Өткен апта қазақ спорты үшін, әсіресе аруларымыз үшін айрықша табысты болды. Әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған қыздарымыз бірінен соң бірі жарқын жеңістерге қол жеткізіп, көк Туымызды биікте желбіретті. Конькимен жүгіруден әлем чемпионаты, бокстан беделді халықаралық турнир және күрестен рейтингтік дода – барлығында да қазақ қыздары үздіктер қатарынан көрінді.
Инцелльдегі тарихи жеңіс: жасөспірімдер әлем чемпионаты
Германияның Инцелль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы топ жарып, ел мерейін үстем етті.
Қазақстандық спортшылар командалық спринт сайысында 1:28.77 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші жетіп, алтын жүлдеге ие болды. Бұл сында ел намысын Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова және Варвара Глухова қорғады.
Польша құрамасы 1:28.94 нәтижесімен күміс жүлде алса, Канада 1:29.25 уақыт көрсеткішімен қола медальді қанағат тұтты.
Жекелей сында да Кристина Шумекова керемет нәтиже көрсетті. Ол 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында чемпион атанып, 3000 метрде күміс жүлде жеңіп алды. Бір чемпионатта үш бірдей алтын иелену – үлкен жетістік әрі болашағынан зор үміт күттіретін көрсеткіш.
«Странджа кубогы–2026»
Болгария астанасы София қаласында өткен халықаралық Странджа кубогы–2026 турнирінде де қазақстандық боксшылар жоғары нәтиже көрсетті. Бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» аталып кеткен бұл беделді жарыс биыл 77-рет ұйымдастырылып, Еуропадағы ең көне халықаралық бокс додасы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстан құрамасы жалпы 9 медаль жеңіп алып, медаль кестесінде екінші орынға тұрақтады. Төрт алтын медальдің үшеуі қыздарға бұйырды:
Валерия Аксенова – 80 кг жоғары
Надежда Рябец – 80 кг дейін
Элина Базарова – 54 кг дейін
Сонымен қатар:
Күміс медаль (2):
Лаура Есенгелді – 65 кг дейін
Қола медаль (3):
Әнел Сақыш – 54 кг дейін
Валентина Хальзова – 75 кг дейін
Дина Исламбекова – 80 кг жоғары.
Тирана төріндегі триумф: күрестен рейтингтік турнир
Ал Албания астанасы Тирана қаласында 26–28 ақпан аралығында өткен күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Жалпы қорытындыда:
1-орын – Қазақстан
2-орын – Үндістан
3-орын – АҚШ
Жарыстың үшінші күнінде аруларымыз бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
72 кг салмақта Жәмилә Бақбергенова алтын медаль жеңіп алып, турнир чемпионы атанды.
Сондай-ақ:
Айта кетейік, додаға 22 мемлекеттен 107 спортшы қатысты. Осындай бәсекелі турнирде командалық есепте көш бастау – Қазақстан әйелдер күресінің әлемдік деңгейдегі орнының нығайып келе жатқанын білдіреді.