Мәжілісте «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, Қазақстанға оралмаған азаматтардан қайтарылатын қаражат көлемін арттыру ұсынылды. Мұндай бастаманы депутат Магеррам Магеррамов көтерді, деп хабарлайды El.kz.
Депутаттың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы аясында бір адамды оқытуға мемлекет 60 мыңнан 250 мың долларға дейін қаржы жұмсайды. Алайда қазір түлек елге оралмаған жағдайда, ол тек осы соманы ғана қайтарады — инфляция ескерілмейді.
«Шын мәнінде, бұл қаражат ұзақ уақыт өткен соң қайтарылған кезде мемлекет номиналды түрде сол соманы алады, бірақ оның нақты сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендейді», — деді депутат.
Мәжіліс депутатының сөзінше, жылдық инфляция шамамен 3 пайыз болғанның өзінде 5–10 жыл ішінде ақша құны 15–30 пайызға төмендейді.
Мысалы, мемлекет бір стипендиаттың оқуына 100 мың доллар жұмсаса, 10 жылдан кейін инфляцияны ескергендегі нақты құны шамамен 134 мың доллар болады. Ал индексациясыз сол бұрынғы соманы қайтару жағдайында бюджет іс жүзінде шамамен 34 мың долларды жоғалтады.
Оның айтуынша, бір адамды оқытуға орта есеппен 150–200 мың доллар жұмсалатынын ескерсек, 8–10 жылдан кейін қайтарылған қаражаттан бюджет бір адамнан шамамен 50–70 мың доллар жоғалтуы мүмкін.
Магеррам Магеррамов Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атына жолдаған депутаттық сауалында «Болашақ» бағдарламасының ережелерін өзгертіп, шартты бұзған қатысушылардан жұмсалған қаржыны инфляция мен өткен уақытты ескере отырып қайтаруды ұсынды.
Еске салайық, 2025 жылдың көктемінде «Болашақ» стипендиясына байланысты бір қазақстандықтың банк шоттары бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынған. Сот оны Халықаралық бағдарламалар орталығының талап-арызы бойынша 25 миллион теңге төлеуге міндеттеген.