Бодандық санадан құтылудың жолы – деколонизация

16 Сәуір 2018, 08:27 10507

Сананың жаңғыруы - рухани жаңғыру

Осыдан бірнеше жыл бұрын тарихшы Берік Әбдіғалиұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің жанынан құрылған «Жас азамат» клубының отырысына келіп, тұщымды дәріс оқыған еді. Бүгін "Рухани жаңғыру" бағдарламасының 1 жылдығына орай, жастар санасын дүр сілкіндірген бұл әңгімені қалың оқырманмен бөлісуді жөн санадым.  

«Қазақ ұлты қандай болу керек деген мәселе мені алаңдатып жүрді»

Смағұл Садуақасов - білесіздер, Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы. Ол кезінде Алашорданың жас бөлімін басқарған. Семей губерниясында бір басшы ұлтқа қысым көрсетеді екен. Смағұлды комиссия ретінде сонда жібереді. ЦК-дан келген 21 жастағы Садуақасов сол басшыны орнынан алып, губернияны өзі басқарады. Семипалатинский губком - үлкен аймақ. Сонда небары 21 жасында, былайша айтқанда, қазіргі үш облысты басқарады. Ол кісі енді отызға қараған шағында қайтты. Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасовтың Мәскеуде бейітін көрдім» деген әңгімесін естіп, "Донское кладбищеге" арнайы бардым. Сөйтсе, сол маңдағы шіркеуде оның күлі тұр екен. Соны қайтаруды өзіме міндет санап, бірнеше жыл осы жұмыспен айналыстым. Сабыр Қасымов деген ағамыз көмектесіп, күлді өз жерімізге 3-4 жыл бұрын қайтарған болатынбыз.

Елін аңсап, туған жеріне жете алмай қалған азаматтар көп. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың бейіті Берлинде. Мұсылман түркілердің бейіті деп аталады, дәл ортасында тұр. Болашақта оны да қайтарармыз... Әрқашан өзімізді жас деп есептейміз, бірақ ата-бабаларымыз жасына қарамай, мойнына өте үлкен міндеттер алған. Шоқан Уәлиханов отыз жасында қайтты. Қаншама еңбек қалдырды. Әлі күнге дейін 70-80-ге келген тарихшыларымыз ондай еңбек жазбаған. Сондықтан да, «жаспын, кейін жасаймын» демей, қазірден бастап еңбектенген дұрыс.

Қазақ ұлты қандай болу керек деген мәселе мені алаңдатып жүрді. Соның төңірегінде «Қазақ миссиясы» деген еңбек жазғанмын. Оны жалғастырғым келеді. Өйткені, 2007 жылдан 7 жылдай уақыт өтті.

«Қасым хан қазақты біріктіретін ұлттық нышанға айналса...»

Ең әуелі, тарихқа қысқаша шолу жасағым келіп тұр. Қазақ хандығы құрылған кездегі қазақ – рулық одақ. Бірнеше рулар бірігіп, болашақта қазақ атанамыз деп, Созаққа қарай төменгі жердегі Таңбалыға таңбаларын тасқа ойып салған.

«Қазақ» атауы азаматтық ұғым секілді. «Қазақ» атанғандар – Қазақ хандығының азаматтары. Ол бұрыннан пісіп жетілген саяси оқиға ғой. Бірақ қазақ атанып, кейін бүкіл рулар қосылып, Қазақ хандығы болып кеңейе берді. Қазақтың бүгінгі күні үлкен проблемалардың бірі – руға бөліну. Руға бөліну – жақсы нәрсе. Қазақ әрқашан бір-бірінің руын сұрғанда бөлінейін деп емес, туысын іздеу мақсатында сұраған. Ол – әлеуметтік норма. «Сенің елің кім?» Елін айтса, «менің нағашым екенсің, жиенім екенсің, сен құда екенсің, бауырым екенсің» деген. Бұл қазақтың бір-біріне деген әлеуметтік қатынасы туыстық жүйемен анықталып отырғанын көрсетеді. Руға бөлінушілік – халықты біріктіретін ұғым. Өкінішке орай, бұл соңғы екі жүз жылдықта бәсекелестікке, бәсекелесітіктен қақтығысқа, рудың басын біріктіре алмайтын үлкен үрдіске айналып кетті. Оның себебі не? Тарихқа тоқталып өтейін. Қазақтың тұңғыш ханы – Керей. Біз енді тұңғыш хандары Керей мен Жәнібек деп келеміз.  Керей – ол бөлек. Елді он бес жылдай бөлек басқарған. Ескерткішті де, көшені де оған бөлек қоюымыз керек. Бірақ, «Керей, Жәнібек» деген ұғым қалыптасып қалды. Жарайды, ескерткішті қойдық.  Дегенмен, Керей біздің тұңғыш ханымыз. Одан кейінгі ханымыз – Жәнібек. Керейден кейін негізінен Бұрынды хан басқарды ғой. Жәнібектен кейін Керейдің ұлы. Бірақ Қасым хан келгенде Жәнібектің ұлы болашақта тек сол Жәнібектің ұрпақтары ғана басқарды.  

Қасым хан қазақты біріктіретін ұлттық нышанға айналса деген мақсат қойып жүрміз. Бүгінгі кезде Абылай мен Әбілқайырды бәріміз білеміз, дәріптейміз. Бұл кеше ғана болған хандар. Хандар – ұлттық нышандар. М. Мағауиннің еңбегіндегі үш шал концепциясы естеріңізде ме? Үш би деп мақтанамыз. Рудың көсемдері. Бірақ біз барлық жерде үш жүзді айта бергенде, халықты үшке бөлеміз деп айтып қалғаны бар. Шын мәнінде, бұл – ойландыратын нәрсе. Әрине, олар айтылады. Бірақ мемлекеттің тұтастығы үшін халықты біріктіретін тұлғаларды көбірек айтуымыз керек. Соның ішінде, Абылай мен Әбілқайыр, өкінішке орай, халықты біріктіре алмайды. Біздің үлкен хандарымыз, тағзым етеміз. Бірақ, батысқа барсаңыздар, бүкіл жерде Әбілқайыр, Орталықта Абылай хан, Оңтүстікте Төле би тұрады. Батыс Қазақстанды қосқан Қасым хан деп  талай айтып жүрмін. Ол бұрынғы Ноғай ордасы. Қазақ-ноғай ағайынды халық. Хандық болған соң, бәрінің басын қосады. Сол кезде арнайы астанасын Сарайшыққа апарады. Қасымханның мақсаты – осы үлкен Қазақ хандығын Алтын орданың мұрагері ретінде қалпына келтіру. Әртүрлі деректерге қарағанда, Қасымханның 300 мыңға дейін әскері болған.

«Атырауда Бейбарыс емес, Қасым хан тұру керек»

Жошы ханның бейіті Ұлытауда бар. Әлі күнге дейін кейбіреулері ол мифология шығар деп сенбейді. Бұл бұрыннан, он жетінші ғасырдан бергі деректерде жазылып кеткен. Арнайы Алтын Орданың астанасы Сарай қаласы Астраханда, содан кейін Сарайшық. Соны басып алу үшін Қазақ хандығының бүкіл күшін арнайы осы батысты билеп алуға күш жұмсады. Ноғайды жеңу үшін тіпті Қырым хандығымен дипломатиялық қатынас жасап, екі жақтан Ноғай ордасын қысады. Бәрі былай қарасаңдар, ағайындылар. Арасында қыпшақ, найман, керей. Шежіресіне қарасаңдар, әскери құрылымында бір рулар, бәрі ортақ.  Екеуі екі жақтан Ноғайды қысқан кезде ноғай жерін басып  алып, қазақтар Сарайшықты астана қылады.  Сол жақта кейін қаза болады. Атырауда Бейбарыс емес, Қасым хан тұру керек. Қасым ханға бүкіл қаланың төрінен орын беруге болады. Өйткені қазіргі қазақтың жерінің бәрін Қасым хан алып берген. Бұл тұтастықты, оның империялық жобалармен айналысқандығын білдіреді.  Ол геополитикалық саясат жүргізді. Орыс патшалығының өзі Қасым ханнан қорқып, оны мойындап отырды. Өйткені оның әскері Ноғай, Қырым хандығымен  біріксе, Москваны да басып алатын мүмкіншілігі болды.

Мен  ұлттық нышан болатын тұлғаларға тоқталғым келіп отыр. Қасым хан өлгесін билікке талас басталып, Қазақ хандығы батыс Қазақстанды жоғалтып алады. Қасым хан өзі хан болып жатқанда Хақназарды башқұрларға хан қылып қояды. Башқұр Алты алаштың құрамында болды. Жалпы, Алты алаш жайлы әртүрлі деректер бар. Қазақ хандығының құрамына қазақтан бөлек ноғай, башқұр, қарақалпақтар, қырғыздар енген. Жалпы, бұл әлі толық ашылмаған. Кейін Хақназар келіп, қалпына келтіріп, бүкіл Ноғай ордасын қосады. Башқұрлар да, қарақалпақтар да, қырғыздар да  жақсы қарым-қатынаста. Хақназар – Қасым хан алып бергенді сақтап, өзінен кейінгі мұрагерлерге аман-есен тапсырған ең үлкен хандарымыздың бірі. Сондықтан Абылай, Әбілхайырмен қоса,үлкен хандарымызды ұмытпауымыз керек. Халықты біріктіретін тұлғаларды насихаттауымыз керек.

«Қоғам әлі де қазақтың мемлекетін, шекарасын жасап берген хандарымыздарды білмейді»

3-4 жыл бұрын «Имя России» деген жоба болды ресейлік арнаның бірінде. Бүкіл Россия Россияның тұлғасын таңдады. Үлкен студияда кілең атақты тұлғалар. Россияның президенті ғана болған жоқ, қалғанының бәрі отырды. Бүкіл халық сауалнама жүргізді. Ең көп дауыс жинаған он екі адамды анықтады. Соларды насихаттайтын бір-бір өкілдерін отырғызды. Олар он екі адамды қорғады. Өте әдемі айтыс болды. Сталин, Ленин, Александар Невский, Столыпин сияқты біраз азаматтар бар. Солардан  алғашқы үштікті анықтады. Бір жағынан қарасаң,  шоу, екінші жағынан орыс ұлтыны рухын көтеріп, патроиотизмді күшейтеді. Жеңгені – Александр Невский. Оның шешесі – қыпшақ. Әрқашан да Александр Невскийге біздің даладан нағашылары көмек беріп отырды. Нева қырғынында Александр Невский біздің әскермен жеңеді. Мұздың үстіне шыққан кезде біздің әскерлер-қыпшақтар жеңіл киіммен мұздан өтіп кетеді, ал рыцарьлардың үстіндегісінің бәрі темір ғой, мұз жарылып, олар суға батып өледі. Ең үлкен шайқастардың бірі. Ол кезде Еуропа Россияға крестовый поход жібереді. Александр Невский солардың бетін қайтарып, Еуропаны жақындатпай, проваславиені аман алып қалды деп бірінші орынды соған берді. Оны жеңгізген қазіргі патриарх. Екінші орын қателеспесем, Столыпин. «Біз де осылай жасайықшы. Қазақтың бір тұлғасын бүкіл елге телевидение арқылы насихаттайық. Қасым хан, Хақназар, Тәуке, Есім хан, билеріміз, Әлихан Бөкейханов, Кенесары, салқам Жәңгір сияқты қазақтарды орыстардан, жоңғарлардан аман алып қалған тұғаларды көрсетейік» деп, біздің жігіттер де осындай жоба бастамақшы болды. Сөйтіп, «кімді білесіз?» деп сауалнама жүргізгенде, біздің халық Абайды, Әбілқайырды, Абылайды, бүгінгі кеңінен насихатталған тұғаларды ғана біледі, болды. Қазір осындайды біз де ұйымдастырсақ, көптеген ұлы тұлғаларымыз ұтылып қалады. Өйткені қоғам әлі де қазақтың мемлекетін, шекарасын жасап берген хандарымыздарды, басшыларды, олардың елді біріктірген еңбегін білмейді. Керей мен Жәнібектің ескерткіші де жақында ғана әзер қойылды. Облыстарға барсаңыздар, Тәуке хан, Керей ханды ешкім білмейді. Кенесарының өзі Астанада ғана бар, оның үстіне көшесі де ескі. Ондай тұлғаларды насихаттау керек.

«Кенесарының жеңіліс табуы – қазақтың мойнындағы үлкен кінә»

Өткен тарихта бізде көптеген қақтығысты оқиғалар болды. Мәмбет Қойгелдиев ағамыз  «біз – ұтылған ұлтпыз» деп айтады. Көп соғыстан ұтылдық кейін. Жерімізден де ұтылдық, тәуелсіздіктен де ұтылып, бодан болып кеткенбіз. Осындай заманда мемлекеттік инстинкт деген екі жүз жылға жуық уақытта толық жойылды. Тәуке хан кезінде билік билерге беріледі. Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би. Әр жүздің көсемдері.  Хан олардың сөзін тыңдайтын заман. Билік солардың қолында. «Жаужүрек мың бала» киносы естеріңізде ме? Сол фильмде кішкене тарихи қателіктер бар. Қарақұм құрылтайының қателеспесем, 2010  жылы 300 жылдығы болды. Қазіргі Қызылордамен шекаралас Ұлытау жерінде  Қарақұм деген үлкен құрылтай болады. Сонда жоңғарлар келгенде хандар, билер, батырлар жиналып, «ал, не істейміз. Жоңғарлармен күресеміз бе, әлде бодан боламыз ба?» дегенде, біразы соғыспай-ақ, солармен бірігіп, бодан болайық дейді. Бодан болу деген салық төлеп отыру. Жоңғарлар келіп, бәрін қалдырады, тек салық жинап, төлеп тұру керек. Ол кезде мал мен әскер беру керек. Сонда соғысып, жоңғарларға тойтарыс беруге шешім қабылданады. Алғашқы тойтарыс берген жер Бұланты. Аңырақай емес. Ұлытау ауданы, Қызылордамен шекаралас Бұланты, Сіленті деген өзендер бар. Ол жерде Қалмаққырылған деген жер бар. Сол жерден тойтарыс береміз деп, басшы қылып Әбілқайырды сайлайды. Ол кезде Әбілқайыр сұлтан. Қолбасшысы Бөгенбай батыр бар, Қабанбай батыр бар, бәрі жеңеді. Осы жерде билерге Тәуке ханнан кейінгі ханды сайлау керек болады. Сол кезде даладағы ең беделді сұлтан Әбілқайыр болды. Әбілқайырдың өзі ержүрек, батырлығы бар, мінезі бар. Бірақ, ол билерге бағынбайтын мінез көрсетіп жүрді. Билер қорыққан болар. Оларға өздерін тыңдайтын хан керек. Сөйтіп Болатты хан сайлады. Ал ол халықты біріктіре алмады. Әбілқайырдың өзін хан сайламағаны үшін реніші болып, әскерін жеке ұстап жүрді. Орта жүздің ханы кейін Әбілмамбет те халықты біріктіре алмады.  Сөйтіп қазақтардың басы қосыла алмай кетті. Әбілқайыр әскерін алып кеткен деген әртүрлі деректер де бар. Осы жерден Қазақ хандығының ыдырағанын көреміз.  Содан Қазақ хандығы үш жүзге бөлінді. Үш жүз дегеніміз - үш мемлекет. Әр жүздің өзінің ішкі, сыртқы саясаты болды. Әбілқайыр орыстармен келісім жүргізіп, соларға қосылам деді.

Дәл сондай мәселе Шыңғыс ханмен де болған, Шыңғыс хан келгенде біздің біраз хандықтар найман хандығы, керей хандықтары қарсы тұрып соғысты, дешті қыпшақтардың біразы мойындады, мойындамағандар Батыс Венгрияға кетті. Соңғы қыпшақтар Венгрияда, Қарсақ қаласы қазір қыпшақтардың ауылы. Мадиярлар бір бөлек, Венгрияда тағы да он екінші ғасырда осы жақтан кеткен қыпшақтар бар. Ауылдары  Қарсақ қаласы.

Әбілқайыр Ресеймен келісім жүргізіп, оларға қосылғысы келді. Ол кезде Әбілқайыр Хиуаның да ханы болды. Ресейдің қолдауымен Хиуаны толық бақылауда ұстап, жоңғарларға, қалмақтарға қарсы қолданғысы келді. Осы кезден бастап Хандық ыдырады.

Жоңғарды құртқан – қытайлар. Қытайлар Жетісуды өздерінің жері дейді. Ресми емес деректерінде солай, тіпті картасы да бар. Орталық Қазақстан, Ұлытау, Сырдарияға дейін окупациялық жерлер болды. Жоңғарлар біздің сол жерлерімізді басып алғандықтан, біз оларға салық төлеп тұрдық. Кіші жүздің көбісі Өзбекстандағы Бұқара, Самарқанға көшіп кетті. Біразы батысқа шегінді. Жоңғарлар Қаскелең, Шамалған сияқты жерлерді басып алып, өздерінің меншігі деп есептеді. Кейін қытайлар жоңғарларды жеңіп, жоңғардың жерін өздеріне қосып алды. Сондықтан, Қытай осы Жетісу өңірін өз жері деп атайды, әрине, ресми деректерде емес, бейресми деректерде ғана.  18 ғасырдың аяғында Қазақ хандығы да ыдырай бастайды. Солтүстіктен орыстар, оңтүстіктен Хиуа мен Қоқан күшейіп, қысым көрсете бастады. Қазіргі Алматы, Жамбыл, Шымкент толық Қоқан хандығына кірді. Сырдария маңындағы қалалар және Маңғышлақ – бәрі Хиуаның қарамағында. Қазақ халқы орыстың, Қоқан, Хиуа хандықтарының құрамында жүрген ру, тайпа ғана болып, Қазақ мемлекеті жоқ болып кетті. Содан біздің мемлекеттік сана ыдырады. Мемлекет, ұлт, ел, халық болып бірігу деген артта қалып, зар заман жырлары туды. Яғни, ХVIII ғасырда Қазақ мемлекеті жоғалып, халқы ғана қалды. Бірақ соған қарсы күрестер жүріп жатты. Батыста көтеріліс көп болды. Өйткені, орыстар батыстағы отаршылдық саясатын ерекше басым жүргізді. Сырым батырдың еңбегі ерен. Оның артында Хиуа тұрды. Оларға түркмендер, Иран ықпалы болды. Хиуа қазақтарды орыстарға қарсы айдап салып отырды. Өйткені, қазақтар жеңіліс тапса, орыстардың тарапынан үлкен қауіп Хиуаға төнер еді. Исатай мен Махамбет көтерілісін де Хиуа қолдап отырды. Ақтөбеде Есет Көтібарұлы, Қызылордада Жаңқожа батыр. Ал Кенесарының ағасы Саржан батыр Орталық Қазақстанда қоқандықтар әскерімен бірігіп, орысқа қарсы аттанады. 1000 жауынгермен Ұлытауға дейін жетеді. Бірақ қоқандықтар қашып, Саржан батыр да кейін  шегінеді. Кейін Саржан Ұлы жүздің жерінде халықты біріктіре бастайды. Бірақ ол Қоқан хандығымен келіспей, ақыры олар Саржандарды өлтіреді. Ағасының қазасына Кенесары қатты күйінеді. Екіншіден, Қоқан хандығы қазақ ауылдарын тонап, ойларына келгенін істейді. Қарсы көтерілістер жүріп жатты, бірақ мемлекеттік идеология болмады. Кенесары сол кезде қазақ хандығын қалпына келтіру идеясын басты ұран қылды. 1838 жылы Исатай қайтыс болса, Кенесары көтерілісі 1837 жылы басталады. Бірақ Махамбет Кенесарыға бармай, Хиуаға кетеді. Кенесарыны да Хиуаға шақырады. Сөйтіп, қазақтың басы қосылмайды. Кенесары ең ақыры қырғыздармен соғысып, сол жерде қаза болады. Қазіргі күні зиялы қауымды мазалап жүрген ой –  Кенесарының басын қайтару. Өзім де талай барғанмын, бірақ Ресейде Кенесарының басы жоқ. Қазақтың Кенесарының алдында кінәсі бар. Кезінде ұлт болып, барлық ру болып, бірауыздан Кенесарыны қолдамағандықтан, оның жеңіліс табуы – қазақтың мойнындағы үлкен кінә. Бұл Қазақты бір шаңырақ астына жинауға шақырған соңғы қозғалыс, соңғы идеология болатын.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: