Батыс Қазақстан облысының көрнекті орындары

19 Сәуір 2017, 17:09 36884

Орал өңіріндегі ерекше орындар мен мұражайлар

Батыс Қазақстан облысында санаулы ғана тарихи орындар бар. Десек те, ол мекендердің ел тарихының шежіресіне қосып отырған үлесі мол. 

Қырық оба қорымы

Бұл қорым – Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында орын тепкен. Ескерткіштің тұрғызылған уақыты біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасы делінеді.

Қырықоба кешенінің оңтүстік бөлігі, яғни «үлкен оба» екі ұзынша келген «батон» тәріздес обалардан құралған. Бұл обаның биіктігі – 14 метрді құрайды.  Ал солтүстік бөлігі бірінші кешеннен тоғыз шақырым алысырақ жатыр. Екі обадағы зерттеу жұмыстары, олардың жер бетіндегі құрылыстар екенін және белгілі бір уақыт аралығында ақсүйектерді жерлеуге арналғанын көрсетті. Қабірлерден тастан, қоладан, алтыннан және сүйектен жасалған таңғажайып дүниелер табылды.

Жайық қалашығы

Жайық қалашығы орта ғасырға жатады. Ол – Орал қаласынан оңтүстікке 12 шақырым жерде, Шаған өзенінің арнасының жағалауының үстінде орналасқан. Қалашық 7 га ауқымды алып жатыр.

Бұл қаладан еден асты жылыту жүйесі жұмыс жасаған шығыс моншасы, кірпішті күйдіруге арналған және керамикалық пеш қалдықтары, сол секілді  батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта полихромды глазурмен апталған екі камералы күмбезді кесененің қирандысы табылған.  

Батыс Қазақстан облыстык тарихи-өлкетану мұражайы

Аталған мұражай көне, тарихи маңызға ие мұражайлардың бірі. Бұл мұражай  1832 жылы мектеп мұғалімі М.К.Курилиннің ұйымдастыруымен ашылып, 1879 жылы орыс-қырғыз мектебі үшін шығыстық сәулет өнері бойынша салынған.

Батыс Қазақстан облыстык тарихи-өлкетану мұражайының қорында жүз мыңнан аса жәдігерлер жинақталған. Қазақ халқының қолөнер туындылары, ханша Фатиманың камзолының көшірмесі, батырлардың ер-тұрмандары мен сауыт-саймандары, Кіші жүз хандарының жеке портреттері бар.

Мұражайда бірнеше залдар бар, атап айтар боласқ, археология, орта ғасырлық Алтын Орда кезеңінің және Жайық қалашығының пайда болу тарихы, Кіші жүз тарихы, Бөкей хандығының тарихы, өнер мен мәдениет салаларының даму тарихы, қазақ халқының этнографиясы және т.б.

Емельян Пугачевтің мұражайы

Бұл мұражайдың тарихы – құңды деректер жинаумен шұғылданған ұлы орыс зерттеушілері мен жазушыларының есімдерімен байланысты.

1967 жылы бұл үй кітапхана болса, 1991 жылдан бастап, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қарамағына өтті. Мұндағы жүздеген жәдігерлердің қатарына қазақтардың тұрмыстық бұйымдары мен қару жарақтарының түп нұсқалары, тулар, зеңбіректер секілді тарихи маңызды заттар сақталған.

Христ Құтқарушы шіркеуі

Орал қаласындағы көрікті орынның бірі – Христ Спаситель (Құтқарушы) шіркеуі, ол 1891 жылы Орал казактар әскерінің патша мен отанына 300 жыл қызметінің құрметіне салынған. Құрылысы 16 жылға созылған. Шіркеудің архитекторы Петербор қаласынан келген – Чагин. Шіркеу Кеңес Одағы кезінде жабық болды. Оны тек 1990 жылы ғана көпшілік келетін орынға айналдырды.

Шалқар көлі

Шалқар көлі – Батыс Қазақстандағы тарихы тереңде жатқан, 3000 өзен-көлдердің бірегейі. Бұл көлдің толқындары тез көтеріледі, желсіз күндері де көлдің арғы беті жай көзбен көрінбейді.  Су құрамында тұз қышқылы, магний және өмірге қажетті басқа да минералды элементтерге бай. Бұл мекеннен қаз, үйрек, аққұтан, тағы басқа құстардың түрлерін кездестіруге болады. Судың беті шағалаға толы. Жергілікті тұрғындар Шалқарды “Кіші теңіз” деп те атайды.

Мұсылмандар мешіті

Орал қаласында 2005 жылы жаңа мешіт бой көтерді. Бұл мешіттің құрылыс заттары әр түрлі мемлекеттерден әкелінді. Кілемдер Франциядан, ақ мәрмәр Қытайдан, күмбездің витраждары неміс технологиясымен жасалынған, олар Италиядан алдырылды. Мешітке «ҚазМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» компаниялары демешулік етті.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: