«Болашақ» түлектері: «Мақсат – елге қызмет ету»

15 Желтоқсан 2021, 09:15 6162

Тәуелсіздік жылдары шетелде білім алған қазақ жастарының қызмет жолы

 

 


Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында егемен елімізде бірнеше сәтті жобалар жүзеге асты. Соның бірі де бірегейі білімді жастарға қанат бітірген – «Болашақ» халықаралық степендиясы. Степендия ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлер мен мамандар даярлау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылды.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде: «Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Біз сонау 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол аштық. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірмелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр», - деген еді.

 

Бұл бағдарлама академиялық оқудан бөлек, шетелдің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағлымдамадан өтуді қамтиды. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкерлеріміз әлемнің үздік оқу орындарында бакалавриат пен магистратураны тәмамдап келген, сондай-ақ медицинасы дамыған Оңтүстік Корея мемлекетінен тағлымдамадан өткен.

 

Айта кету керек, «Болашақ» түлектерінің жеті пайызы медицина мамандары. Олардың 545-і білікті дәрігерлер болса, 135-і медициналық ЖОО-ларда еңбек етіп, маман дайындап жүр.

 

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы Ерлан Құсаев Қарағанды мемлекеттік медицина университетін, педиатрея мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Қарағанды облыстық балалар ауруханасында бастаған.

 

- 2009 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасында жұмыс жасаймын. «Болашақ» бағдарламасымен 2014 жылы Оңтүстік Корея мемлекетінің астанасы Сеул қаласындағы Каннам Северанс клиникасында анестезиология және реаниматология, қарқынды емдеу, балалардағы шұғыл жағдайларда көмек көрсету бойынша дәрістемеден өттім.

 

Ерлан Мұратұлы аз уақыт тағлымдамадан өтсе де, өмірлік тәжірибе жинап қайттым дейді.

 

- Оңтүстік Кореяда науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынастың өзі жақсы жолға қойылған. Ол елде медицина мамандарына қолдау да құрмет те ерекше. «Болашақ» бағдарламасы арқылы медицинасы озық мемлекетте тағлымдамадан өткеніме қуаныштымын. Тағы мүмкіндік туып жатса, Оңтүстік Корея медицинасымен тереңірек танысып келуге қарсы емеспін. Сол елде алған біліміміз бен жинаған тәжірибемізді қазір толықтай өз елімізде пайдаланып жатырмыз.

 

Анестезиолог-реаниматолог дәрігер Оңтүстік Корея мен Қазақстанның медицина саласында айтарлықтай айырмашылық барын айтады.

 

- Олар дәрігерлердің білімін шыңдауға, жалпы медицина саласындағы қызметкерлердің тәжірибесін толыстыруға біраз күш жұмсайды екен. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяда сақтандыру медицинасы жақсы дамыған. Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Дәл осы сөздің қадірін сол мемлекетте білетін сияқты. Себебі, халық дертін асқындырып алмаудың жолында жүреді. Әрдайым алдын ала тексерістерден өтіп отырады. Салауатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығына бей-жай қарамайды.

 

Жиырма жылға жуық медицина саласында тер төгіп келе жатқан білікті дәрігер көптеген баланың өмірін сақтап, аяқтан тұруына себепкер болған.

 

- Қарқынды емдеу бөлімінде істеген соң, балалар ауыр жағдайда келеді. Осы уақыт ішінде болған бір оқиға есімде қатты сақталыпты. Бірде «11 қабаттан бала құлады» деген хабар келді. Шұғыл оқиғаларда қабылдау бөлімінен күтіп аламыз. «11 қабаттан құлаған соң, жағдайы қалай екен, аман алып қала аламыз ба?» деген сұрақтармен отырдық. Бірақ, «баланың періштесі қақты» деген осы болар, тек денесінде аз-кем жарақаттары ғана бар екен. Москит торы оның жерге түсуін жеңілдеткен сияқты. Әйтеуір, өміріне қауіп төнетін ештеңе болған жоқ, - дейді дәрігер.

 

Ол өзінің білімін арттырып, біліктілігін шыңдаған «Болашақ» халықаралық степендиясына алғысын білдірді.

 

Болат Насығазы Ұлыбританияның The University of Warwick универститетінің «Білім беру саласындағы менеджмент және көшбасшылық» мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін аяқтаған ол Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогика колледжінде дәріс беріп жүреді. 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасының барлық талаптарынан өтіп, степендиат атанады.

 

- Бұл бағдарлама біз үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашты. Шетелде білім алу - сыни тұрғыдан ойлау, академиялық форматта жаза білу, білім беру саласында зерттеу жасау, аналитикалық ойлау, бір сұраққа әртүрлі жақтан қарау деген сияқты дағдыларды дамытты. Оқуымды аяқтап келген соң, Назарбаев зияткерлік дербес білім беру ұйымынң зерттеу департаментіне жұмысқа орналастым.

 

Болат Қазақстандағы мемлекеттік мектептердің білім беру сапасының төмендігіне көптеген факторлар әсер етеді дейді.

 

- Олардың қатарына мектептердің бірнеше ауысымда жұмыс жасауын, кейбір кадрлардың жетіспеуін, мұғалімдікке баратын мектеп бітірушілердің академиялық білімдерінің педагог болуға лайық деңгейде еместігін айтуға болады. Бізде де Финляндия, Жапония сияқты мемлекеттердегідей педагогика мамандығына мектепті үздік бітірген оқушылар баратын болса, мұғалімдердің сапасы жоғарылайтын еді, - дейді ол.

 

Болат қазір жан-жақты дамыған, құндылықтары жоғары, көшбасшы азамат тәрбиелеу, өзгелермен тәжірибе алмаса отырып, қоғамға пайда әкелуді басты мақсат еткен Astana Garden School мектебінде жұмыс жасайды. Оның шәкірттері қазірде әлемнің үздік университеттерінде білім алып жүр.

 

Мадина Жалбинова 2010-2014 жылдар аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында Queen Mary University of London университетінде генетика мамандығы бойынша дәріс алған.

 

2014 жылдан бастап Геномдық және Дербес Медицина зертханасында, Өмір туралы ғылымдар орталығы (Центре Наук о Жизни), National Laboratory Astana, Назарбаев Университетінде еңбек етті. Мадина 2019-2021 жылдар аралығында Қызылсуат ауылының орта мектебінде биология пәнінен мұғалім де болды.

 

- Қазір мен қызмет ететін геномдық лабораторияның зерттеулері: геномдық зерттеулер, формокогеномика, биомедицина, молекулалық, геномдық, дербестендірілген медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласында жүргізіледі. Менің бағытым – кардиология, жүрек құрылғысы орнатылған жандар. Яғни, геномдық зерттеу жанама әсерлердің жоғары қаупі бар жүрек сол жақ қарыншаның механикалық құрылғысы (Left Ventricular Assist Device, LVAD) имплантцияланған жүрек жетіспеушілігі бар науқастарда жүргізіледі.

 

Бұл зерттеулер жанама әсерлердің қаупін және өлімді азайтады, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

 

- LVAD құрылғысы имплантацияланғаннан кейін тромбоздың алдын алу үшін науқастарға варфарин, аспирин сияқты антикоагулянттық және антитромботикалық препараттар беріледі. Дегенмен, пациенттерде препараттың дұрыс доза бермеуіне байланысты қан кету және тромбоз қаупі бар. Сондықтан пациенттің жекелендірілген емі генотиптеу әдісімен белгілі гендерге өткізіледі. Анықталған гендер арқылы науқастарға керекті мөлшерде доза препаратын тағайындауға көмектеседі, ол өзіңіз айтып өткендей өлімді азайтып, өмір сапасын жақсартады.

 

Мадина Жалбинова өз білімін үнемі толықтырып отырады. Ол өткен жылы Австралияның Перт қаласындағы Эдит Коуэна университетінің медицина ғылымдары мекетебінен тағлымдамадан өтті. Қазақстанда генетика саласының дамуына үлесімді қосқым келеді дейді ол.

 

«Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көк­жие­гін кеңейтіп, әлемнің озық оқу орындарында білім алуға мүмкін­дік беріп келеді. Әлі де талай қазақ баласы бағдарлама арқылы шетелде білім алып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етеді деп сенеміз.

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: