Болашақерден болашақ болашақерге кеңес: Неліктен Америкаға ерте келген жөн

15 Қараша 2017, 09:12 8915

Jet lag-ты мүлде болдырмау немесе әсерін азайту үшін не істеуге болады?

Қыркүйектің оны, таңғы сағат алты. Нұрсұлтан Назарбаев xалықаралық әуежайының ұшу алаңында, Airbus 330-200 ұшағының ішінде отырмын. Бағыт - АҚШ. Діттеген нүктеге жеткенше үш ұшақ ауыстырам: Астана-Ыстамбұл, Ыстамбұл-Хьюстон, Хьюстон-Сан Антонио.

Сапар отыз сағатқа созылды. Дегенмен, Сан Антониоға табаным тигенде мұнда әлі оныншы қыркүйектің кеші екен. Батысқа ұшқанның бір артықшылығы осы - табиғаттан бірнеше сағатты ұрлап алып, мәз боласың. Тек, кері қарай ұшқанда қайтарып беретінің болмаса... 

Айтпақшы, тақырыпқа қатысы жоқ болса да айта кеткенім жөн. Студенттік виза алу үшін қолыңызда І-20 деген құжат болуы тиіс. Бұл құжатсыз сізге виза да берілмейді, визаңыз бола тұра аталмыш құжат қолыңызда болмаса шекарадан өте алмауыңыз әбден мүмкін. Бұл бір бет қағазды қол жүгіңізбен бірге ала жүріңіз. Мен қырсық шалғанда оны негізгі багажға салып қойып, шекарада бәлеге қала жаздадым. Қайта офицер Кортес (фамилиясы әлі есімде) түріме қарап, өтірік айтпағанымды түсінді ғой деймін, өткізе салды. Қоса кететін бір жайт - миграциялық құжатта жүгіңіздің арасында жеміс-жидек, ет өнімдері бар-жоғы ерекше сұралады. Жоқ жерден бас ауру тауып алмау үшін, тамақ Америкадан да табылады ғой, соларды тасымай-ақ қойған жөн-ау. 

Хош, сонымен Сан Антониоға да жеттім. Халық саны бойынша АҚШ-та жетінші орында тұрған қалада бір қазақ отбасы бар екен, солар күтіп алып, үйіне алып кетті. Шай-тамақты ішіп алған соң олар жатып қалды, ал мен көзім бақырайып, әлі отырмын. Ұйқыдан тіпті xабар жоқ. Сөйтсем, әлгі "jet lag" деген жалмауыз осы екен. Қазақшаласақ - бірнеше уақыт белдеуін кесіп өткен соң, келген жеріңдегі сағатқа үйренісе алмау. Сан Антониода түн болғанмен Астанамда тірлік қайнап жатқан кез ғой, сәйкесінше, ми белсенділікті талап етуде. Бұрын іссапарлармен Еуропаның бірнеше елінде болғаным бар. Уақыт айырмасы әрі кеткенде бес сағат болатын. Оның үстіне іссапарда жүргеннің жөні бөлек пе, әйтеуір, ұйқы деген проблем емес еді. Ал бұл жолы айырмашылық 11 сағат (қазір 12).

Соңғы рет сағатқа қарағанымда таңғы бестің айналасы екен, шамасы бес жарымға таман болар, әйтеуір көзім ілініпті. Бірақ, шақырайып күн шыққаннан кейін ұйқы ұйқы бола ма? Оның үстіне пәтер іздеу керек, қысқасы, әрі кетсе үш сағат көз шырымын алған шығармын. Тұра сала пәтер іздеуге шықтық. Күндізгі тамақты ішіп алған соң ұйқы қыса бастады. Иә, әдетте ауқаттанғанан кейін бар адамның ұйқысы келеді ғой, бірақ мынаның екпіні сұмдық болды. Қанша шыдауға тырыссам да, кешкі бестің шамасында көзім ілініп кетіпті. Ал түнде тағы да ұйқы жоқ. Жауыңа да тілемейтін осы бір ит-әуреден бес күн дегенде әрең құтылып, қалыпқа түстім. Қызығы сол, бұл алыс сапарға шыққан адамның бәрін күтіп тұр, сізді де. 

Jet lag-ты мүлде болдырмау немесе әсерін азайту үшін не істеуге болады? Мені енді осы сұрақ қызықтыра бастады. Сөйтсем, бұл тақырып тіпті ғылыми зерттеулерге арқау болып та үлгерген екен. Ғалымдарға сенсек, құтылатын амал жоқ, тек салдарын жеңілдетуге ғана болады. Беркли университетінің профессоры Ланс Кригсфелд мырзаның айтуынша, ұшып-қонған жеріңізде қанша сағат айырмашылық болса, ағзаңыздың жаңа тәртіпке үйренуіне сонша күн керек екен. Демек айырмашылық 11 сағат болса, адам болуға 11 күн керек. Оу, мен қайта оңай құтылыппын ғой! 

Зерттеушілер Jet lag азабынан жеңіл арылу үшін дайындалу керек дейді. Әдетте мұндай алыс сапар алдын-ала жоспарланып пысықталады ғой, әсіресе біз сияқты студенттердің асықпай дайындалып алуына мүмкіндік бар. Ендеше баратын жеріңнің уақытына бейімделе бастау керек. Әрине, ешкім сізге түнде тұрып алып, жұмыс істе деп отырған жоқ. Бірақ жататын уақытыңыз бен тұратын уақытыңызға бірнеше сағаттық өзгеріс енгізуге болады. Менің інілерім үшін бұл түк қиын болмайтын да сияқты - таңға дейін интернетте отырады да, күндіз ұйықтайды. 

Дегенмен, зерттеушілерге сенсек, бұл тәсіл сізді Jet lag-тан түбегейлі құтқармайды. Өйткені, ағза бәрібір сыртқы ықпалдардың әсеріне бағынышты. Бұл ықпалдардың бірі - кәдімгі қолыңыздағы сағат болуы да мүмкін. Сондықтан сапардың басында сағат тілін баратын жердің уақытына көшіріп тастап, соған сәйкес өмір сүруді бастап кету керек.    

Мәселен, ұшақ бортында сізге тамақ береді. Стюардттар сіздің Jet lag-пен шаруасы жоқ, өз жұмысын бітірсе болғаны. Сіз де, ақиқат, ақшасы төлеулі тұрған таманқтан бас тартпайсыз. Бірақ. Бірақ әлгінде ғана уақытты ауыстырғанымыз есіңізде ме? Ендеше қазір баратын жеріңізде сағат неше? Мұндай уақытта сіз әдетте тамақ ішесіз бе? Жоқ! Онда күте тұрыңыз. Уақыты келгенде сұрап алып ішерсіз. Тамақ та сигнал немесе жаңағы айтқан сыртқы ықпал. Әрине қарныңыз ашады. Бірақ сигналды жергілікті уақытқа ауыстыру арқылы сіз ағзаның тез бейімделуіне бір қадам жақындай түсесіз. 

Кейбір саяxатшылар сапар барысында ұйықтамауды ұсынады. Бірақ бұл ағза үшін стресс. Оның үстіне діттеген нүктеге күндіз қонып, бірден іске кірісу керек болса ше? Ұйықтамаған адамның миы баяу жұмыс істейтінін білуші ме едіңіз? Тіпті IQ тест тапсырсаңыз әдеттегіден бес-сегіз ұпай аз жинайтын көрінесіз. Сондықтан көз шырымын алуға тырысу керек. Бірақ ұшақтағы ұйқыны да мейілінше баратын жердің уақытына ыңғайлау қажет. Кино көріңіз, ойын ойнаңыз, көршіңіздің мазасын алыңыз, стюардесса немесе стюардпен жеңіл флирт... жә, енді өзіңіз бірдеңе табарсыз.

Қонған соң да өзіңіз үйренген әдеттерді істеуге тырысыңыз. Егер таңда түссеңіз, әдетте не істесеңіз - ыстық кофе ішесіз бе, жүгіресіз бе, суық душқа түсесіз бе, соны істеуге тырысыңыз. Ұйқыңыз келіп тұрғанмен, ми бұл сигналдарды да өзінше қабылдап, ояу жүруге қосымша ресурстар тауып беруге тырысады. Ал түнделете қонсаңыз, ұйқыңыз келмесе де жата қалыңыз. Бұл жерде заманауи адам үшін бір қиын кеңес бар - төсекке телефонсыз жату керек. Қазір көп адамның ұйқысы қанбай жүреді ғой, байқасаңыз. Бұл түнгі екіге дейін телефон қарап, аз ұйықтағаннан емес, мидың алданып қалуынан екен. Ми экран бөлетін көгілдір түсті күндізгі жарық ретінде қабылдап, мелатонин гормонының бөлінуіне тосқауыл қояды екен. Ал бұл гормон жақсы ұйқының кепілі. Сәйкесінше телефонды басқа елге барғанда ғана емес, жалпы былайғы өмірде де төсек маңына жолатпаған дұрыс сияқты. Ай, бірақ дәл осы жерде күмән басым. 

Гормон демекші, қазір ұзақ саяxатқа шыққандардың уақытқа тез бейімделуіне көмектесетін арнайы препараттар да бар. Бірақ өз басым табиғи шешімі бар мәселе үшін қосымша көмек пайдалануды дұрыс деп санамаймын. Ал, кофе, энергетик секілді нәрселерді ішуге мамандар қарсы. Онсыз да не болғанын түсіне алмай жатқан ағзаға бұл қосымша күш, сәйкесінше ағзаның бейімделу процесі созыла түседі. Оның орнына кәдімгі су, шырын, смузи ішкен тиімдірек. 

Қалай болғанда да, адам болған соң jet lag-пен бәрібір кездесуге тура келеді. Біреу үшін бұл нағыз азап болса, біреу жеңіл құтылуы ғажап емес. Бірақ, тағы қайталайын, бәрібір ұшырасасыз. Жоғарыда айтылған кеңес бұл күйден мейілінше жылдам арылуға көмектеседі. Өйткені сіздің бұл елге келгендегі мақсатыңыз әлдеқайда биік, ұсақ нәрселер бөгет болмауы тиіс. Одан да бөлек тұрмыстық мәселе шаш етектен. Мысалға, тұратын пәтер табу. Бұл енді келесі материалдың тақырыбы болсын. Қарай жүріңіз.

Маралбек Сағынғанов
Бөлісу: