Боччаны аяғымен ойнайтын жалғыз қазақстандық

15 Желтоқсан 2023, 17:44 1325

Астанада боччадан Қазақстан кубогы өтіп, еліміздің өңір-өңірлерінен келген спортшылар өзара кім мықтыны анықтады. Ал солардың арасында Алматыдағы «Мейірім» оңалту орталығының тәрбиеленушілері Эльдар Гребнев пен Сая Советхан қола жүлдегер атанды. Ал сол орталықтың тағы бір өкілі Георгий Павленко мұндай сында тұңғыш рет бақ сынады. Айта кетерлігі, Георгий боччаны аяғымен ойнайтын еліміздегі жалғыз спортшы. Себебі оның қолдары туғанынан істемейді. Бұл спорт түрімен айналысқанына небәрі бір ай ғана болған Георгийдің анасы Анна Павленкомен El.kz ақпарат агенттігі тілшісі сұхбаттасқан болатын. Анасының сөзінше, оған церебральді сал ауруы диагнозы қойылған екен.

Суретте: Сая Советхан

Суретте: Эльдар Гребнев

Боччамен айналысып бастағаныңызға қанша уақыт болды?

– Боччаға барғанымызға небәрі бір ай ғана болды. «Мейірім» оңалту орталығына экскурсияға келгенбіз. Ұлым өзге балалардың бочча ойнап жатқанын көріп, өзін сынап көргісі келді. Доптарды лақтырып еді, әлеуеті жететін секілді болды. Құдды өмір бойы осы боччамен айналысып жүрген тәрізді. Міне, бір айдың ішінде осындай ірі аламанға қатысып жатырмыз.

– Яғни орталықтағы бапкерлер қатарға қосу туралы ұсыныс білдірді ғой?

– Иә, ол кісілер жаттығуға келуімізді сұрады. Балама да бұл спорт бірден ұнады, өзі «өмірімнің мәніне айналатын іс» деп айтты.

– Жаттығу қаншалықты жиі өтеді?

– Аптасына үш рет жаттығуға барамыз. Екі сағат болады. Тек жарыс алдындағы аптада күнде дайындалды.

– Жарысқа психологиялық тұрғыда қалай дайындалдыңыздар?

– Ол жағынан өзім дайындадым. «Қобалжыма, сенің қолыңнан келеді, бәлкім бұл сенің өмірлік ісіңе айналатын шығар» дедім.

– Нәтижеге көңілі құлазыған шығар?

– Жеңіліп қалған соң көңіл күйі түсіп кетті. Алғашқы жарысы ғой, дегенмен жүлделі орыннан көрінсем деген ниеті болып еді. Ештеңе етпес, тәжірибе керек.

– Сіз де қобалжыған боларсыз?

– Қатты қобалжыдым, өзім ұлыма басу айтқаныммен, бәрібір уайымдайды екенсің. Екі түн ұйықтай алмадым. Бірақ оның ұтылып қалғанына еш ренжіген жоқпын, тәжірибе деп қана қарадым.

– Естуімше, Георгий боччаны аяғымен ойнайтын жалғыз қатысушы екен...

– Дәл солай. Себебі оның қолдары мүлде жұмыс істемейді. Туғанынан солай. Сол себепті аяғы дами бастады. Допты да аяқпен лақтырады. Компьютерде де, телефонда хабарламаларды да аяғымен жазады, суретті де аяғымен салады. Бірақ өзім тамақтандырамын. Негізі әлемде аяғымен ойнайтындар бар, бірақ Қазақстанда жалғыз Георгий осындай.

– Георгийдің жасы нешеде?

– 5 желтоқсанда 18 жасқа толды.

– Ұлттық құрама сапына ілігетін жоспар бар ғой?

– Әрине, Қазақстан кубогында жеңіске жеткендер құрама сапына алынады деген, өкінішке қарай, біз үздіктер қатарына ене алмадық, бірақ алдағы уақытта жоспарымыз жүзеге асады деп үміттенемін.

Бұл жолы да нашар ойнаған жоқ, тек қарсыласының деңгейі жоғары екен, ол халықаралық деңгейдегі аламандарда бақ сынап жүрген жігіт.

– Жаттығуға жағдай бар ма?

– Негізінен «Мейірім» оңалту орталығына барып жаттығамыз. Үйде қолдан жасалған доптармен жаттығу жасаймыз, ішіне құм толтырылған доптар дайындап беремін, сезімталдығы арта берсін деймін.

Өзім видеолар көріп, біраз кітап оқыдым. Ережелерін білемін.

Суреттер: «Мейірім» оңалту орталығы

Мадина Асылбекова
Бөлісу: