Болат Бопай: Наурыз – ұлт болмысын айшықтаған мереке

19 Наурыз 2017, 09:00 7550

Этнограф айтқан ой

Көктемнің басты мерекесін бүгінде тек түркі тілдес халықтар ғана емес, өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері де атап өтеді. Алайда оның тарихы мен мерекенің мәні мен мағынасы туралы әркім әртүрлі түсіндіріп жүр. Біз осыған орай Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф, жазушы, журналист  Болат Бопайұлы Жотақажыны әңгімеге тартқан едік.

 – Болат Бопайұлы, әңгімемізді «Наурыз» мерекесінің атауынан бастасақ?

– Кез келген мереке-мейрамның өзіндік тарихы бар. Ұлттың тұтас болмысын айшықтап көрсететін мұндай мерекенің негізгісін Ұлыстың ұлы мерекесі деп атасақ артық болмайды.

Қазір түрлі әдебиеттерде бұл мерекені парсылардың «нау» және «руз» деген екі сөзінен шыққан «жаңа күн» ұғымымен байланыстырып жүр. Кейде оны «ақ мерекесі, «сүт мейрамы», төл ырысы» деп де атайды. Қазақта науқан және ырыздық деген сөздер бар. Осыған қарағанда, жаңа жылдың ырыздығы дегенді білдіруі мүмкін.

Біздің қазаққа «наурыз» деген сөз де жат емес. Десе де, өз ана тіліміздегі уызын еміп тоқ қарын болып, толық мағына беріп тұрған мәйекті сөзімізді мәнімен қолдансақ та, артықтық етпейді. Уыз ай деген сөз мағына жағынан да дәлме-дәл ұғым беріп, қаққан қазықтай бұлжытпай аятын білдіріп тұрған жоқ па?

Бұл айда күн мен түн, жарық пен қараңғы теңеледі. Қыс ызғары қайтып, төрт түлік мал төлдейді. Адам ауызы аққа, мал аузы көкке тиеіп, жер бетінде шаттық орнайды. Жылы жақтан көктем құстары оралып, жануарлар қысқы ұйқыдан оянадады. Осындай қасиетті күнді қазақ «Ұлыс күні», «Ұлыстың ұлы мерекесі»  деп атаған. Оны қазір бір ұлтқа ғана теліп қоюға болмайды.  

Ел арасындағы аңыз-әңгімелердің желісіне жүгінсек жер бетін топан су басқан кезде Нұх пайғамбар кеме жасап, адамзатты құтқарып қалады. Ал бұл кеменің тоқтаған жерін біреулер қазіргі Қазығұрт тауы десе, екіншілер Арабиядағы Жуда тауы дейді. Олар өздерінде қалған ең соңғы 7 дақылдың дәнін егіп, жеті қат көктің астында, жеті қат жердің бетінде, жеті ағайынды жұрт болып аман қалдық, енді жеті атамызбен, жеті ұрпағымызбен жарасып жүрейік деген мағынада Тілеу көже, яғни қазіргі Наурыз көжені жасаған. Ораза ұстау деген де содан қалған дейді. Кемедегі дәнді еккеннен кейін балиғатқа толғандары егін шыққанға дейін азықтарын үнемдеу үшін 3 ай ораза ұстаған деп айтылады.

Наурызды мереке ретінде тойлау дәстүрі жер бетіндегі халықтардың бір қыдыруының тұрмыс-салтында бар әдет. Бұл үрдіс бағзы заманнан бері қарай жалғасып келеді. Мәселен, гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гул гардон», хорезмдіктер «Наустаж», татарлар «Нардуган», буряттар «цаган сар», ұйғырлар «гүл наурыз», қазақтар «Наурыз» деп түрлі-түрлі атап келген.

Қорыта келгенде, Наурыз мейрамы жоғарыдағы атап өткен ұлттардың бәріне бірдей ортақ мереке болып табылады. Соның ішінде қазақ халқының аса жоғары бағалайтын мерекесі болып есептеледі. Осы мерекеде қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, ырым-жырымы, жол-жоралғысы, табиғат және жаратылыстану аясындағы көзқарастары Наурыз мерекесіндегі той салттанаттарында көрініс табады

– Наурыз көже қалай жасалған және онда жасалатын ырымдар қандай?

– Біздің қазақ оны қысқы соғымнан қалған сүр етпен, қатық, тары, бидай, арпа, күріш сияқты дақылдар қосылған астан «Наурыз көже» немесе «Тілеу көже» жасаған. Наурыз көжеге салынатын дақылдар 7, 9, 11, 13, 15 деген сияқты тақ сан болады. Оның жетіден басталуы себебі, 7 –   жеті ықылымға, жеті қабат жерге,  жеті қат көкке, жеті  атаға байланған сан. 9 – тоғызымыз түгел болайық деп берекеге байланған; 11 – он бір атаны, 15  – он бес  аталық жалғастыққа байланыстырылған. Бізде әлі күнге дейін  1500 жылға созылған аталық іздің сақталып қалуы тегін емес.

Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңында әлі күнге қазақ халқы үйлерін қағып-сілкіп тазалайды. Мереке күні киетін сәнді киімдерін әзірлейді. Ескі-құсқы киімдері болса, жаға, түймесін үзіп алып, қалғанын қоғысқа тастамай өртеп жібереді.

Қазақтың ежелгі ұғымында 21 наурыз күні жер иесі Қызыр ата өз иелігін аралайды екен. Таң бозарып келе жатқанда, мейірі түскен бір үйге аялдайды. Қызыр қонған бұл үйге құт-береке дариды, дәулеті шалқиды. Сондықтан көңілі жақын ағайын адамдар топтасып, Қызыр қонады-ау деген бір үйге жиналады. Олар түні бойы ән айтып, күй шертіп, би билеп,әңгіме-дүкен құрып жаңа күннің шығуын қарсы алады. Үй иесі қонақтарына ақсарбас қойын сойып, сый-құрмет көрсетеді. Ал Ұлыстың ұлы күні бір-бірімен жолыққан барлық адам төс қағысып амандасып, жаңа жыл тілегін білдіреді. Бір-бірінің үйіне қыдырып, арнайы әзірленген көжеден дәм татып, үй иесі ақсақалдардың алдына кәделі асын тартады.

– Ағаш егу, бұлақ көзін ашу  сияқты рәсімдер болған ба?

– Әрине. Оның да өзіндік тарихы бар. Топан су тартылған кезде-ақ,   адамдар жер бетіне қайта аяқ басқанының құрметіне жасалған Ұлыстың ұлы мерекесі кезінде ағаштарды батпақтан тазартып, бұлақтардың көзін ашқан көрінеді. Бұл рәсімдерді қазір де жаңғыртуға болады. Егер жер-жерде  осындай шаралар қолға алынатын болса, даламыз жасыл алқаппен бұдан да көркейіп, орман-тоғайларымыздың көлемі ұлғаятыны күмәнсіз. Бған ақсақалдар мен ауыл, қала, облыс басшылары ұйтқы болып, тиісті іс-шараларды жасайтын болса, одан ұтпаса ешкім ұтылмайды.

– «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген осы Ұлыстың ұлы күні емес пе?

– Дұрыс айтасың. Қазір Ұлыстың ұлы күні деген сөзді кейбір азаматтар түрлі мерекелік жиындарда жиі айтады. Бабалармыз оны күн мен теңелген кезде, жаңа жылды мал-жанымыз аман, береке-бірігіміз артсын деген мағынада Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Бәйге, күрес, көкпар, айтыс сияқты бүкіл жұртшылық қызыға тамашалайтын үлкен сайыстарды осы күні ұйымдастырған. Наурызды барлық сән-салтанаты, жөн-жосығымен мерекелеп, кейде бұл мерекенің  бір емес 9 күнге дейін жалғастырып тойланғаны сондықтан. Тіпті келін түсіру, қыз ұзату сияқты ізгілікке толы әс-әрекетерді осы айға тұралаған.

– Наурыздың ұмыт болған тағы қандай салт-жоралғыларын қазір қайта жаңғыртуға болады?

– Қазақ халқында Ұлыстың ұлы күнінде хан-қара, үлкен-кіші, ер-әйел, жас-кәрі демей барлық адамның дәрежесі тең болған. Жай күндері ренжісіп, өкпелескендер дәл осы күні іздеп барып, бір-бірінен кешірім сұрасқан. Қол алысып, төс қағыстырып бірінің үйінен бірі дәм татысқан.

Ал қазір кейбір жерлерде Наурыз мерекесі кезінде бұл әкімдер мен өзге де шенді-шекпенділерге арналған деп киіз үйлердің есігін тарс бекітіп қойып, барлық тағамды тек соларға ұсынып жататындар аз емес. Бұдан бөлек, Ұлыстың ұлы күнгі түнде жастар бір төбенің басына алтыбақан құрып, от жағып, таңды ән мен күймен қарсы алған. Онда бозабалалар ұнатып жүрген қыздарына селт еткізер кәдесін сыйлап, қыздар ұйқышар тағамын ұсынған. Қазір бұр рәсімді жігіттер 8 наурыз күні жасап жүр. Тіпті Ғашықтар күні дегенді ойлап тауып, қолданмереке жасауға талпынып жүргендер де бар.

– Наурыз айында шыққан күннің райына қарап, алдағы жылдың күннің райына болжам жасайтын есепшілер туралы не айтасыз?

– Иә. Қазақ есепшілері жаз есебін күн мен түннің теңелген наурыздың 21-і күні жаңа жылдың басында жаңа туған айға қарап, есептейтін көрінеді. Олар жұлдызды түнді күзетіп, төрт түлік малды бақылап, ұйықтамай таң аттырады. Егер осы түні түйе ернін жиі жыбырлатса, жылқы қайта-қайта оқыранса, сиыр мұрынын жиі жаласа, қой еміс-еміс мекреніп, таңертең қорадан жайбырақат шықса онда көктем ерте оралады. Күн тез жылынады, көк ерте көктейді, жаз жайлы болады деген. Ал осы күні таңертең күн шоқтай жанып, ұясынан көтеріліп, кешке ұясына қып-қызыл боп қонса, ауа-райы жақсы болғанымен, адам араында өлім-жітімге ұшыратар соғыс апатары болуы мүмкін деген. Аяқ астынн төрт түлікке індет келіп, егінге шегіртке қаптауы ғжап емес деп болжам жасаған. Егер сол күні күн көкжиектен сарғайып көтеріліп, қызуы маңдайдан өтсе, сол жылы құрғақшылық болады деп санаған. Күн көзі шұбартып, көкжиектен күңгіртеу болып көтеріліп, кешке бұлтқа сүңгіп барып батса, онда ол жылы жазда жауын-шашынның мол болатыны болжанған.

Наурызда жауып,қатқан қардың үстіне ақсарбас қойдың құмалағын тастап, көктемнің ерте не кеш келуін болжаға. Құмалақ қарға батпай, үстінде қалсакөктем қырық күн кешігіп келеді. Қарға бармақ бойы батса, қырық күн ерте келеді. Күн ерте жылынады, егінді ерте егу керек.,көктеуге ерте бару керек деп ұйғарым жасаған.

–  Наурыздағы қазақ ырымдары туралы да айта кетсеңіз?

– Басым бақыт дарысын деп жаңа шыққан күнге қарап бетін сипайды. Үйіне қарлығаш ұшып акірсе, жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдаған. Жол тосылады деп Наурыз күні тырнақ алмайды, шаш қиғызбайды. Құрғақшылық болады деп Наурыз күні жауған қарды күремейді. Қыдырып келген баланы құр қол қайтармайды. Бала – бақыт, бала – бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді деп ырым етен. Мал төлдесе, құтымыз басқаға ауып кетпесін деп төлін біреуге сыйламайды. Наурыз күні туған бала елге құт болып қонады деп, ұл болса Ұлысбек, Наурызбек, қыз болса Наурызгүл, Ұлысжан деп қояды. Үйінің төбесіне сауысқан қонып шықылықтаса, олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенген.

– Әңгімемізді Наурыз немесе Уыз мерекесінде берілетін батамен түйіндесеңіз?

– Ұлыс кірді, оң болсын,

Ақ пен уыз мол болсын.

Ырыс тасып далада

Уайым-қайғы жоқ болсын.

Асқа толсын тай қазан,

Береке берсін бай қазан.

Тілеу көже ішіңдер,

Үйімізге келіңдер,

Ақ маржанды батаны

Уыздай ғып беріңдер.

Даналардың артынан

Тайдай шауып еріңдер.

Күн нұрындай жарқылдап,

Аққу қаздай қаңқылдап,

Жайраң қағып күліңдер.

Қария мен анаға,

Іздеп, сәлем беріңдер.
— Аумин! Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу: