Марафон - бұл жай ғана спорт емес, ол ерік-жігердің, шыдамдылықтың және адам мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдейтін құбылыс. Әлемде жүздеген марафон өтеді, бірақ олардың ішінде ерекше мәртебеге ие, миллиондаған жанкүйерлердің назарын өзіне аударатын бірегей жарыстар бар. Ол - World Marathon Majors.
Бұл серияға кіретін марафондар - Токио, Бостон, Лондон, Берлин, Чикаго және Нью-Йорк. Әрқайсысы өз тарихымен, атмосферасымен және ауқымымен ерекшеленеді. Бостон - ең көне, Берлин - рекордтар мекені, Лондон - қайырымдылық ауқымы жағынан теңдессіз. Дәл осы алты марафонды еңсерген адамға ерекше марапат - Six Star Medal табысталады. Бұл марафоншылар қауымдастығының ең үлкен армандарының бірі.
Марафондық жүгірудің тамыры ежелгі Грекиядан бастау алғанымен, заманауи марафон қозғалысы ХХ ғасырда кеңінен дамып, бүгінде әлемдік спорт мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. Осы қозғалыстың шыңы саналатын World Marathon Majors (WMM) сериясы алғаш рет 2006 жылы ресми түрде құрылды. Оның басты мақсаты - әлемдегі ең беделді әрі ауқымды алты марафонын бір жүйеге біріктіріп, кәсіби спортшылар мен әуесқой жүгірушілер үшін ортақ алаң қалыптастыру еді.
Фото: etsy.com
Алғашқыда бұл серияға Бостон, Лондон, Берлин, Чикаго және Нью-Йорк марафондары кірді. 2013 жылы оларға Токио марафоны қосылып, Азиядан да өкіл пайда болды. Осылайша қазіргі таңда WMM атауына ие алты қала әлемдік жүгірудің «алтын стандарты» болып саналады.
WMM тек спорттық жарыстарды ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды біріктіретін жобаға айналды. Әсіресе, Лондон марафоны әлемдегі ең ірі қайырымдылық марафоны ретінде танылған: жыл сайын ондаған миллион фунт стерлинг түрлі қорлар мен ұйымдарға бағытталады. Басқа қалалардағы марафондар да қайырымдылық бастамаларын қолдап келеді.
Кәсіби спортшылар үшін WMM ерекше маңызға ие: серия қорытындысы бойынша үздік марафоншыларға қомақты сыйақылар тағайындалып, халықаралық рейтинг жүргізіледі. Ал әуесқойлар үшін басты марапат - Six Star Medal, яғни барлық алты марафонды жүгіріп өткендерге ғана табысталатын айрықша белгі.
Бүгінде World Marathon Majors - тек спорттық жарыс қана емес, ол әлем халықтарын біріктіретін мәдени және әлеуметтік құбылыс. Әрбір қаладағы марафон өз тарихымен, дәстүрімен және ерекше атмосферасымен дараланады, ал олардың барлығы қосылғанда адамзаттың ең мықты рухани және физикалық жетістіктерін паш етеді.
Бұл – марафоншылар үшін «Үлкен дулыға» секілді ең беделді жарыстар:
Әр жылдың сәуір айының үшінші дүйсенбісінде АҚШ назарын бір тарихи оқиғаға аударады - Бостон марафонына. Бұл - әлемдегі ең көне әрі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін марафон. Алғаш рет 1897 жылы ұйымдастырылған жарысқа бар болғаны 18 адам қатысқан болса, бүгінде қатысушылар саны 30 мыңнан асып отыр. Өтінімдер әлемнің түкпір-түкпірінен түседі. Тек 2020 жылы ғана пандемияға байланысты марафон тарихта алғаш рет тоқтатылды.
Фото: Danielle Parhizkaran/Globe Staff
Бостон марафонының басты ерекшелігі - дәстүрдің үзілмей жалғасуы. Қатысушылар ғасырдан астам уақыт бойы XIX ғасырдағы алғашқы жүгірушілердің ізімен бірдей жолды еңсеріп келеді.
Бұл марафон көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болды. 1972 жылы алғаш рет әйелдер ресми түрде қатысу құқығына ие болды. Алайда, бұған дейін де батыл қадамдар жасалды: 1966 жылы Роберта Гибб ресми тіркелмегеніне қарамастан бүкіл қашықтықты жүгіріп өткен алғашқы әйел атанды.
1967 жылы тағы бір тарихи сәт болды: Кэтрин Швитцер тіркеуге тек инициалдарын жазып, ресми старт алды. Жарыс барысында ұйымдастырушылар оны дистанциядан шығармақ болды, бірақ Швитцер барлық кедергілерге төтеп беріп, мәреге жетті. Ол тарихта ресми түрде Бостон марафонын аяқтаған алғашқы әйел ретінде қалды. Бүгінде қатысушылардың шамамен 45%-ын әйелдер құрайды.
2013 жылы Бостон марафоны басталғанына төрт сағат өткенде, мәре сызығы маңында екі жарылыс болды. Ол сәтте қашықтықта әлі мыңдаған спортшы жүгіріп келе жатса, тротуарларда көрермендер тұрған еді. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, жүздеген жан жарақат алды.
Рекордтар
Алайда бұл нәтижелер әлемдік рекорд ретінде танылмайды. Себебі Бостон трассасында биіктік айырмашылығы 1%-дан асады және бағыт тек бір жаққа жүреді (беткей төмен), сондықтан мұнда тек «трасса рекордтары» тіркеледі.
Қалай қатысуға болады?
Бостон марафоны басқа мейджорлардан ерекшеленеді: мұнда лотерея жоқ, тек квалификация бар. Әр қатысушы өзінің жас санатына сәйкес уақыттық нормативті дәлелдеуі тиіс. Бірақ бұл жеткіліксіз - жарысқа алдымен нормативтен 20, 10 немесе 5 минутқа жылдам жүгіргендер қабылданады.
2025 жылға арналған нормативтер (ерлер / әйелдер):
Тағы бір жол - қайырымдылық квотасы. Серіктес ұйымдар арқылы қатысу үшін кемінде 5000 доллар көлемінде қаражат жинау қажет.
2025 жылғы Бостон марафонына тіркеу 2024 жылдың 9–13 қыркүйегінде өтеді. Жарыстың өзі 21 сәуір 2025 жылы болады. Қатысу құны - 255 доллар (АҚШ азаматтары үшін - 205 доллар).
Трасса мен қиындықтары
Бостон марафоны - әлемдегі ең күрделі марафондардың бірі. Ол Массачусетс штатындағы сегіз қаланы қамтиды: Хопкинтон, Эшленд, Фрамингем, Натик, Уэллсли, Ньютон, Бруклин және Бостон.
Трасса бойында биіктік айырмашылығы 130 метрден асады, бұл жүгіруді ерекше қиындатады. Ең атақты бөлігі - «Холм разбитых сердец» (Heartbreak Hill). Ол небәрі 27 метр ғана, бірақ дәл 33-ші шақырымда орналасқандықтан, спортшылардың көпшілігі күш-қуаты таусылып, «марафон қабырғасына» тап болады.
Әр 2–3 миль сайын тамақтану бекеттері қойылған. Әсіресе 17, 27 және 34 шақырымдағы пунктер энергияны толықтыруға өте маңызды.
Әр жылдың сәуір айының соңғы жексенбісінде Лондон көшелері әлемдік спорт мерекесіне айналады - мұнда әйгілі Лондон марафоны өтеді. Бұл жарыс 1980-жылдардан бері ұйымдастырылып келеді және бүгінде жыл сайын шамамен 40 мыңнан астам жүгірушіні, миллиондаған көрерменді жинайды. Жарыстың басты артықшылығы - тегіс рельеф, қолайлы ауа райы (орташа 13–15°С) және мінсіз ұйымдастыру.
Фото: chas.org.uk
Лондондағы ұзақ қашықтыққа жүгіру дәстүрі ХХ ғасырдың басынан бастау алады. 1909 жылдан бастап қалада Политехникалық марафон («Поли») өткізілген болатын. Ал біз білетін Лондон марафоны 1981 жылы Олимпиада жүлдегерлері Крис Брэшер мен Джон Дислидің бастамасымен жолға қойылды.
Бұл идея Нью-Йорк марафонынан туған шабыттың нәтижесі еді. 1979 жылы Брэшер АҚШ-тағы марафоннан оралып, Observer газетінде әсерлі мақала жариялады. Онда ол жүгіруді «адамзатты бір-біріне жақындататын, күлкі мен қуаныш сыйлайтын ұлы мереке» деп сипаттады.
Алғашқы Лондон марафоны 1981 жылы 29 наурызда өтті. Жарысқа 20 мың адам өтінім бергенімен, тек 6747 спортшы стартқа жіберілді. Уақыт өте қатысушылар саны бірнеше есеге өсті: мысалы, 2019 жылы мәреге жеткендер саны 42 549 адамды құрады.
Лондон марафоны көптеген тарихи нәтижелердің куәсі болды.
Айта кетерлігі, бұл трассада әйелдер арасында алты бірдей әлемдік рекорд орнатылған. Дегенмен, Рэдклиффтің 21 жыл бұрынғы нәтижесі әлі күнге дейін жаңарған жоқ.
Қалай қатысуға болады?
Лондон марафонына қатысу оңай емес. Мәселен, 2022 жылы өтінімдер саны 578 мыңнан асса, олардың тек 20 мыңы ғана қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жарысқа қатысудың бірнеше жолы бар:
Лондон марафонының бағыты алғаш рет 1981 жылы бекітілген және содан бері айтарлықтай өзгерген жоқ. Маршрут қаланың ең әйгілі нысандарынан өтеді: Букингем сарайы, Тауэр көпірі, Биг-Бен, сондай-ақ Гринвич нөлдік меридианы.
Қатысушылар үш түрлі старттық аймақтан (қызыл, көк, жасыл) жіберіледі. Бұл жүйе алғашқы шақырымдарда кептеліс болмас үшін енгізілген. Трасса негізінен тегіс болғанымен, бұрылыстары мен тар көшелері жүгірушілер үшін нағыз сынақ болады.
Жаңа рекордтар
Лондон марафоны өзінің басты мәртебесін тағы да дәлелдеді. Ұйымдастырушылардың ресми мәліметінше, 2026 жылғы жарысқа қатысуға 1 133 813 адам өтініш білдірген. Бұл - жаңа әлемдік рекорд.
2025 жылы марафонға 840 318 адам қатысып, олардың 56 640-ы мәреге жетті. Бұл көрсеткіш Гиннес рекордтар кітабына еніп, Лондон марафонын әлемдегі ең ауқымды жүгіру оқиғасы ретінде тағы да тарихқа енгізді.
London Marathon Events бас директоры Хью Брашер бұл жетістікті ерекше атап өтті:
Бұл - керемет нәтиже. Лондон марафоны - әлемдегі ең танымал спорттық шара екенін тағы да дәлелдеді. Біздің мақсатымыз - жасы мен мүмкіндігіне қарамастан, адамдарды белсенді өмір салтына ынталандыру, - деді ол.
2025 жылғы жарыстың жеңімпазы кениялық Себастьян Саве болды. Ол 42 шақырым 195 метрді 2 сағат 2 минут 27 секундта жүгіріп өтіп, өзінің есімін Лондон тарихына алтын әріппен жазды.
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Берлин көшелері ерекше күйге енеді - мұнда әлемге әйгілі Берлин марафоны өтеді. Негізгі бағдарламаға марафондық қашықтық, спорттық жүріс және арбадағы спортшылардың жарысы кіреді. Ал қарсаңында дәстүрлі түрде балаларға арналған 4,2 шақырымдық жарыс пен роликті конькидегі марафон ұйымдастырылады.
Фото: therunningchannel.com
Берлин марафонының бейресми тарихы 1964 жылдың 8 қарашасында басталды. Сол күні Батыс Берлинде «Шайтан тауы» кроссына 700-ден астам адам қатысты. Бұл шағын бастама кейін үлкен қозғалысқа ұласты. 1974 жылы ресми түрде алғашқы Берлин марафоны өткізілді, ол тек қаланың батыс бөлігінде өтті.
1990 жылдан бастап жарыс бірыңғай Берлиннің басты нышанына айналды: 40 мыңнан аса қатысушы мәреге Бранденбург қақпасы арқылы жетіп, марафонды қала символымен байланыстырды.
Берлин марафоны жылдам нәтижелерімен танымал. Соңғы жылдары мұнда бірнеше рет әлемдік рекорд орнатылды.
Әйелдер арасында да рекорд дәл осы Берлинде тіркелді: 2023 жылы Эфиопия спортшысы Тигст Ассефа 2:11:53 нәтижесімен таң қалдырып, бұрынғы әлемдік көрсеткішті екі минутқа жақсартты.
Берлин марафонына түсу оңай емес. Негізгі жолдары мыналар:
Берлин трассасы әлемдегі ең жылдам бағыттардың бірі саналады. Оның басты артықшылығы - рельефтің бірқалыпты болуы, күрт бұрылыстардың аздығы және қыркүйек айындағы қолайлы ауа райы. Орташа температура 12–18 °C аралығында, бұл ұзақ қашықтыққа жүгіруге қолайлы жағдай жасайды.
Жолдың өзі нағыз тарихи экскурсияға ұқсайды. Жүгірушілер Федералдық канцлерияны, Рейхстагты, Берлин соборын, Музей аралын және Бранденбург қақпасын көреді. Мәре сызығы дәл осы қақпаның астында орналасқан - марафонға ерекше сән беретін басты нүкте.
Чикаго марафоны - әлемдегі ең беделді World Marathon Majors жарыстарының бірі. Бұл марафон өзінің бай тарихымен, мінсіз ұйымдастырылуымен және ерекше атмосферасымен танымал.
Алғашқы Чикаго марафоны 1977 жылы 25 қыркүйекте өтті. Ол кезде ол қала мэрінің құрметіне «Мэр Дейли марафоны» деп аталды. Жарысқа қатысу бағасы бар болғаны 5 АҚШ долларын құрады. Бірінші директор Венди Миллердің айтуынша, қаражат табу үлкен қиындық болған. 1979 жылы Beatrice Foods компаниясы демеушілік жасап, марафонды жаңа деңгейге шығарды. Дегенмен 1987 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты жарыс өткізілмей қалды.
Фото: bbbschgo.org
1990-жылдары марафонды басқаруды Кэри Пинковски қолға алды. Ол бар күшін жұмсап, жарысты қайта жандандыра білді. Кейіннен LaSalle Bank ұзақ жылдар бойы бас демеуші атанса, 2008 жылдан бастап ресми атауы Bank of America Chicago Marathon болып өзгерді.
Бүгінде Чикаго марафоны жыл сайын ондаған мың әуесқой мен кәсіби спортшыны тартады. Мәселен, 2023 жылы қатысушылар саны 48 мыңнан асты. Қала тұрғындары дәстүрлі түрде трасса бойына шығып, қатысушыларға ерекше қолдау көрсетеді.
Чикаго марафоны әлемдік рекордтарға куә болып келеді. 2023 жылы 8 қазанда кениялық Кельвин Киптум 42 шақырымды 2:00:35 уақытта жүгіріп өтіп, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Ал әйелдер арасында Сифан Хассан 2:13:44 нәтижесімен тарихта қалды. Бұл жетістіктер Чикаго трассасының қаншалықты жылдам әрі ыңғайлы екенін дәлелдейді.
Чикаго марафонына бірнеше жолмен қатысуға болады:
Чикаго марафонының трассасы әлемдегі ең ыңғайлы әрі жылдам бағыттардың бірі саналады. Жарыс Грант-паркте басталып, сол жерде мәреге жетеді. Маршрут қаладағы 29 түрлі ауданды қамтиды, оның ішінде Миллениум-парк, Магнифисент Майл, Мичиган көлі жағалауы, әйгілі Wrigley Field, Пилсен және Чайна-таун аудандары бар.
Чикаго трассасы барынша тегіс, ірі өрлеулер мен түсулер жоқ. Бұл қатысушыларға күшін үнемдеуге және жақсы нәтижелер көрсетуге мүмкіндік береді. Қазанда өтетін жарыс кезінде ауа райы да қолайлы: температура орта есеппен +10°C пен +15°C аралығында болады, бұл ұзақ қашықтыққа жүгіруге ең ыңғайлы жағдайдың бірі.
Нью-Йорк марафоны - әлемдегі ең ірі әрі беделді жүгіру жарыстарының бірі. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бұл марафон спорт тарихында ерекше орын алып, миллиондаған адамға шабыт сыйлап келеді.
Бұл жарыс Abbott World Marathon Majors сериясына кіреді және оған алты ең беделді марафонның қатарында лайық орын берілген. Соңғы он жылда қарашаның алғашқы жексенбісінде Нью-Йорк көшелеріне 50 мыңға жуық спортшы шығып, оларды миллиондаған көрермен қолдайды. Қала мерекелік атмосфераға бөленіп, спорттық рухпен тыныстайды.
Фото: nyrr.org
Нью-Йорк марафонының негізін қалаған - әуесқой жүгіруші Фред Лебоу. Алғашқы жарыс 1970 жылы Орталық саябақта өтті. Бар болғаны 127 адам тіркеліп, 55-і мәреге жетті. Лебоу өзі де қатысып, 45-орын алды. Бұл шағын бастама уақыт өте келе әлемдегі ең ауқымды спорттық оқиғаның біріне айналды.
1976 жылдан бастап марафон Нью-Йорктің барлық бес ауданын қамти бастады. Сол жылы екі мыңнан астам адам қатысып, жаңа дәуір басталды. Жеңімпаз Билл Роджерс 2:10:10 нәтижесін көрсетіп, сол кездегі әлемдік рекордтан небәрі минут жарымға қалып қойды. Осы сәттен бастап Нью-Йорк марафоны беделді әрі нәтижелі жарыс ретінде әлемдік аренада мойындалды.
1978 жылы норвегиялық спортшы Грета Вайц Нью-Йорк марафонында 2:32:30 нәтижесін көрсетіп, әйелдер арасында жаңа әлемдік рекорд орнатты. Кейін ол бұл жарыста тоғыз рет жеңіске жетіп, марафон тарихындағы теңдессіз тұлғаға айналды.
1980-жылдары америкалық Альберто Салазар қатарынан үш рет жеңіске жетіп, 2:08:13 нәтижесін көрсетті. Ал 1987 жылы кениялық Ибрагим Хусейн Нью-Йоркте жеңіске жеткен алғашқы африкалық спортшы болды. Бұл оқиға кейін ұзақ қашықтықтағы африкалық үстемдіктің дәуірін бастады.
1992 жылы Фред Лебоуға ми ісігі диагнозы қойылған соң, ол марафонды соңғы рет өзі жүгіріп өтті. Онымен бірге аңызға айналған Грета Вайц та бірге жүгіріп, мәреге жетті. Бұл - Нью-Йорк марафоны тарихындағы ең әсерлі сәттердің бірі болып қалды.
2019 жылы марафон тарихындағы ең көп адам мәреге жетті - 53 627 жүгіруші. Нью-Йорк трассасы көпірлер мен өрлеулері бар күрделі бағыт саналады. Сондықтан мұнда әлемдік рекорд орнату қиын: ерлер арасында 2:05-тен, әйелдер арасында 2:22-ден жылдам нәтиже әлі тіркелген жоқ. Соған қарамастан, жарыс әлемдегі ең тартымды әрі бәсекелі марафондардың қатарында қала береді.
Нью-Йорк марафонына қатысу оңай емес. Негізгі жолдары:
Нью-Йорк тұрғындары үшін талап қатаң: олар бір жыл ішінде кемінде тоғыз квалификациялық жарысқа қатысуы тиіс. Сондай-ақ, белгілі бір нормативтік уақытты орындаған спортшылар да қабылданады.
Марафон күні Нью-Йорктың орталығы толықтай спортшылар мен жанкүйерлерге беріледі. Әсіресе Орталық саябақ маңында көшелер жабылып, қала спорттық рухқа толады. Жарыс алдындағы күндері қысқа қашықтыққа арналған дайындық жарыстары өткізіледі. Ал марафон күні мейрамханалар қатысушыларға жеңілдіктер ұсынып, көмірсуларға бай тағамдарды мәзірге қосады.
Марафон Нью-Йорктің барлық бес ауданынан өтеді: бастау - Статен-Айлендтен, мәре - Манхэттенде. Көрермендер үшін ең тартымды нүктелердің бірі - Куинсборо көпірі, мұнда жүгірушілер Манхэттенге алғаш рет аяқ басады. Финишті көру үшін арнайы трибуналарға билет сатып алуға болады. Жарыс әсері бір күнмен шектелмейді. Келесі күні спортшылар қайтадан Орталық саябаққа жиналып, финиш сызығында суретке түседі, медальдарын арнайы павильонда жаздыру мүмкіндігіне ие болады. Қала көшелерінде мойнына медалін тағып алған мыңдаған марафоншыны кездестіруге болады - бұл марафонның ерекше рухын айқын сездіретін сәт.
Өз тарихында Нью-Йорк марафоны небәрі екі рет өтпей қалды: 2012 жылы - «Сэнди» дауылына, 2020 жылы - пандемияға байланысты. Қалған барлық жылдары дәстүрлі түрде қарашаның алғашқы жексенбісінде ең әйгілі мегаполис көшелері марафоншылардың еншісіне айналып келеді.
Токио марафоны – әлемдегі ең ауқымды әрі әсерлі марафондардың бірі. Жарыс наурыз айында Жапония астанасында өтеді. Ұзақ қашықтыққа жүгіруді ұлттық деңгейде сүйетін ел үшін бұл шара – нағыз мереке. Тегіс әрі жылдам трасса, қаланың әсем көріністері және ұйымдастырушылардың мінсіз жұмысы жыл сайын 38 мыңға жуық әуесқой марафоншыны және шамамен 2 миллион көрерменді тартады.
Фото: therunningchannel.com
Алғаш рет 2007 жылы өткізілген Токио марафоны аз ғана уақыт ішінде зор беделге ие болып, 2012 жылы Abbott World Marathon Majors сериясына қосылды. Осылайша ол Бостон, Лондон, Берлин, Чикаго және Нью-Йорк марафондары қатарындағы әлемдік алты ірі бәйгенің біріне айналды.
Дәстүрлі 42 шақырымдық қашықтықтан бөлек, мұнда ерекше 10,7 шақырымдық жарыс ұйымдастырылады. Оған 16–18 жас аралығындағы жасөспірімдер, сондай-ақ көру қабілеті шектеулі және мүмкіндігі шектеулі спортшылар қатыса алады. Бұл – World Marathon Majors сериясындағы жалғыз марафон, онда марафон күні қосымша 10 шақырымдық жарыс өтеді.
Рекордтар
2024 жылы Токио марафоны бірден екі әлемдік рекордқа куә болды. Кениялық Бенсон Кипруто ерлер арасында 2:02:16 уақытпен жеңіске жетсе, әйелдер арасында эфиопиялық Сутуме Асефа Кебеде 2:15:55 көрсеткішін тіркеді.
Қалай қатысуға болады?
Токио марафонына қатысу оңай емес: өтінімдердің саны қолжетімді орындардан он есе көп. Соңғы жылдары ұйымдастырушыларға 321 мыңнан астам өтінім түседі. Сондықтан тіркеу мерзімін өткізіп алмау маңызды.
2025 жылғы марафонға тіркеу дәстүрлі түрде тамыз айында ашылады. Қатысудың бірнеше жолы бар:
Токио марафонының трассасы күрделі рельефімен ерекшеленбейді. Алғашқы шақырымдарда аздап еңіс бар, айтарлықтай өрлеу тек 35-ші шақырымда кездеседі.
Маршрут бойында жапон сәулетінің көрнекті нышандары орналасқан: дәстүрлі ғимараттарымен танымал Канда ауданы, саудасы қызған Гинза көшелері, ғасырлық тарихы бар Хибия саябағы. Старт Токио үкімет сарайының алдынан басталып, мәреге әйгілі Император сарайы мен Токио вокзалының жанында жетеді.
Жапондардың ұйымдастыру мәдениеті де бөлек мақтауға тұрарлық. Жыл сайын шамамен 2 миллион қала тұрғыны көшеге шығып, қатысушыларды қолдап, «тірі қабырға» жасайды. Осындай қолдаудың арқасында марафон спорттық жарыстан гөрі нағыз мерекеге айналады.
Айтпақшы, Алматыдан Токиоға ұшақ билеті шамамен 136 502 теңге тұрады. Ал жарысқа тіркелу ресми сайт арқылы жүзеге асады.
Әлемдегі ең беделді марафондарды еңсерудің шыңы - Six Star Medal. Бұл марапатты алу үшін спортшы әлемнің алты ірі марафонын - Токио, Бостон, Лондон, Берлин, Чикаго және Нью-Йорк жарыстарын сәтті жүгіріп өтуі тиіс. Әрбір қала - тарихы мен дәстүрі терең, жүгірушілерге ерекше рух сыйлайтын орталық. Сондықтан бұл медаль марафоншылар үшін тек спорттық жетістік емес, ерік-жігер мен табандылықтың символы саналады.
Оны алу үшін ресми Abbott World Marathon Majors бағдарламасына тіркелу жеткілікті. Әр қатысушының ресми нәтижелері автоматты түрде есепке алынып, марафонды аяқтаған сайын бір жұлдыз қосылып отырады. Қызығы - бұл медальді алу үшін белгілі бір уақыт шектеуі жоқ. Жүгіруші жарыстарды қалаған ретімен, қалаған жылында өте алады.
Алайда статистика бұл жолдың оңай еместігін көрсетеді. Орта есеппен марафоншының алғашқы жұлдызынан алтыншысына дейінгі аралығы 8 жыл 1 айды құрайды. Бұл - үлкен төзім мен тұрақтылықты талап ететін көрсеткіш.
Бұл деректер бір нәрсені айғақтайды: Six Star Finishers - тек спортшылар ғана емес, олар шыдамдылық пен табандылықтың әлемдік символына айналған тұлғалар.
Уақытпен бірге World Marathon Majors та дамып келеді. 2025 жылдан бастап Сидней марафоны ресми түрде әлемдік марафондар сериясына қосылады. Бұл қадам WMM тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.
Алайда жаңа сұрақ туды: «Енді Seven Star медалі бола ма?» Ұйымдастырушылардың жауабы - жоқ. Оның орнына болашақта арнайы Nine Star Medal енгізілмек. Демек, тоғыз марафонды еңсергендер бірден екі марапатқа ие болады: Six Star және Nine Star.
Қазіргі таңда тағы екі қала жаңа үміткер ретінде қарастырылуда:
Алдын ала болжам бойынша, Nine Star Medal ең ерте дегенде 2027 жылы енгізіледі.
Бұл өзгерістер World Marathon Majors-тің болашақта тек алты қала шеңберінде шектеліп қалмай, жаңа құрлықтар мен мәдениеттерді біріктіретін жаһандық қозғалысқа айналатынын көрсетеді.