Бостандыққа шығатын педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстау керек – Асхат Аймағамбетов

13 Наурыз, 12:17 750

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бостандыққа шығатын педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстауды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше апта бұрын маңызды заңды қабылдадық. Бұл – педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру. Енді олар өмір бойы түрмеде отыруы керек. Бірақ бұл норма осының алдында сотталған педофилдерге қатысты емес. Яғни енді алдында сотталғандар бірте-бірте бостандыққа шыға береді, - деді мәжілісмен.

Дегенмен депутат бұл жағдайды да ескере отырып бір норманы ұсынғанын атап өтті.

Бостандыққа енді шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу. Бұл дегеніміз – бостандыққа шығатын педофилдерді енді өмір бойы бақылауда ұстау, олар қайда жұмыс істейді? Қай жерде тұрады? Тіпті, керек болса, мұны картаға шығарып қою дегендей. Бұл азғындар ешқашан өзгермейді. Оны мен айтып жатқан жоқпын, мұны ғылым көрсетіп отыр. Бұл норма неге қолданылмады? Біз сонда кімді қолдап отырмыз? - деді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізде болса, бұған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер өмір бойына сотталатынын мәлімдеген.

Миражан Махан
Бөлісу: