Ұлан-Батырда 31 наурыз - 10 сәуір аралығында бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарысты World Boxing ұйымы ұйымдастырды. Айтулы додаға 250 боксшы келген. Соның ішінде ел атынан 20 саңлақ бақ сынайды. Осы орайда,турнир тынысынан аз-кем шолу ұсынамыз.
Жігіттер жарысты бастады
Ерлер құрамасынан алғаш болып 60 келідегі Оразбек Асылқұлов Азия чемпионатын бастады. Ол 1/8 финалда Филиппин өкілі Пол Джулифер Басконмен жұдырықтасты. Отандасымыз жекпе-жек бойы асқан сақтық танытып, қарсыласын жақындатпай, керісінше, соққы дарытты. Күткеніміздей, нәтиже Оразбектің (5:0) пайдасына шешілді. Жалпы, Асылқұловтың салмағында 16 боксшы бар. Ол келесі айналымда жапон Шунсуке Китамотоның шамасын байқап көреді.
Ал 2 сәуір күні 65 келідегі өрен Ертуған Зейнуллаев шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – тайпейлік Ю Тин. Бұл салмақта 15 боксшы өзара күш сынасып, шын мықтыны анықтайды. Нағыз қызық 3 сәуір күні басталады. Себебі осы күні Сабырхандар шеберлік сағатын өткізуге дайындалып жатыр. Күндізгі сессияда Төрехан Сабырхан (70 келі) Ким Юн Су (Оңтүстік Корея) мен Шамшер Саидов (Тәжікстан) жекпе-жегінің жеңімпазымен жолығады. Ал кешкі сессияда Махмұд Сабырхан өзбек боксшысы Шахзод Мұзафаровпен кездеседі. Сонымен, турнирдегі қазақ-өзбек арасындағы Big Drama Show-дың бірінші бөлімі басталады.
4 сәуірде күндізгі сессияда 50 келідегі Санжар Тәшкенбайдың өнерін тамашалаймыз. Оның қарсыласы бүгін, 1 сәуірде анықталады. Бағлан Ергешов (Қырғызстан) пен Вишванат Суреш (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазы отандасымызбен қолғап түйістіреді. Кешкі сессияда +90 келі салмақта Айбек Оралбай Бекнур Хали (Моңғолия) мен Арман Маханов (Өзбекстан) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады. Айта кетерлігі, екеуі де – этникалық қазақ. Демек, ширек финалда қос қазақтың шаршы алаңдағы шабысын байқаймыз.
5 сәуір күні ұлттық құрамадағы жас өрен Сабыржан Аққалыққов жапон Яги Талгамен жұдырықтасады. Ал 80 келіде Ерасыл Жақпеков Сагын Сатыбалды (Қырғызстан) мен Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазымен жолығады. Әгәрәки, Фазлидин Эркинбоев ширек финалға өтсе, қазақ-өзбек тартысының екінші бөлімін көреміз.
Одан бөлек, 85 кг дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Барлаахан Дору (Моңғолия) мен Мохаммад Сулейман (Иордания) жекпе-жегінің жеңімпазымен шеберлік байқасады. 90 кг дейінгі салмақтағы Сағындық Тоғамбай болса Қытай өкілі Хань Сюэчжэньнің осал тұсын табуға тырысады.
Қыздар жеңілістен бас көтермеді
Иә, чемпионат басталғалы бері қыздардың жолы болмады. Алдымен, 51 келіге дейінгі салмақта Жазира Орақбаева Кум Бьель Анға (Солтүстік Корея) қарсы жекпе-жекпен өткізді. Біздің спортшы үшінші раундта жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады. Сөйтіп, жеңіс қарсыластың қалтасында кетті. Ал 54 келіге дейінгі салмақта Элина Базарова Үндістан өкілінен жеңіліп қалды. Базарова екі раундта жақсы жұдырықтасқанымен, шешуші кезеңде Прити (Үндістан) мықты екенін дәлелдеді.
Жарыстың екінші күні «көресіні үнділерден көрдік» дедік, білем. 60 келіде өнер көрсеткен отандасымыз Римма Волосенко Прия Прияның әлеуетіне төтеп бере алмады. Үндістан үміті үш раунд бойы қорғана жүріп шабуылдап, 5:0 есебімен басым түсті. Төрешілер сөзсіз жеңісті қарсыластың еншісіне жазды.
Бұдан бөлек, 65 келідегі Лаура Есенкелді мен 80 келі салмақтағы саңлағымыз Надежда Рябец ширек финалда Үндістан өкілдерімен күш сынасады. Командаластарының кеткен есесін қайтарады деген үміттеміз. 4 сәуірде 57 кг дейінгі салмақта Ұлжан Сәрсенбек (1/8 финал) тай елінің мықтысы Панрави Руенросқа қарсы жекпе-жек өткізеді. 5 сәуірде 48 келідегі Әйгерім Сәттібаева өзбек өкілі Сабина Сабина Бобокуловамен жұдырықтасады. Осы күні Валентина Хальзова (75 кг) Оңтүстік Корея бокшысы Суен Сонмен қолғап түйістіреді. Оған қоса 70 келіде Бақыт Сейдіш Суджин Сон (Оңтүстік Корея) мен Алимире Абудурейиму (Қытай) жекпе-жегінің жеңімпазына қарсылас атанады. 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Дина Исламбекова өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваны жарыс жолынан шығаруға барын салып көреді.