Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ҚР СІМ ғимараты алдындағы алаңда болашақ дипломаттарға арналған «уақыт капсуласын» қою рәсімі өтті. Болашақ дипломаттар бұл капсуланы 30 жылдан кейін 2052 жылғы 1 шілдеде, отандық дипломатия өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтетін кезде ашуы тиіс, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді болашақ дипломаттар өздерінің ізашарларының ісін лайықты жалғастырып, елдің ұлттық мүдделерін қорғау және ілгерілету жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.
Рәсімге қатысушылардың алдында сөз сөйлеген дипломатия саласының құрметті ардагері, белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов 30 жылдан кейін қазақстандық дипломатия бұдан да үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға және халықтар арасындағы өзара сыйластық, бейбіт қарым-қатынастарды қалыптастыруға қомақты үлес қосатынына үміт артатынын атап өтті.
Болашақ дипломаттарға арналған капсулаға салынған жолдауда Қазақстанның 30 жылдан кейінгі әлемдегі орнына деген көзқарас, қазіргі дипломаттар мен дипломатия ардагерлерінің тілектері көрініс тапты.
Арнайы орнатылған тұғырға капсула салу жас дипломаттар – Министрліктің Еуропа департаментінің атташесі Алтынай Дәрібаева мен Адами ресурстар департаментінің атташесі Дамир Ахметовке сеніп тапсырылды.
Рәсімге сыртқы саясат ведомствосының басшылығы, ҚР дипломатиялық қызметінің ардагерлері, қызмет атқарып жүрген дипломаттар және еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойы аясында Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 30 жыл» атты халықаралық конференцияның басқа да қонақтары қатысты.