Боксшылардың жолдама алғанына қуанатын күйге жеттік – Бақтияр Артаев

2 Сәуір, 18:33 11489

Елорда төрінде бокстан Афина Олимпиадасында топ жарған Бақтияр Артаевтың құрметіне халықаралық турнир өтті. Соңғы уақытта спорт саласында көрінбей кеткен былғары қолғап шебері жарысты өзі бақылады. Сонан соң боксшы «Бірінші бол» YouTube арнасының подкастында жарыс туралы ойын, сонымен қатар Олимпиада ойындарына қатысты естеліктерін бөлісті. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі спортшымен сұхбатты назарыңызға ұсынуды жөн көрді.

– Бақтияр, елорда төрінде сіздің құрметіңізге орай турнир ұйымдастырды. Осы жөнінде айта кетсеңіз...

– Елордадан кеткеніме үш жол болды, қазіргі жұмысым спортпен байланысты болмағанымен, спорттан ешқайда кеткен жоқпын, спорт та менен кетпейді.

Аллаға шүкір, Астанада араға 20 жыл салып үлкен дәрежедегі халықаралық жарыс өткізіп жатырмыз. Шыны керек, бұған дейін де талай ұсыныс болды. Негізінен ауылдық, аудандық деңгейдегі жарыстар еді, сондықтан аса көңілім тола қойған жоқ. Талай жыл тер төктік, әлі де еңбек етеміз. Қызметтен алып тастаса да, спортқа айналып келе беремін ғой.

Ұйымдастырушылардың бірі хабарласып, «сіздің атыңызда осындай турнир ұйымдастырсақ деп едік, қалай қарайсыз?» деп сұрады. «Қуана келісемін» дедім. Сосын өтетін орынды іздестіре бастадық. «Билайн Арена» туралы айтқанда, «арманым болмаушы еді» дедім, «екі ринг қойсақ ше?» деп еді, «беттеріңнен сүюге дайынмын» дедім. Міне, сол турнирді абыроймен өткізіп алдық.

– Турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне қандай баға бересіз?

– Жігіттер «Бәке, көзіңнің тірісінде турнирің өтіп жатыр, арманың жоқ шығар» дейді әзілдеп. Қуанасың ғой. Қазір буын алмасу процесі жүріп жатыр, көзі ашық жастар келуде. Қазіргі жігіттердің ой-өрісі, аяқ алысы – бәрі бөлек. Бұрын көзі кеткен соң ғана құрметтеп жататынбыз.

Өз басым бағдарламамен өмір сүру дегенді түсінбеймін, 30, 50, 70 жыл деген сияқты бағдарламалар ақылыма қонбайды. Біз бүгін өмір сүріп жатырмыз, халықтың жағдайы бүгін жақсы болуы керек, жеңілдетілген несие беріле ме, бүгін берілсін, қолжетімді бағада жаңа көлік мінгіміз келе ме, оны бүгін мінуіміз керек. 

– Соңғы бірнеше жылда спорт саласынан алшақтап қалдыңыз. Көпшілік сіздің қайда жүргеніңізді сұрап жатады. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– «Екі қолға бір күрек табылады». Түн ортасында, қателеспесем, түнгі 1-ге таман хабарласып, қызметтен кететінімді айтты. Қазір сол адамдар істі болып, сотталып жатыр. Қызметтен айырылып қалғаны да бар. Бұл өмір ғой, бәрі аяқ астынан өзгеріп шыға келуі мүмкін.

2008 жылы өзім соққан ғимарат бар еді. Астанадағы, Тараздағы үйлерімді, көлігімді сатып, сол ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қазір сонда үш қабатты мейрамханам, әйелдер қауымына арналған сән салонымыз бар. Кәсіпкерлікке бет бұрып, бүгінгі таңда қарамағымда 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Көзі тірісінде Жақсылық Үшкемпіров ағамыз: «менің басым осыларға жалақыны қалай тауып берем деп ауырса, олардың басы соны қалай жаратсам деп ауырады» дейтін. Ол кісі де талай адамды жұмыспен қамтамасыз етті ғой. Сол секілді қазір мен де қарамағымдағылардың күнделікті айлығын қалай тауып беремін, олардың әл-ауқатын қалай жақсартам, бизнесімді қалай кеңейтем деп бас қатырамын. Эгоистің әрекеті дерсіз, бірақ амал қалдырған жоқ. Бастысы, ешкімнен алақан жайып ақша сұрап жатқан жоқпын, керісінше, көмектесуге тырысып жатқан жайымыз бар.

– Боксшының бизнесменге айналуы қаншалықты оңай процесс?

– Билікте отырғандардың көбісінің айтатыны сол: «спортшылардың қолынан түк келмейді». Солай айтатындарды ауылдарға әкім етіп тағайындап қойса ғой, көрер едік. Кезінде өзім де ауыл әкімі болдым, 60 мың теңге айлықта отырдым. Бір тиын бюджет жоқ, ауданға қарайлаумен боласың. Аудан әкіміне жалынып жүргенің, жобаларыңды анаған-мынаған бір өтініш жасап жүріп сыздыртасың, сосын әкімге барасың, ол келіссе, тендер арқылы сол жобаңды салып береді, салынған дүниенің қаншалықты дұрыс-бұрысын өзің реттеп аласың. Сондықтан миллиардтың үстінде отырғандарды бюджеті жоқ ауыл әкімі етіп тағайындаса, кімнің боксшы, кімнің экономист екені шынайы көрінетін еді.

Өздеріңіз білесіздер, «Тарлан батырлары» жобасында бес жыл жүрдім. Жеке кәсіпкерлер мен мемлекет арасында көпір болып, әкімдіктен субсидия аласың. Спорт залдарын ашып, спорттың жеті түрінен жаттығу жасауға мүмкіндік бердік. Кейіннен табыс тауып, ешкімнен ақша сұрамай-ақ өз қаражатымызбен өзімізді асырадық. Бес жылдың ішінде талай қысымды көрдік, талап күшейе берді, амалсыз кетуге тура келді. Орныма келген адам жұмыс істей алмайды-ау дегенмін, айтқаным айдай келді. Спорт кешендерінің барлығын әкімдіктердің балансына өткізіп жіберді.

Сондықтан да бір істі бастап, сол салада жетістікке жету үшін білім ғана емес, жүрек, мінез керек.

– Қызметтен кеткенде жолыңызды кескестеген адамдарға іштей реніш болған шығар?

– Жоқ, қызмет деген әкемнен қалған мұра емес қой – ол уақытша ғана. Үкімет басшылары, министрлер мен әкімдер ауысады да жатады. Не орнын босатады, не сотталады. Себебі таныс арқылы келеді. Айтарым: сен қызметті емес, қызмет сені сұрауы керек. Тамыр-танысын қосып қызметке келген адамның ойы қандай екені белгілі ғой. Егер сен мықты маман болсаң, халық өзі-ақ іздейді. Барған жеріме бірден: «мен нәтиже көрсетпесем, мені алып тастаңыздар» деймін.

Спортты түсінбейтін адамдардың басшылық қызметте отырғанының салдарын көріп жатырмыз. Бұрын жолдама тұрмақ, әлем, Азия чемпионаттарында жеңімпаз, жүлдегер болсаң да, әуежайдан ешкім күтіп алмайтын. Өзіміз жолға шығып такси тоқтатып, үйді-үйге тарайтынбыз. Қазір боксшылардың жолдама алғанына қуанатын күйге жеттік. Үйге келгенде әкең басыңнан сипайды, шешең шайыңды құйып береді, соған мәз болып, келесі оқу-жаттығу жиындарына кете бересің.

– Өкінішке қарай, білікті мамандар керексіз болып қала береді. Саланың иісі мұрнына бармайтындар таққа жайғасады...

– Кезінде «Астана» президент клубында істегенде британиялық танымал маман Майкл Пейнді шақырды. Келісімшарт бойынша ол бізге бағдарлама жасап беруі тиіс, сол үшін оған 500 млн теңге төледі. Әр саланың жілігін шаққан мамандар өңірлерде бір айлыққа жұмыс істеп жүр, оларды ешкім іздемейді де. Ол бергі жағы, ішінде жүріп талай дүниені көресің, жаның ауырады. Себебі шынайы білімді, білікті, тәжірибесі мол мамандар танысы жоқ болғандықтан ғана бір орнында қала береді. Өңірлерде жағдай мәз емес, ол жақта тіпті мекемеге жұмысқа еден жуушы болып тұру үшін де 500 доллар ақша береді, ал алатын айлығы 80 мың теңге.

– Афина олимпиадасына биыл 20 жыл. Сол ойындардағы финалға оралсақ...

– Менен бір күн бұрын Геннадий Головкин жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанды. Ертеңіне мен шығуым керек болды. Боксшылар арасында жалғыз қалғанымды білгеніммен, жарысты жалғастыратын құрамадағы жалғыз спортшы екенімді білген жоқпын.

– Алтын алған соң қандай сезімді бастан кешірдіңіз?

– Шыны керек, аса түсінген де жоқпын. 19 күн салмақ қудым, жарыстың алғашқы күнінен бастап, соңғы болып аяқтадым. Барлық спортшы кетіп қалған, қалғандары заттарын жинап тастаған. Ырымшылмыз ғой, мен киімдерімді әдейі шашып тастадым. Финалдан соң олимпиадалық ауылға келсем, ешкім қалмаған, менің ғана киімдерім шашылып жатыр. Кешкі бестің кезінде кетуге дайындалып жатқанда, ұйымдастырушылардың бірі күте тұруымды өтінді. Грекшелеп айтып еді, аса түсінбедім, қағазды көрсетті. Сөйтсем Вэл Баркер кубогына екі адам қарастырылып жатыр екен, соның бірі мен болып шықтым, екіншісі кубалық Марио Кинделан. Бірақ мен оны түсінген де жоқпын, өзімше допинг тапсыру керек шығар деп қоямын. Балалармен сыртта отырсақ, ішке кіруімді сұрады. Кірсем, адам ығы-жығы. Бәрі қол шапалақтап жатыр, қасыма Бекет Махмұтов ағамыз жүгіріп келіп бетімнен сүйді. «Баркер кубогы саған тапсырылады» деді. Сәлден соң кубокты қолыма әкеп бергенде, бақыттан бас айналу дегеннің не екенін сезінгендей болдым. Алтынның өзін армандап жүргенде, Вэл Баркер дегенді алу ойға да кіріп шықпапты.

Түнгі 11-лерде қонақүйге келген бойда жабылу салтанатында туды алып шығасың деп тапсырма берді, сол күйі автобусқа отырғызып жіберді. Өзім ашпын, талай күн салмақ қуғаным тағы бар. Стадионға барып, түнгі 1:30-да еліміздің туын көтеріп шықтым.

Сол күйі әуежайға барып, елге оралдық. Әбден шаршаған болсам керек, бәрімен суретке түсіп болған соң, ұшақтың ішінде ұйықтап кетіппін. Қонғанда көзімді ашсам, ұшақта ешкім жоқ, сөйтсем бәрін тездетіп түсіріп жіберіпті. Үстімдегі жейдені шешкізді де, жаңасын кигізді. Қарасам, «Нұр Отанның» жейдесі екен. Сол жейдемен алты ай жүріп, депутаттарға үгіт-насихат жүргіздік. Алты айдан соң қайта оқу-жаттығу жиындарына кеттім.

– Қазір Вэл Баркер кубогы қайда?

– ІВА президенті Умар Кремлев бірде Вэл Баркер кубогын менен сатып алғысы келетінін айтты. Келістім, бірақ көшірмесін талап еттім. Ол көшірмеден бөлек маған 200 мың доллар ұсынды. Өзімше Бекет ағалардың жолын қусам деп жүрген кезім еді. Өкінішке қарай, Умар кубокты алды да, қазақшалап айтқанда, мені лақтырды. Сол аралықта мен де жұмыссыз қалдым. Қаражатты қойшы, бірақ кубоктың өзі маңызды ғой. Кейіннен сөйлесу арқылы көшірмесін жіберетін болып келісті, қазір күтіп отырмыз. Ал түпнұсқасы ІВА-де.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: