді», - деп жауап берді бізге баспасөз өкілі.

Алматы қаласындаға Бас ботаникалық бақтың филиалы Астана қаласында да бар. Ботаникалық бақтың аумағында жылыжай кешені бар. Мұндағы өсімдіктердің коллекциялық қоры - 269 түрді, 102 сортты, 197 түрге жататын 58 тұқымдастың гибридті пішіні мен сорттарын құрайды. Олардың ішінде ең танымал тропикалық өсімдіктер – каучук фикусы, вашингтония, араукария, ананас, кумкват, апельсин, кофе ағашы, папайя және т.б. Танымал суккуленттерден: эхинокактус, агава, маммиллярия, красулла, опунция, алоэ, гастерия және т.б. өседі. Жыл сайын жылыжайға 20000-нан астам туристер мен Елорда тұрғындары келеді. Бұл жерде оқушылар мен студенттерге ботаникалық білім беру үшін тұрақты негізде экскурсиялар да өткізіліп тұрады. Ботаникалық баққа флораларды табиғаттан алып келеді екен. Оларды мамандар осы жерге бейімдеп, көбейтеді. Әсіресе сирек кездесетін өсімдіктерді сақтайтын көрінеді. Бүгінде ботаникалық бақ ерекше қорғалатын аймақ статусын алды. Ал өсімдіктерді көрші елдерден Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстаннан алып келеді.

Айта кетейік, Қазақстанда 6 ботаникалық бақ бар. Ең үлкені Алматыда болса,  Маңғыстау, Жезқазған, Алтай, Бақанас және Астанадағы бақтар да жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр.    

Түйін: XX ғасырдың ортасында әлемдегі экологиялық жағдай күрт төмендеп кетті. Экологиялық жағдайдың нашарлағаны соншалық, бүгінде ол әлемнің кейбір аймақтарында адамның тұрмыс тіршілігімен коса оның өмірі үшін де үлкен қатер тудырып отыр. 2002 жылы Йоханнесбургте (ОАР) тұрақты даму жөніндегі өткізілген Бүкіләлемдік самитте (кездесуде) бүгінгі күні биологиялық әртүрлілік жылдам қарқынмен қысқарып бара жатқандығы атап айтылды. Жоғарыда әлем флорасының 21%-ы әртүрлі себептермен, ең алдымен табиғатты интенсивті және иррационалды пайдаланудың салдарынан жойылу қаупінде тұрғанын айттық. Қоршаған ортаны қорғау, соның ішінде өсімдіктерді қорғау да бүгінгі адамзат алдындағы басты міәндеттердің бірі болып отыр.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: