Қазақстандық супер орта салмақтағы боксшы Бек Нұрмағанбет АҚШ-та өткен бокс кешінің басты айқасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жекпе-жек Лас-Вегастағы Fontainebleau қонақүйінде өтті. Бұл кеш «Канело» – Теренс Кроуфорд жекпе-жегінің алдындағы ірі іс-шаралардың бірі болды.
Нұрмағанбеттің қарсыласы – 31 жастағы америкалық Стивен Самптер (11-2-1, 9 KO). Он раундқа жоспарланған айқас небәрі үш раундқа созылды. Екінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірсе, үшінші раундтан кейін америкалықтың бұрышы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
27 жастағы Бек Нұрмағанбеттің рекорды енді – 15-0, 11 KO. Бұл оның Солтүстік Америкадағы қатарынан тоғызыншы жеңісі болды.
Айта кетейік, ол мексикалық жұлдыз «Канелоның» тұрақты спарринг-серіктесі, ал менеджерлік міндетін «Канелоның» бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо атқарады.
Қазіргі таңда Нұрмағанбет WBA рейтингінде 11-орында тұр.