Боранбек Қоңыратов: Демеудің отбасында сәби келгенде оның Олимпиададан жүлде алатынын сездім

3 Қыркүйек, 19:19 656

Соңғы 15 жыл көлемінде грек-рим күресінен бірнеше чемпионды тәрбиелеп, күрес саласындағы жаттықтырушыларының ішінде өзіндік қолтаңбасымен, бапкерлік білігімен ерекшеленген маманның бірі – Боранбек Қоңыратов. Жақында төл шәкірті Демеу Париж Олимпиадасында күміс жүлде еншіледі. Бұл еңбегін мемлекет те ескеріп, президент «Парасат» орденімен марапаттады. Осы ретте білікті маманмен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Ақордадағы президенттің қабылдауы

Париж төрінде топ жарған қазақ спортшыларды жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Еліміздің абыройын асырған қыз-жігіттердің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Мемлекет басшысы барлығының кеудесіне мемлекеттік наградалар тағып, жеңісімен құттықтады. Олардың арасында Демеу Жадыраев пен бапкері Боранбек Қоңыратов та болды.

Спорт саласында жүрген әр жаттықтырушының, әр бапкердің арманы – Олимпиада шыңын бағындыру. Парижде әнұранымызды шырқата алмасақ та, туымызды көкке көтердік. Бұған қатты қуаныштымын. Елде де қошемет жақсы болды. Осы жолы президентіміз қабылдап, Ақордада марапаттады.

Жыл соңына дейін дисквалификация

Биылғы жылы Дәулет Тұрлыханов басқаратын күрес түрлері федерациясы Боранбек Қоңыратовты жыл соңына дейін жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарынан аластатты. Сондықтан білікті маман шәкіртімен бірге Парижге бара алған жоқ. Нұсқаулықты тек телефон арқылы берді. Дисквалификация алуына негізгі себеп – Алматы облысындағы жарыстардың бірінде отандық төрешімен келіспей қалуы.

Өйткені Қоңыратовтың шәкірті күресіп жатқанда төреші Игорь Лигай қарсылас балуанға көпе көрінеу болыса бастаған. Бұған дейін бапкер шыдамай, айтарын айтып тастаған. Кейін төрешіге қысым көрсеттің деп федерация жарыстардан шеттетіп, жыл соңына дейін дисквалификация берген.

Баланың көңілі далада, ата-ананың көңілі балада дейді. Демеу шәкіртім ғана емес, баламдай болып кеткен. Оқу-жаттығулары кезінде хабарласып отырамыз. Кешке демалған уақытта да телефонмен сөйлесіп, ақылдасамыз. Демеудің қасында басқа да шәкірттерім жүрді. Олар телефонмен түсіріп отырады. Психологиялық, физикалық болсын ньюанстарын айтып отырады. Бел бұлшық еттеріне мән береміз. Кейде шалынып, аяғын жарақаттап алады.

Демеудің күрестегі әдісі

Тек төрт тағанда ғана емес, тұрып та жақсы күреседі. Комбинациясы, әдістері көп. Бастысы, екі комбинация жұмыс істейді. Біріншісі жабысу, екіншісі қол байлау. Қайсысынан кейін қайсысы келетінін жақсы біледі. Партер де өз әдістеріміз бар.

Жадыраевты қалай жолықтырды

Боранбек Қоңыратов – 1966 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Спортшы ретінде КСРО кубогының қола жүлдесіне қол жеткізген. Балуан Боранбектің қабілетін ең алғаш ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Таңат Сағындықов байқаған. Бірақ ерте үйленіп, балалы болған соң спортты тастап кеткен. 23 жасында карьерасын аяқтапты. Үлкен спортқа тек 2005 жылы оралған. Бапкерлік карьерасы осы кезден басталған.

Қалаға 2004 жылы күзде келдім. Ал 2005 жылы нақты кірісіп кеттім. Ең алғаш Ербол Қоңыратовты жаттықтырдым. Одан кейін Дархан Баяхметовтің томағасын сыпырдым.  Бейжің бесінші орын алғанын білесіздер. Алмас Кебіспаев та менің шәкіртім. Төртінші осы Демеу келді. Алғашқы үшеуін бұрыннан білсем, Демеуді бұрын танымайтынмын. Мектептердегі жасөспірімдердің жарысын тамашалай бермейтінмін. Жадыраевты алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбеков табыстады. Өте білікті маман. Ұсыныс тастаған соң, бетін қайтарғым келмеді. Жаттықтырушылық карьерамды енді бастаған соң, энергия тасып тұрған еді. Төртіншісін де алуға бел байладым.

Демеу салмақ ауыстыра ма?

Осыған дейін барлық шешімді бірге ақылдасып қабылдадық. Жақсы тандем болып келе жатырмыз. «Жасы келді» енді карьерасын аяқтайтын шығар деген болжамдар айтылып жатыр. Алдымен осы жеңісінің рахатын көру керек. Қаншама жыл тер төкті. Сүйектері сынды, жарақатын емдейді. Отбасының жанында болады. Бір жылда 12 ай болса, соның 9-10 айын оқу-жаттығу жиындарында өткізеді. Алдағы уақытта қандай шешім қабылдайтынымызды бірлесіп шешеміз.


Жақсылық Үшкемпіровпен қарым-қатынасы қандай болған?

Екеуіміз жиі кездесіп тұрдық. Дүниеден өтерде  1 апта бұрын ауруханада жатыр. Сол кезден таудан қымыз әкеліп тұрдық. Самат деген кмөекшісі екеуіміз таудан үнемі саумал апарып тұрдық. Ауруханаға кіргізбеді, бірақ телефон арқылы рахметін айтатын.

Қазақ балуандарының сәтсіздігі, қырғыздардың жетістігі

Бүгінгі күнде күрес бір орында тұрып жатқан жоқ. Бұрын Өзбекстан мен Қырғызстанның күресі төмен болса, қазір олар даму жолына түсті. Ұйықтап жата бере ме, жұмыс істеп жатыр. Олар да ізденеді, бұрынғыдай емес, барлық жарыстардың видеосы бар. Түсіреді, қарайды, талқылайды. Жоламан, Ақжол және өзбек балуандарының қазіргі жетістіктеріне қуанамыз. Екеуі екі дүркін әлем чемпионы атанды.Шетелге барғанда, оқу-жаттығу жиындары кезінде бір-бірімізге көмектесеміз.

Ал бізге келетін болсақ,  бұл сәтсіздіктерге федерация басшысы, бас бапкер жауап беруі тиіс. Олимпиадаға барғанда көп балуан жанып кетеді. Ол жақтың атмосферасының өзі спортшының мысын басады. Спорттты білетін де, білмейтін адамның да рухы көтеріледі. Арқасы қозады. Өзіміз атқа мінсек те, делебеміз қозады ғой. Олимпиада деген жауапкершілік, ой тұрғысынан қысымды арттырады. Әлемді бес рет жеңгендердің ішінде Олимпиаданы ала алмағандар жетерлік. Қырғыздың Айсұлу, Ақжол, Жоламан секкілді балуаны соңғы екі әлем чемпионатын ұтты. Бірақ Олимпиаданың алтынына қол жеткізе алмады.Олимпиадада чемпион атанатындардың 70-80 пайыз қатты елдің назарында болмағандар.

Жапония күресінің жетістігі

Париж Олимпиадасында Күншығыс елінің балуандары мықтылық танытты. Грек-рим және еркін күрестен қос-қос алтыннан алса, әйелдер күресінен 4 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді.

Жапония қарыштап кеткен ел. Экономика жағынан болсын басқа саладан болсын дамыған. Күрес түрлерінен де Парижде жақсы өнер көрсетті. Грек-рим күресінен де екі алтын алды. Спорт болғасын алма-кезек болып тұрады. Бұл жолы жапондардың жақсы дайындықпен келгенін байқадық. Жалпы Парижде Азия құрлығының балуандары ерледі. Тұғырда төрт адамның екі-үшеуі азиаттар болды.  Осыдан-ақ бағамдай беріңіздер.

Төрешімен де күресу керек

Кілемге шыққанда қарсыласпен ғана емес, төрешімен де күресу керек. Оның психикасымен де күресің. Жоқ жерден ескерту немесе ұпайдан айырылып қалмау үшін әккі болуың қажет. Амал жоқ, сондай кезде шабуылға шығам деп, қателік жасау қоюуың мүмкін.Күресте 1 минут немесе 1 минут 10 секундтан кейін төрт тағанға қояды. Төреші оған дейінгі белсенділігінді қарайды. Кейде бастапқы 40 секундтағы белсенділікке, кейде соңғы 15-20 секундқа қарайды.  Кілемнің үстінде күрескен балуанға осыны дәл табу оңай емес. Мен өзім шәкіртіме айтып тұрамын. Бұл «төрешімен күрес» деп аталады.

Легионерлер туралы

Ақордадағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, Олимпиадаға легионерлер қосу тәжірибесі дұрыс еместігін жеткізді.

Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді президент.

Мұны тәжірибелі маман Боранбек Қоңыратов қолдайтынын айтты. Тоқаевтың айтқаны дұрыс болды деп санайды.

Президентіміздің айтқаны керемет, ұнап отыр. Шетелдіктер керек емес, өз азаматтарымызды көтерейік. Мемлекет басшысына, оған бұл мәселені жеткізген адамдарға ризамын. Көптеген проблеманы естіген екен. Енді президенттің айтқанын бұлжытпай орындасақ, көп нәрсеге жете аламыз.

Демеуден басқа балуандар неге жүлдесіз қалды?

Өйткені бұл Олимпиада. Егер барлық салмақта қазақ балуандары алтын алатын болса, басқалар жұмыс істемей отыр деген сөз.  Төрт жылда бір өтетін додада бақ шаба ма? бап шаба ма? дегендей.

Қазір қандай шәкірттері бар?

Ағайынды Ернар мен Ернұр Фидахметовтерді тәрбиеледім. Жастар арасында жақсы күресті. Кейін белгілі себептермен тоқтап қалды. 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алған шәкіртім бар. 2024 жылы 23 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионы атанған спортшы да менің қарамағымда.

Жадыраевтан бапкер шыға ма?

Мен алғашқы жаттықтырушы ретінде карьерамды бастайтын тұста Таңат Сағындықов ағаммен сөйлестім: «Аға, менің қолымнан келе ме?» деп сұрадым. Ол кісі бірден «әрине» деп жауап берді. Қандай қабілетімді байқап тұрсыз дегенде, өзің күресіп жүргенде қасындағы командалас достарына нұсқау беріп, дайындап жатасың. Сенен қалай бапкерлік шықпайды? деп айтты. Маған ол кісінің айтқан ақылы: «Шәкірттерінді бөлме, мынадан бірдеңе шығады, мынадан шықпайды?» деген әңгіме болмасын деп айтушы болма деді.

Осы ретте айтарым Демеуді бапкер ретінде елестете аламын. Ол Парижде күресіп, күміс медаль алғанда командалас достары: «Оның өзі қалай қуанғанын білмейміз, біз қатты қуандық» деп айтты. Өйткені оның бойында әріптестеріне көмектесу, қолдау деген бар. Сосын да басқалары жақсы көреді. Жаттықтырушы болған кезде оның жауапкершілігі артып, өз тәжірибесін жастарға жақсы бере алады. Мен оның бапкер болатына 200 пайыз сенеміз.

 

Шәкірті қызды болғанда...

Демеудің отбасында сәбиі дүние есігін ашқанда Майтабан келді деп айттым. Шәкіртім енді жеңілмейді деп сендім. Қазақ халқы ырымшылмыз ғой.

Айдана Мұрат
Бөлісу: