Кейінгі жылдары жасанды интеллект саласындағы серпіліс әлемдік білім беру нарығына да әсер етті. OpenAI, Google DeepMind, Anthropic секілді компаниялар жаңа буын технологиясын жасап жатқанда, көпшілікті «осындай жобаларды іске асыратын мамандар қайда оқиды?» деген сұрақ қызықтыра бастады. Әсіресе, 2026 жылға қарай ІТ мамандықтарына сұраныс бірнеше есе артқаны бар. Демек, университет таңдау енді тек диплом мәселесі емес, болашақтағы ықпал мен мүмкіндіктің мәселесіне айналды. Осы ретте технология саласында көш бастап тұрған оқу орындарын саралап, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, финтех және деректер ғылымы бағытында мықты экожүйе қалыптастырған жеті университетті топтастырып көрдік.
Алғашқысы – АҚШ-тағы Harvard University. Көпшілік Гарвардты саясат пен құқық саласымен байланыстырады. Алайда университеттің Инженерлік және қолданбалы ғылымдар мектебі IT мен бизнесті ұштастырған бағдарламаларымен ерекшеленеді. Мұнда студенттер тек бағдарламалауды емес, технологияны басқаруды, стратегиялық ойлауды меңгереді. Яғни компания құрып қана қоймай, оны ауқымды деңгейге шығару мәдениеті қалыптасқан.
Азиядағы технологиялық орталық – Сингапур. Бұл елдің екі жетекші университеті де тізімге енді. National University of Singapore (NUS) индустриямен тығыз байланыс орнатқан, студенттер нақты компаниялармен бірлескен жобаларға қатысады. Ал Nanyang Technological University (NTU) деректер ғылымы мен машиналық оқыту бағытында алдыңғы қатарда. «Ақылды қала» жобалары, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллектіні қолдану – осы университеттің басты фокусы.
Техникалық білім сапасы бойынша АҚШ-тағы Carnegie Mellon University ерекше аталады. Әсіресе, software engineering және киберқауіпсіздік саласында бағдарламалары күрделі әрі беделді. Бұл университет түлектері әлемдік технологиялық компанияларда жетекші инженер ретінде еңбек етіп жүр.
Ұлыбританиядағы University of Oxford технологияға терең ғылыми тұрғыдан қарайды. Мұнда жасанды интеллект пен үлкен деректер бойынша іргелі зерттеулер жүргізіледі. Теориялық негізді мықты меңгергісі келетіндер үшін Оксфорд – интеллектуалдық алаң.
Әлемдік технологиялық көшбасшылық туралы сөз қозғағанда MIT ( Massachusetts Institute of Technology) пен Stanford University атаусыз қалмайды. MIT – жасанды интеллект пен заманауи алгоритмдердің дамуына тікелей ықпал еткен орталық. Ал Стэнфорд – Кремний алқабының жүрегі, стартап мәдениеті дамыған, инвесторлармен байланыс орнату мүмкіндігі жоғары университет.
Осылайша, біз топтастырған жеті университет әрқайсысы өз бағыты бойынша мықты. Бірі – зерттеуге, бірі – инженерлік тәжірибеге, енді бірі – кәсіпкерлік экожүйеге басымдық береді. Технология саласында алдыңғы қатарда боламын деген талапкер үшін басты сұрақ – рейтинг емес, қай орта оның мақсатына сай келетіні. Себебі дәл сол орта ертеңгі үлкен идеялардың бастауына айналуы мүмкін.
Әлемнің жетекші университеттерінде оқу арзан емес. АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында бакалавриат пен магистратура бағдарламасының жылдық оқу ақысы орта есеппен 55–80 мың доллар аралығында болуы мүмкін. Ұлыбритания мен Сингапурда да халықаралық студенттер үшін төлем көлемі жоғары. Алайда бұл сандар талапкерлерді бірден тоқтатуы тиіс деген сөз емес.
Мысалы, Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институты (MIT) қажетке қарай (need-based) қаржылық көмек бағдарламаларын ұсынады. Бұл – студенттің отбасы табысына байланысты оқу ақысын азайту немесе толық жабу мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Яғни қабылдау кезінде материалдық жағдай емес, академиялық әлеует басты рөл атқарады.
Стэнфорд университеті жанындағы Knight-Hennessy Scholars бағдарламасы толық стипендия береді. Оған оқу ақысы ғана емес, жатақхана, медициналық сақтандыру және күнделікті шығындар да кіруі мүмкін. Бағдарлама көшбасшылық қабілеті жоғары студенттерге бағытталған.
Карнеги Меллон университеті академиялық жетістікке, ғылыми зерттеулерге және жобаларға белсенді қатысқан талапкерлерге гранттар мен стипендиялар ұсынады.
Сингапурда Сингапур ұлттық университеті (NUS) мен Наньян технологиялық университеті (NTU) студенттері үшін мемлекеттік MOE Tuition Grant Scheme бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жүйе халықаралық студенттердің оқу ақысын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар екі университеттің де ішкі стипендиялық қоры бар.
Оксфорд университеті халықаралық гранттар мен арнайы қорлар арқылы оқу ақысын толық немесе ішінара жабуға жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, әлемдік деңгейдегі білім қымбат болуы мүмкін, бірақ толықтай қолжетімсіз дей алмаймыз. Ең бастысы – университеттердің ресми сайтындағы қаржылық көмек бөлімдерін мұқият зерттеп, талаптарға сай құжат тапсыру. Дұрыс дайындық пен табандылық қаржылық кедергілерді еңсеруге мүмкіндік береді.