Болашақ жұбайлардың денсаулық паспорты не үшін керек? Маман пікірі

24 Мамыр 2023, 16:25 1487

Жас жұбайлардың репродуктивтілігін тексеру паспортының маңыздылығы мен өзектілігі жайлы ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқарма жетекшісі Шакизат Халықова айтып берді,  деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Қазақстанда бірқатар шетелдердің ұқсастығы бойынша болашақ жас жұбайларға кешенді медициналық зерттеп-қараудан өтуді көздейтін отбасылық жұптардың денсаулық паспортын енгізу ұсынылған еді.

«Әрбір әйел - әрбір бала» ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасының жобасында «Отбасылық жұптардың денсаулық паспорты» жобасын әзірлеу және іске асыру көзделген. Ол некеге тұрғанға дейін қыздар мен жігіттерді ерікті профилактикалық тексеруді көздейді.

Аналар денсаулығын сақтау басқарма жетекшісі Шакизат Халықованың айтуынша, тұжырымдама әлі де талқыланып жатыр.

Барлығымызға белгілі 2022 жылы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша тұжырымдама жасауды тапсырған болатын. Осы тапсырма бойынша министрлікте арнайы жұмыс тобы жасақталып, оның құрамына барлық медициналық ЖОО профессорлары, медицина ұйымдарының білікті мамандары кірді. Жұмыс тобы аталған тұжырымдаманың жобасын әзірледі, - деді Халықова.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жобаны қоғам, әлеуметтік желіде қызу талқылап жатыр.

Халықтың пікірін біліп жатырмыз. Бірақ бұл әлі нақты қабылданған тұжырымдама емес. Оның жобасы ғана. Тұжырымдамада негізгі үш бағыт бар. Ол: ана денсаулығын қорғау, бала денсаулығын қорғау және жасөспірімдер денсаулығын қорғау. Ана денсаулығын қорғауға арналған іс-шаралар бағытының бір тармағы ретінде біз жас отбасыны некеге тұрмас бұрын профиликатикалық тексеруден өткізу мақсатында жанұяның денсаулық паспорты жобасын енгізгелі отырмыз. Бұл жобаның негізігі мақсаты - некеге тұрмас бұрын жас қыздар мен жігіттерді толық профилактикалық тексеру. Яғни, денсаулығында қандай да бір кінәраты бар ма, соны анықтау. Соматикалық, генетикалық ауытқулар бар ма, осы ауытқулар болған жағдайда оларға толық қажетті емдеу тағайындап, денсаулығын сауықтыру. Жоспарлы жүктілікке дейін сау ата-ананың келуін қамтамасыз ету, - дейді ол.

Шакизат Халықованың айтуынша, паспорт деген жас жұбайларға берілетін құжат емес.

«Біздің негізгі мақсатымыз - дені сау отбасы-дені сау ұрпақты қалыптастыру. Паспорт дегенді барлығы құжат ретінде қарастырып жатыр. Бұл жас отбасына берілетін құжат емес. Медициналық жүйеде қыз бен жігіттің тексеру нәтижесі енгізіледі. Мамандар сол тексеру нәтижесі бойынша тұжырымдама береді. Бір-бірінің денсаулығы туралы ерлі-зайыптылар білуді қаламаса, ол заң бойынша қорғалады. Медицина қызметкерлері ол талапті бұзбайды. Ақпаратты жасырын ұстайды. Бұл- кез келген жеке адамның құқығы. Тек қыз бала тұрмысқа шықпай тұрып, денсаулығына байланысты тұжырымдама алып, отбасылық өмірге сау болып барады», - дейді маман.

Ол бұл тексеру жергілікті емханаларда жүзеге асырылатынын айтты.

Атауы бөлек болғанмен, бұл кәдімгі тіркелген емханада мамандардың көрсететін қызметі болып есептеледі. Яғни, ерлі-зайыптылар жергілікті емханаларда тегін тексеруден өте алады. Денсаулығында кінәрат табылса, қосымша емдеу клиникалық хаттамаларға сай жүргізіледі. Бұл тұжырымдаманың бағыты көп. Әр бағыты бойынша бірқатар іс-шара бар. Оларды жүзеге асыру бойынша 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын қалыптастыру, өлімді төмендету және жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің деңгейін төмендетуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ болашақ отбасын құратын жастардың репродуктивті денсаулығын қалыптастыру үшін керек. Бұл тек Денсаулық сақтау минимстрлігінің міндеті ғана емес, барлық министрліктердің атсалысуын қажет етеді. Бүгінгі таңда бұл жоба түрінде енгізілді. Біз лоны мемлекеттік органдармен келісіп, оны Үкімет деңгейінде енгізгенде ғана заңды күшіне енеді, - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында нәресте өлімінің 58,7%-ы - дене салмағы 2500 грамнан кем шала туған нәрестелер; ана өлімінің барлық жағдайларының 46%-ы әйелдің әртүрлі созылмалы ауруларына байланысты.Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы проблемасы бар, олар адамның денсаулығына, сондай-ақ болашақ ұрпақтың денсаулығына әсер етеді. Осылайша, Қазақстанда АИТВ-инфекциясының барлық жаңа жағдайларының 74,7%-ы жыныстық жолмен берілуіне байланысты , ал үш негізгі ЖЖБИ - мерез, гонорея және трихомониаздың таралуы ресми статистикаға қарағанда 3-3,5 есе жоғары.

Мысалы, Жерорта теңізінің кейбір елдерінде немесе Араб шығысында талассемия мен орақ  тәрізді жасушалы анемияға некеге дейінгі міндетті тексеру жиі кездеседі, бұл жақын некенің жоғары таралуына байланысты.Бұл елдерде міндеттеме қандай да бір ауру немесе аурудың даму қаупі болған жағдайда жастардың арасындағы некені тіркеуге тыйым салу емес, зерттеп-қаралып, медицина қызметкерлерінің уақтылы консультациясын алу міндеті бар.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: