Бизнесті дамытуға арналған гранттар ауылға тиімсіз беріліп отыр – сенатор

5 Қазан 2023, 12:52 1089

Сенат депутаты Ләззат Рысбекова ауылда бизнесті дамытуға берілетін гранттар бөлу жүйесін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында Маңғыстау облысында берілген 589 өтінімнің 53-і мақұлдаудан өткенін атап өтті. Алайда өтініш берушілер гранттар не үшін жұмсалады және қандай түпкілікті нәтиже алуды жоспарлап отыр деген есебі бар тек 5 жоба бойынша нақты пысықталған бизнес-жоспар ұсынып отыр. Көптеген өтінім бойынша ашылатын жұмыс орындары және тағы басқа бойынша инвестицияның есеп-қисабы жоқ. Депутат көптеген шағын гранттардың орнына ірі сома бөлуді, бірақ олар ауқымды жоба болуы тиіс деп ұсыныс білдірді.

Қолданыстағы тетік кезінде гранттың ең жоғары сомасы 5 млн теңгені құрайды, яғни шағын жобаларды іске асыруға баса назар аударылып отыр. Көбінесе тиімсіз және аймаққа нақты пайда әкелмейтін көптеген кішігірім жобалардың орнына жұмыс орындары ашылатын және сол аймаққа экономикалық қайтарымы бар нақты өндірісті үлкен жобаны іске қосу аймаққа әлдеқайда тиімді, - деді сенатор.

Ләззат Рысбекованың пікірінше, шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу кезінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлік мәселелерін жеке бөліп қарау керек. Сондай-ақ оң нәтижеге кепілдік ала алмай, облыс орталығына 5-6 рет баруға мәжбүр болған ауыл кәсіпкерлерінің шығындарын азайту үшін кредиттерді ресімдеу рәсімін барынша жеңілдету қажет.

Миражан Махан
Бөлісу: