Блогер Мұрат Әбділда үкімді айыппұлға ауыстыруды сұрады

17 Мамыр, 13:23 616

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділдаға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот оның жазасын ауыстыру жөніндегі өтінішін қанағаттандырмады. Блогер соттан жазасының өтелмеген мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұрады.

Құрметті сот, кешірім сұраймын! Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қателігімді мойындаймын. Сабақ алдым. Кешіріммен қарауды сұраймын! Мүмкіндік берсеңіздер, – деді Мұрат Әбділда.

Алайда сот оның бұған дейін дәл осы баппен екі рет сотты болғанын ескеріп, блогердің өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Еске салсақ, блогер 2022 жылы ҚР ҚК-нің 174-бабы, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздық, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған болатын.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: