АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама бөтен ғаламшарлықтардың бар екеніне сенетінін жеткізді. Бұл пікірін ол америкалық саяси блогер Брайан Тайлер Коэн жүргізетін No Lie with Brian Tyler Cohen подкастында білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алайда Обама президенттік қызмет атқарған жылдары Жерге бөгде ғаламшарлықтардың келгенін немесе олармен байланыс орнағанын дәлелдейтін нақты деректерді көрмегенін нақтылап өтті.
Оқи отырыңыз:
Олар бар (бөгде ғаламшарлықтар), бірақ мен оларды ешқашан көрген емеспін, – деді подкаст барысында экс-президент.
Сондай-ақ ол әйгілі 51-аймақта жат ғаламшарлықтар бар деген қауесеттерді жоққа шығарды.
Бәрі тіпті президенттен де жасырылған ауқымды құпия болмаса, ондай ештеңе жоқ, – деп қалжыңдады ол.
Коэннің «президент болғанда қандай сұраққа жауап алғыңыз келді?» деген сауалына Обама қысқа ғана: «Бөгде ғаламшарлықтар қайда?» – деп жауап берді.
Кейін ол бұл тақырыптағы көзқарасын әлеуметтік желіде де түсіндіріп өтті: ғаламшарлар мен жұлдыз жүйелерінің саны орасан көп болғандықтан, басқа жақта да өмірдің болуы әбден мүмкін. Бірақ жұлдызаралық қашықтықтың тым алыс болуы Жерге келіп-кету ықтималдығын төмендететінін қоса кетті.
Президент лауазымын атқарған кезімде бізбен байланыс орнағанына дәлел көрген жоқпын, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
АҚШ билігі бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет ресми түрде түсіндірген. 2011 жылдың қарашасында Ақ үй бөгде өркениеттермен байланыс болғанын растайтын деректер жоқ екенін мәлімдеген. Сол кезеңде NASA Марсқа Curiosity марсоходын жіберуге дайындалып жатқан. 2012 жылы аппарат Қызыл ғаламшарға сәтті қонғаннан кейін, Обама ғалымдарға: «Марста тіршілік белгілері анықталса, оны дереу хабарлау керек», – деп тапсырған.
2020 жылы АҚШ Қорғаныс министрлігі беймәлім ұшқыш нысандарды зерттейтін арнайы жұмыс тобын құрды. Пентагон бұл топтың мақсаты осындай нысандардың табиғаты мен шығу тегін анықтау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерді бағалау екенін хабарлаған.
Сол жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп 1947 жылы Нью-Мексико штатында табылған белгісіз нысан қалдықтарына қатысты құжаттарды құпиясыздандыру мүмкіндігін қарастыратынын айтқан. Ол кезде Әскери-әуе күштері бұл қалдықтар құпия метеорологиялық жобаға тиесілі зонд екенін мәлімдегенімен, оқиға беймәлім ұшқыш нысандар туралы түрлі теориялардың таралуына себеп болды. Трамптың өзі ұшқыштардың белгісіз нысандарды көргені жайлы мәліметтер естігенін мойындағанымен, олардың бар екеніне күмәнмен қарайтынын жасырмаған.
Ал 2021 жылы Барак Обама Пентагонның құпия архивтерінде қозғалыс траекториясы ғылыммен түсіндірілмейтін ұшатын нысандардың видеолары сақталғанын айтқан.
Біз олардың қалай қозғалғанын, қандай принциппен ұшқанын түсіндіре алмаймыз, – деген еді ол.
Бұған дейін физиканы формуламен емес, зымыранмен үйреткен ұстаз жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар Қытайда Tron 2 трансформер-роботын мерзімінен бұрын таныстырды.