Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін адамдар қолда бар барлық әдісті: сарымсақтан бастап ауа зарарсыздандырғыштарға дейін пайдаланады. Сондықтан бүгін біз тұрмыстық құрылғылардың аурудың алдын алуға қаншалықты көмектесетінін және олардың қандай қауіп төндіретінін қарастырдық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Құрғақ ауа мұрын мен терінің шырышты қабаттарына зиянын тигізеді, олардың қорғаныс қызметі әлсіреп, микробтарға осал және жарақаттарға бейім болады. Әсіресе, бұл жағдай атопиялық дерматиті, көздің құрғауы немесе мұрыннан қан кетуі бар науқастар үшін маңызды.
Мәселені ылғалдандырғыштармен шешуге болады. Құрылғылар әртүрлі болғанымен, жұмысының мәні бір: суды буға айналдырып, бөлмеге таратады. Дегенмен мұндай әдістің тиімділігі белгілі бір аумақпен шектелетінін ұмытпаған жөн.
Кең көлемді зерттеу көрсеткендей, оқу орындары мен кеңселерде ауа ылғалдандырғыштар айтарлықтай нәтиже бермейді және көз бен терінің құрғауына көп көмектеспейді. Ал үй жағдайында олар мұрынның шырышты қабығы құрғағанда пайдалы болуы мүмкін. Сонымен қатар ЖРВИ кезінде тыныс алу белгілерін (мысалы, тұмау) жеңілдету үшін қолдану ұсынылады. Бірақ мұнда бірнеше маңызды жайт бар:
Құрылғыны тұрақты түрде тазалау қажет. Ылғалды ортада вирустар мен бактериялар тез көбейеді. Егер үш күн сайын жумасаңыз және сүзгілерін ауыстырмасаңыз, құрылғы бөлмеге микробтар тарата бастайды.
Артық ылғал да зиян. Ең тиімдісі – 30-50%. Егер ылғалдылық тым жоғары болса, бөлме қапырық болып кетеді. Бұл әсіресе шаңға аллергиясы бар адамдар үшін қауіпті: шаң кенелері мен микробтар ылғалды жақсы көреді, сондықтан көбейіп, аллергия ұстамасын қоздыруы мүмкін.
Суды таңдау маңызды. Қарапайым су құбырының суын қолдануға болмайды, себебі ондағы минералдар тыныс жолдарында және жиһазда шөгінді қалдырады. Сондай-ақ құрылғының ішінде әк жиналып, микробтардың көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан дистилденген немесе бөтелкедегі суды қолданған дұрыс.
Бұл құрылғылар көбінесе эфир майлары арқылы бөлмеге жағымды иіс беру үшін қолданылады. Кейде оларға ауаны тазарту секілді пайдалы қасиеттер телінеді. Алайда зерттеулер мұны растамайды. Керісінше, 2021 жылғы тәжірибелер көрсеткендей, эфир майларынан бөлінетін ұшпа органикалық қосылыстар озонмен әрекеттесіп, ауаны қосымша ластайды.
Францияның еңбекті қорғау және экология агенттігі (ANSES) эфир майларын көп мөлшерде жұтқанда, мұрын мен тамақ тітіркенетінін ескертеді. Ал АҚШ-тың аллергия, астма және иммунология академиясы астмасы немесе аллергиясы бар адамдарға аромадиффузорды пайдалануды шектеуді ұсынады. Мұндай құрылғылар түнгі ентігу мен тыныс алу белгілерін күшейтуі мүмкін. Бұдан бөлек, эфир майлары үй жануарлары үшін де қауіпті.
Терапиялық әсеріне келсек (мысалы, мигреньді немесе ұйқысыздықты жеңілдету), ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кейбіреулер ароматерапия иіс сезу рецепторларын қоздырып, жүйке жүйесі арқылы эмоцияға жауап беретін ми бөлігіне сигнал жібереді дейді. Бірақ бұған нақты дәлелдер жеткіліксіз.
Аустралия Денсаулық сақтау министрлігінің ірі зерттеуі эфир майларын иіскеу ұйқыны аздап жақсартуы мүмкін екенін көрсетті. Алайда ауырсыну немесе жүйке жүйесінің ауруларына пайдасы туралы фактілер жеткіліксіз болғандықтан, нақты ұсыныс жасау мүмкін емес.
Бұл құрылғылар ауаның сапасын жақсарту үшін теріс зарядталған иондар (аэроиондар) шығарады. Теория жүзінде олар шаңды, аллергендер мен микробтарды азайтады, сөйтіп ЖРВИ мен аллергия ұстамасының алдын алады делінеді. Бірақ олардың тиімділігі әлі де талқыланып жатыр.
Мысалы, 2021 жылғы зерттеуде иондармен ауаны тазалау бір ластауышты азайтқанымен, басқа зиянды бөлшектердің жиналуына себеп болған. Сингапур ұлттық университетінің ғалымдары да ионизаторлар бөлмедегі ауаны жақсартатынын, бірақ денсаулыққа нақты клиникалық пайдасы дәлелденбегенін анықтады.
Бұл құрылғылар ауаны тартып алып, сүзгіден өткізіп қайта жібереді. Осылайша зиянды бөлшектерді ұстап қалып, ауаның сапасын жақсартады.
Ауа тазартқыштар – тиімділігі дәлелденген сирек құрылғылардың бірі. Мысалы, 2021 жылғы зерттеу HEPA-сүзгілері бар аппараттар ұсақ бөлшектерді (PM 2.5) жоятынын көрсетті. Бұл бөлшектер өкпенің тереңіне еніп, қанға түсіп, қабыну мен оттектік стресс тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар олар вирус жүктемесін де азайтады. Патогендерді тікелей өлтірмесе де, оларды тасымалдайтын аэрозольдерді сүзгіден өткізеді. Дегенмен әсері құрылғының қуатына және бөлменің көлеміне байланысты. Кейбір тазартқыштардың жұмысы барысында зиянды қосымша өнімдер (мысалы, формальдегид) бөлінуі мүмкін. Сондықтан АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі сүзгілерді уақтылы ауыстыруды және құрылғының мүмкіндігін ескеруді ұсынады.
Ауа ылғалдандырғыштары тыныс алу белгілерін жеңілдетуі мүмкін, бірақ вирустардан қорғамайды. Керісінше, дұрыс күтім жасалмаса, микробтардың ошағына айналады.
Аромадиффузорлар ауаны тазаламайды, тек иіс береді. Астма немесе аллергиясы бар адамдарға оларды қолданбаған жөн.
Ионизаторлар ауаның сапасын арттырса да, денсаулыққа нақты пайдасы дәлелденбеген.
HEPA-сүзгілері бар ауа тазартқыштар ең тиімді нұсқа болып саналады: зиянды бөлшектерді ұстап қана қоймай, вирус тасымалдаушы аэрозольдерді де азайтады. Бірақ қуаты мен бөлменің көлеміне сай таңдау маңызды.