Бокстан Кубаның ұлттық құрамасы Қарағандыға келді

5 Желтоқсан 2023, 20:49 870

Кубаның бокстан ерлер Қазақстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысып, 17-21 желтоқсан күндері Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап. 

Еліміздің бокс федерациясының мәліметінше, елімізге Бостандық аралы құрамасының 9 боксшысы мен екі жаттықтырушы келген. Олардың арасында әлем чемпионатының және панамерикалық чемпионаттың финалистері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Куба құрамасының бас бапкері Карлос Мануэль Перес Рейестің айтуынша, оның боксшыларының арасында тәжірибелі спортшылар да, жастар да бар. Сонымен бірге, олимпиадалық салмаққа баса назар аударылған. 

«Біз Қазақстанда бірінші рет емеспіз. Бізде бокста елдер арасында жақсы достық бар. Сондықтан, командамызбен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу, сонымен қатар Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнирде өз өнерлерімізді көрсету туралы шешім қабылдадық. Мен өз атымнан және Куба құрамасының атынан сіздердің лауазымды тұлғаларыңызға шақырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді және барлығы нәтижелі болады деп сенемін», - деді кубалық бокс бапкері. 

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттері мен Куба құрамасының қатысуымен Қарағанды қаласында 4-16 желтоқсан аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді. 17 желтоқсанда Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХІХ халықаралық турнир басталмақ. Ерлер мен әйелдер қатысатын жарыстың финалы 21 желтоқсанда өтеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: