12.03.2026
12:05
910

«Болашақ ойындары»: Елордаға 100 мың жанкүйер жиналады

Биыл Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында «Болашақ ойындары» өтеді.  Ұйымдастырушылар 50-ден астам елден 900-ден астам спортшы қатысады деп отыр.

Әлем көз тіккен жарыстың жүлде қоры – 4,75 миллион доллар.  Астанадағы бес аренада өтетін турнирге 100 мыңнан астам көрермен жиналуы мүмкін. «Болашақ ойындары»  «Барыс Арена», Beeline Arena, Қазақстан жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Бұл қандай ойын?

«Болашақ ойындары» – фиджитал спорт пен киберспорттың қосындысы. Соның ішінде сегіз бағыт бар. Қазірше турнир бағдарламасына фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал атқыш, фиджитал би, фиджитал күрес кіреді. Қатысушылар әйгілі Battle Royale ойынын да ойнайды.

Фиджитал спорт – физикалық спорт пен цифрлық ойындарды біріктіретін жаңа форматтағы спорт түрі. Алдымен, қатысушылар видеоойын ойнап жарысады. Содан кейін сол спорттың физикалық нұсқасында күш сынайды. Соңында екі кезеңнің нәтижесі біріктіліріп, жеңімпаз анықталады.

461 миллион қаралым жинады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2025 жылы «Болашақ ойындары» Абу-Дабиде өткен. Турнирді айтарлықтай аудиторияны қамтып, 461 миллион қаралым жинап, әлем бойынша 137 миллион көрермен тамашалаған. Әлеуметтік медиа платформаларда қосымша 388 миллион қаралым жинаған.

Phygital International-дың ақпаратына сәйкес, турнир алғаш рет 2024 жылы Қазан қаласында өткен. Былтыр Абу-Дабиде, биыл Астанада жоспарланған. Ал «Болашақ ойындары»   2028, 2029 және 2030 жылдары қайда өтетіні белгісіз. Ұйымдастырушылар өтінім қабылдауды бастап кеткен.  Өтініштер 2026 жылдың 1 тамызына дейін қабылданады.