Блогерлерге салық салынады. Жаңа заң қашан іске қосылады?

21 Шілде 2023, 13:00 1459

Қыркүйек айынан бастап блогерлер әлеуметтік желі және интернет платформалар арқылы тапқан табысына салық төлеуге міндеттеледі. Себебі жақында ғана елімізде онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамалар туралы заңға Президент қол қойды. Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге кәсіпкер ретінде тіркелуге 9 қыркүйекке дейін уақыт берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойған болатын. Бұл заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген болатын.

Депутат Анас Баққожаев Мәжілістің жалпы отырысында өзін блогермен деп санап жүргендер жауапкершілікті сезінуі керегін айтып, Үкімет басшысы атына сауал жолдап, заң аясында жауапкершілікті бекіту керегін айтқан еді.

Енді жақында ғана қабылданған заң ел аумағында жұмыс істейтін онлайн-платформалардың қызметіне байланысты қатынастарды, онлайн-жарнаманы жасау және жариялауда туындайтын қатынастарды реттейді.

Бұл құжат аясында онлайн-платформалар қызметінің ашықтығын арттырып, ақпаратты тұрақты әрі жүйелі түрде жинауды, жинақтауды, сақтауды, талдауды және жұртшылыққа таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтар үшін қауіпсіз ақпараттық ортаны қамтамасыз ету, тыйым салынған контентке жол бермеу және балаларды онлайн-платформалардағы олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау көзделіп отыр.

Айта кетсек, заң аясында онлайн-жарнама сәйкестендіріліп, таңбалануы керек. Сонымен бірге онлайн-жарнама уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен таңбаланады. Онлайн-жарнаманы орналастыру және тарату «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жаңа заңда демеушілік контент, жалған ақпарат, жария қоғамдастық, жария қоғамдастық модераторы, жарияланым, инфлюенсер (блогер), лездік хабарлар алмасу сервисі, онлайн-жарнама, онлайн-жарнаманы таратушы, онлайн-платформа, онлайн-платформадағы аккаунт, онлайн-платформалардағы контент, онлайн-платформаның меншік иесі, онлайн-платформаны пайдаланушы, профайлинг, таргеттелген онлайн-жарнама және уәкілетті орган сияқты ұғымдар қолданылады.

«Блогер кәсіпкер ретінде тіркелуі керек»

Блогерлер мен инфлюенсерлердің қызметін Мемлекеттік кірістер комитеті қалай реттейді? МКК ресми өкілі Айнұр Сартаевадан сұрап көрдік.

Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес, ең төменгі жалақының он екі еселенген мөлшерінен асатын көлемде бір жылда табыс тапқан тұлғалар міндетті түрде өздерінің кәсіпкерлік қызметін заңдастыруы керек. Яғни олар кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Бұл заң блогерлерге де әсер етеді. Қазіргі уақыттың өзінде Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан блогерлерді, инфлюенсерлерді салықтан әкімшілендіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деді комитет өкілі.

Айнұр Сартаева атап өткендей, Мемлекеттік кірістер комитетіне үшінші жақтардан, яғни үшінші тұлғалардан ақпарат алу, сонымен қатар әлеуметтік желілерге және интернет-платформаларға мониторинг жасау сияқты шаралар және камералдық бақылау жұмыстары жүргізіледі. Камералдық бақылау шараларының нәтижесінде аталған азаматтарға хабарлама жіберіледі. Бұл хабарламаны алған азамат оған қатысты тиісті салық органының қойған талабын орындау бойынша шараларды жүргізуі керек.

Мысалы, кейбір азаматтар өздерінің табысын жасырып не болмаса төмен көрсетіп отырғаны анықталса, онда оған хабарлама жіберіледі және оны азамат орындауы қажет. Сонымен қатар қазіргі уақытта онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заң қабылданды. Оған Мемлекет басшысы қол қойды. Алдағы уақытта, дәлірек айтқанда, 9 қыркүйектен бастап бұл заң қолданысқа енгізіліледі. Бұл заң бойынша жарнамалық мазмұнда әртүрлі жазбаларды орналастыратын блогерлер мен инфлюенсерлер жарнамасын таңбалау қажеттілігіне ерекше мән берілген. Яғни бұл жарнаманы қалай таңбалайтыны жөнінде тиісті уәкілетті мемлекеттік орган ережелерін бекітеді, - деп айтты ол.

«Табысын жасырғандар декларация тапсырғанда анықталады»

Сонымен бірге Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан заңның қабылдануына байланысты осы аталған санаттағы азаматтарды салықтық әкімшілендіру шаралары күшейтілетін болады. Себебі алдағы уақытта блогерлердің жарнаманы орналастыруға қатысты тиісті уәкілетті органнан қажетті ақпаратты алуға мүмкіндігі пайда болады.

Бұдан бөлек, елімізде салық органдары 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Мысалы, бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайлары тапсырған болса, 2023 жылы, яғни биыл бұл декларацияны бюджеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектор мекемелерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларацияны толықтай тапсыруы керек, - деді Айнұр Сартаева.

Қазіргі кездің өзінде 1,5 млн-ға жуық азамат екінші кезеңде декларацияны тапсырғаны белгілі болып отыр. Одан кейін үшінші кезең басталады. 2024 жылы жалпыға бірдей декларацияны жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Ал 2025 жылдан бастап еліміздің барлық азаматы, яғни алдыңғы кезеңдерде қамтылмағандар декларацияны тапсыруға міндеттеледі.

Яғни блогерлер өздерінің кәсіпкерлік қызметін заңдастырғаннан кейін де олардың табысын жасырып отырғанын анықтауға толықтай мүмкіндік туындайды. Себебі декларацияда бұл азаматтар өздерінің бір жылдағы тапқан табысын көрсетіп, оған байланысты белгілі бір ірі сатып алулар болса, мысалы, жылжымайтын мүлік, жер учаскесін, акциялар немесе автокөлік құралын сатып алса, онда азамат сатып алған активін қандай бағаға сатып алғаны жөнінде және оны сатып алу үшін қаражат жұмсағаны жөнінде, яғни ақшаның шығу тегі туралы ақпаратты декларацияда көрсетуі керек. Егер декларациядан өту кезінде азаматтың сатып алған мүлкінің бағасы қымбат болып, ал шын мәніндегі нақты бағасы салық органдарына жариялап отырғаннан әлдеқайда төмен болса, онда әрине, ол азаматқа қатысты сұрақтар туындай. Демек азаматтың табысын жасырып отырғандығы белгілі болады, - деп түсіндірді МКК өкілі.

«Табысын жасырғандар айыппұл арқалайды»

Табысын жасырып, салық төлеуден жалтарған азаматтарға жалпыға бердей декларациялау барысында өте жоғары айыппұл қарастырылған. Мысалы, бір жылда белгілі бір табысын тауып, бірақ оны аз көрсетіп, салық төлемеудің әрекетін жасап отырса, онда оған төлемге тиісті салықтың 200 пайызы мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер де ол бұзушылықты бір жыл ішінде қайталаса, онда салықтың 300 пайызы есебінде айыппұл қарастырылған. Сондықтан алдағы уақытта осы шараның барлығы жүзеге асырыла бастағанда тек қана еліміздегі инфлюенсер мен блогерлер ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырып отырған одан басқа азаматтар да өздерінің табыстарын толықтай ашық жариялап отыруға мүдделі болады, - дейді Сартаева құқықбұзушылық жайлы.

Айнұр Сартаева айтып өткендей, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамалар туралы заң елімізде алғаш рет «инфлюенсер» және «блогер» ұғымдарын енгізіп отыр. Осы заңға сәйкес, инфлюенсер дегеніміз – ол кәсіпкерлік қызмет мақсатында белгісіз тұлғалар тобына арналған ақпаратты онлайн-платформаларда жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы ретінде анықталған тұлға.

Яғни инфлюенсер әлеуметтік желілерде, онлайн-платформаларда әртүрлі жазбалар жариялап отырады. Олар жариялаған әрбір материалы үшін тиісті жарнамалық қызметін жүзеге асырып отырғандықтан табыс тауып отыратын азаматтар қатарына кіреді. Еліміздің ірі инфлюенсерлері мен блогерлері осыған дейін де «салық төлеген жоқ» деген ұғымның өзі қате. Себебі бұған дейін бұл азаматтар салық органдарына кәсіпкер ретінде есепке тұрып, бюджет алдындағы тиісті міндеттемелерін орындап отырғаны белгілі.

Дегенмен бұл азаматтар қазіргі уақытта инфлюенсерлік қызметтен бөлек кәсіпкерлік нысандары бар. Мысалы, кейбіреуі қоғамдық тамақтану орындарын немесе әртүрлі дүкендер ашып, кәсіпкерлік мақсатта пайда табады. Сонымен қатар қазіргі күні бұл азаматтардың блогерлік немесе инфлюенсерлік қызметі үшін қанша табыс тауып отырғаны бізге толық белгісіз. Себебі қазіргі күнге дейін бұл қызмет бөлек ұғым ретінде жұмыс істемеген. Енді алдағы уақытта осы қызмет түріне анықтауыш шараларын жүргізуге жеңілдіктер туындайды. Сондықтан менің ойымша, алдағы уақытта осындай қызметті жүзеге асыратын азаматтар осы қызмет түрінен тапқан табысын жасырмай, толықтай төлеуге өздері де мүдделі болады, - деп айтты МКК ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Айта кетейік, дәл қазіргі күні елімізде блогерлердің нақты саны белгіленбеген. Блогер ретінде пайда табатын азаматтар 9 қыркүйекке дейін кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.

Заң аясында әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК, яғни 69 000 теңге айыппұл салынады. Ал өз парақшасы арқылы жарнама жасап, жазба жариялап, табыс табатын блогерлер оны бірнеше есе артық төлейді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева блогерлердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы ақпаратты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен алып отыратынын мәлімдеді. Себебі елімізде «блогер» және «инфлюенсер» ұғымдары енді ғана енгізіліп отыр.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: