Болат бұранда қалай жасалады? (ФОТО)

26 Ақпан 2015, 10:49

Астана қаласының әкімдігінің «Техникалық колледжіндегі» кең профилді станокшы мамандығында оқып жатқан студенттерімен бірлесіп бұранда жасаудың машақатты жұмысын назарларыңызға ұсынамыз.

Астана қаласының әкімдігінің «Техникалық колледжі» МКҚК 75 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны. Осы уақыт аралығында колледжді 22 директор басқарды, бірнеше оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері алмастырылды. Қазіргі күнде 300-ден астам студентті кәсіптік біліммен тәрбиелеп отырған оқу орны индустриалық-инновациялық сала үшін кадрлар даярлауға баса назар бөліп келеді. Осыған орай, аталмыш оқу орнындағы кең профилді станокшы мамандығында оқып жатқан студенттерімен бірлесіп бұранда жасаудың машақатты жұмысын назарларыңызға ұсынамыз.

Бұранда жасауға бізге 23 жылдық тәжірибесі бар маман Гүлмайран Қайыржанқызы көмектесті. Тәжірибелі станокшы маманның айтуынша енді үйреніп жатқандар бір бұранданы 20 минут ішінде жасай алады. Қолы әбден жатыққандарға небәрі 10 минут жеткілікті.

«Бұрандаларды болаттан жасаймыз. Диаметрі 21 мм, ұзындығы 12 мм болатын          бұрандараларды қолдан жасау оңай. Шебер болып жұмыс істеп келе жатқаныма 23 жылдан  асып кетті. Өзім Щучинск педагогикалық-техникалық институтын аяқтағанмын. Маған  жұмысымның еш қиындығы жоқ. Қазір мен сабақ берген студенттер ірі-ірі зауыттарда жұмыс  істеп жүр. Қолымнан құрал-сайман жасап шығарғанымды көріп өзіме деген сенімділігім арта  түседі. Кейде біз колледжге жөндеу жүргізген кезде гайка, винт, бұранда сынды саймандарда  өзіміз жасап, түгендеп аламыз, сатып алудың қажеті жоқ» дейді Гүлмайран Қайыржанқызы.

Осы колледждің 3 курс студенттері Азамат пен Мейрамбек екеуі алдымен алты қырлы өңделмеген детальды станокқа орнатуға кірісіп кетті. Адамның жеке бас қауіпсіздігі үшін жонғыш станокта арнайы форма мен көзілдірік кию міндетті. Себебі жонылған ыстық болат ұшқыны ыршып көзге түсіп кетуі мүмкін дейді олар. Алтықырлы детальды бекітпестен бұрын оны жонатын кескіш құрылғыны Гүлмайран шебер мен Мейрамбек Мұратұлы бір қайрап алуды жөн көрді.

Мұғаліміне көмектесіп тұрған Мейрамбек сөз арасында өзін таныстырып өтті. Ол Қарағандының Нұра ауданындағы №3 мектебінде білім алған екен. Соңғы курста оқып жатқанын айтқан студент кең профилді станокшы мамандығы бойынша келешекте жұмыс істегісі келетіндігін айтты.

«Кең бейінді станокшы мамандығын таңдағаныма өкінбеймін, болашақта осы мамандықпен жұмыс істегім келеді. Негізі бұл мамандық ауыр жұмыс қой. Табан ақы, маңдай термен істейтін ең адал мамандық деп білемін. Бір детальды жасауға бас-аяғы 20 минуттай кетеді. Биыл ақырғы курсты оқып жатырмыз. Оқуды аяқтағаннан соң Астанадағы ірі зауыттың бірі «Локомотив» зауытына орналасқым келеді» – дейді ол.

Ал, Азамат Жансейіт болса Астана қаласындағы №67 мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтағаннан соң осы колледжге физика және химия пәндерінен емтихан тапсыру арқылы түскен. 

«Колледжде 2012 жылдан бері оқып жатырмын. Астана қаласында туып-өскенмін. Теориялық білімімізді көбіне практикамен ұштасырып, шыңдап келеміз. Бұранда жасаудың өзіндік қиындығы бар. Бұдан бөлек ауыр жүк көліктеріне арналған әр түрлі құралдарды жонып жасауды үйреніп жатырмыз.Бұранда өлшемдерін анықтайтын математикалық кестені жатқа білсең болды, өзге қиындығы жоқ» – дейді Астана қаласы әкімдігі техникалық колледжінің Кеңейтілген профилді станокшы мамандығы бойынша 3 курс студенті А. Жансейіт.

Негізінен бұранда жасау төрт этаптан тұрады. Өңделетін бөлшек центрге немесе патронға бекітіледі. Суппорттың кескіш ұстағышына 4 кескіш бекітуге болады. Тесік пен саңылауды алуға және өңдеуге арналған аспаптар артқы топай пинолінің қорабына бекітіледі. Өңделетін бөлшектің айналмалы қозғалысын кескіштің ілгерілемелі қозғалысымен сәйкестендіре отырып, токарь станоктарында цилиндрлік, конусты, винтті ішкі және сыртқы беттерді, сол сияқты бұранда ою, шеткі қырларды кесу жұмыстарын орындауға болады. Келесі кезекте миллиметрлік кескішті берік бекітіп орталық нүктеге дәлдейміз. Дұрыс дәлденбесе ақау шыққан деталь іске жарамсыз болып қалады.

Екінші деталь сыртын тазалау. Кедір-бұдырдан арылтып, жылтыратып отырып әрлеу.

«Үшінші бұранданы оюға оңай болуы үшін шетін доғалдап сүйірлеу керек. Одан кейін бұранданы ою үшін арнайы құрылғыны пайдаланамыз. Бұранда ойғыштарды көбіне құрылыс дүкендеріне тапсырыс беру арқылы аламыз. Алайда арзандау Қытайлық өнімдердің сапасы тым нашар, тез сынғыш. Ресей мен Германияның өнімдері сапалы келеді» дейді Г. Қайыржанқызы. Суретте Мейрамбек бұранданы арнайы құрылғымен ойып жатыр. 

«Менікі қазір 16,2 мм болып тұр. Мен әлі 4,2 мм-ге дейін жұқартып, жонуым керек. Қадамы 12 мм-ге дейінгі бұранда оймаларын алу үшін, айналысты, суппорт берілісі сияқты, шпинделден аламыз. Қадамдары үлкен бұранда оймаларын алуда жылдамдықтар қорабындағы таңдап алу механизмінің үлкен қадамға арналған тізбегі қосылады. Ол үшін Б4 тісті дөңгелектер блогын, оның сол жақ шеткі 44 тісті дөңгелегі V біліктегі 34 тісті дөңгелегімен ілініске түсетіндей етіп, оң жаққа жылжыту керек. Бұл жағдайда суппорт қозғалысты V біліктен алады» – дейді ол.

Дайын болып қалған бұранда біртіндеп осылайша сұлбалана бастайды. Бұлай ою үшін кескіш құрылғы сапалы болуымен қатар, қара күш те керек дейді студенттер.

Дюймді бұранда оймасын кесу кезінде (суретте көрсетілгендей) М2 жұдырықшалы муфтасы қосылады, Б1 тісті дөңгелек ХІІ біліктегі 30 тісті дөңгелекпен, ал ХV біліктегі 39 тісті дөңгелек ХІV білікке бос отырғызылған қосарланған блоктың 22, 39 тісті дөңгелектерімен іліністе болады. Сонымен алтықырлы фигурадан осындай болат бұранда 20 минут ішінде жонып шығарылады.

Кең профилді станокшы мамандығында оқып жатқан 3 курс студенттері электротехника дәрісінде отыр. Әр дәріс 80 минут болады. Қазіргі күнде колледжде әр түрлі мамандық бойынша 300-ден астам студент білім алып жатыр. Шалғайдан қатынайтын студенттер тегін жатақханамен қамтамасыз етілген. Суретте пән бойынша топ жетекшісі Кенжегүл Райхан.


Ая Өміртай

Фото: Ғабит Мадалиев

 

Бөлісу: