«Бизнеске жол» жобасы аясында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

28 Маусым, 11:31 532

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Бұл жоба шағын және орта бизнестің нақты мәселелерін шешуге бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоба іске қосылған сәттен бастап 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 768 проблемалық кейс шешілді. Ағымдағы жылдың басынан бері 7 мыңнан астам кәсіпкер 83 кейс бойынша жоба аясында көмек алды. Мәселен, Түркістан облысында фермерлер үшін суармалы судың бағасын көтерген делдалдық фирмалардың қызметі тоқтатылды. Енді су жеткізуші («Қазсушар» ШЖҚ РМК) шаруашылықтармен тікелей шарттар жасасады, бұл бағаны 2 есеге (1 мың м3 үшін 766 теңгеден 421 теңгеге дейін) төмендетті.

Жетісу облысында ақшаның болмауы себебінен шарттарды ұзартпаған 275 мектеп тамақтандырушысының құқықтары қорғалды. Әкімдік бөлінген қаражатты басқа бағытқа аударған. Нәтижесінде кәсіпкерлер 2 ай ішінде балаларды өз есебінен тамақтандыруға мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша қаржыландыру қалпына келтіріліп, шарттар ұзартылды. Жоба аясында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер үшін сот шешімі немесе қадағалау органының оларды заңсыз деп тану туралы актісі шығарылған жағдайда туындайтын әкімшілік жауапкершілік көзделген.

2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 14 адамды жауапкершілікке тартты, оның 7-і заңсыз іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарды атқарған. Мысалы, елордада кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін мемлекеттік кірістер басқармаларының екі басшысы айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бизнесті қорғау жұмыстары жалғасады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: