03.01.2026
20:51
828
Болгария құрамасын футболдан әлем чемпионатына апарған бапкер бақилық болды

Болгария құрамасын футболдан әлем чемпионатына апарған бапкер бақилық болды

Болгария футболының аңызы, 1994 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманы тарихи жетістікке жеткізген бас бапкер Димитар Пенев 80 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Қаралы хабарды Болгария футбол одағының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Бұл - болгар футболы үшін өте қайғылы күн. ХХ ғасырдағы Болгарияның №1 жаттықтырушысы, аңызға айналған Димитар Пенев өмірден озды. Ол 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында ұлттық құраманы тарихтағы ең үздік нәтижеге — төртінші орынға жеткізген стратег еді. Шілде айында ғана 80 жылдық мерейтойын атап өткен болатын», - деп жазылған Футбол одағы таратқан мәлімдемеде. 

Димитар Пенев футболдағы жолын 1959 жылы Софияның «Локомотив» клубында бастады. Бұл командада 1964 жылға дейін ойнап, кейіннен ЦСКА клубына ауысты. ЦСКА сапында 1977 жылға дейін өнер көрсетіп, клуб тарихындағы ең табысты ойыншылардың біріне айналды. Ол Болгария чемпионатын бір рет «Локомотивпен», жеті мәрте ЦСКА құрамында жеңіп алды. Сондай-ақ Пенев 1967 және 1971 жылдары Болгарияның ең үздік футболшысы атанған. 

Ұлттық құрама сапында Димитар Пенев 90 матч өткізіп, екі гол соқты. Ол 1966, 1970 және 1974 жылдардағы әлем чемпионаттарына қатысқан тәжірибелі ойыншы болды.

Футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған соң Пенев жаттықтырушылыққа бет бұрып, Болгария ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен Болгария құрамасы 1994 жылғы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында сенсациялық түрде төртінші орынға ие болып, ел футболы тарихындағы ең үлкен жетістікке қол жеткізді.

Осы еңбегі үшін Димитар Пенев Болгарияның ХХ ғасырдағы ең үздік жаттықтырушысы деп танылды. Сондай-ақ ол София қаласының құрметті азаматы атанған.