Блогер Махамбет Абжанның отбасы мүшелерінің банктік шотына шектеу қойылмаған

21 Шілде 2022, 12:44 1799

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен қамауға алынған журналист-блогер Махамбет Абжанның отбасы мүшелерінің банктік шотына шектеу қойылғанын жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz

«Күдікті М. Абжанның отбасы мүшелерінің, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларының банктік шоттарына шектеу қойылғаны туралы Telegram арналардың бірінде ақпарат тарады. Бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз», - деген хабарламада.

Хабарламада айтылғандай, тергеу аясында күдіктінің банктік шотына ғана шектеу қойылған.

«Жалған ақпарат қоғамдық пікірді басқару және тергеуге әсер ету мақсатында таратылады. Азаматтардан ресми ақпарат көзіне сүйенуін сұраймыз», - деп хабарлайды агенттіктен.

Еске салсақ, журналист-блогер Махамбет Абжан кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деген күдікпен қамауға алынған еді.

Бөлісу: