Дубайда IBA ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші күні Қазақстан үшін аса сәтті өтті. 7 желтоқсанда шаршы алаңға шыққан үш бірдей боксшымыз жеңісімен қуантты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Күндізгі сессияда 57 келіде өнер көрсеткен Оразбек Асылқұлов Кабо-Верде боксшысы Элизандру Саншеш да Силваны 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Жекпе-жектен кейін ол ашық аспан астындағы турнирдің өз ерекшеліктері бар екенін айтып өтті:
Айқас ойдағыдай өтті. Алғашқы жекпе-жек болғандықтан, шаршы алаңды сезіну үшін ұзақтау бокстастым. Әрі бұл – ашық аспанда ұйымдастырылған алғашқы әлем чемпионаты. Енді қарқынды арттырамыз, – деді ол.
Кешкі бөлікте рингке көтерілген Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Ол моңғол боксшысы Даваадалай Алтангэрэлді үш рет нокдаунға жіберіп, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Абылайхан Жүсіпов (71 кг) те өзінің тәжірибесі мен деңгейін көрсетті. Армян боксшысы Арарат Арутюнянды екі рет нокдаунға түсіріп, 5:0 есебімен таза басымдық танытты.
Жекпе-жектен кейін Абылайхан айқасқа қысқа баға берді:
Бокста шабуыл да, қарсы шабуыл да маңызды. Қарсыласым жас болса да, стилі өзгеше екен. Бірінші айқас жақсы өтті. Ашық аспанда жұдырықтасудың айтарлықтай айырмашылығын сезбедім – ринг қайда да ринг, – деді Жүсіпов.
Қазақстан құрамасының нәтижесі
Төрт күн ішінде Қазақстан шаршы алаңға шыққан 11 боксшысы да жеңіске жетті:
Даниял Сәбит (51 кг)
Сәкен Бибосынов (54 кг)
Оразбек Асылқұлов (57 кг)
Серік Теміржанов (60 кг)
Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг)
Санәтәлі Төлтаев (67 кг)
Абылайхан Жүсіпов (71 кг)
Сабыржан Аққалықов (75 кг)
Ерасыл Жақпеков (80 кг)
Дәулет Төлемісов (86 кг)
Нурмагамед Юсупов (92 кг)
Сонымен қатар құрама сапында әлі рингке шықпаған екі боксшы бар – Теміртас Жүсіпов (48 кг) және Нұрлан Сапарбай (92+ кг).