11 тамызынан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларға арналған мемлекеттік гранттар бағдарламасының екінші легіне өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл бастама Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік осал топтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Министрліктің дерегінше, биылғы екінші толқын аясында республика бойынша 4 873 грант бөлінеді. Әрбір гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке тең, бұл 1 572 800 теңге көлемінде нақты қаржылай көмекке айналады. Бұл қаражат қайтарымсыз негізде беріледі және оны әр адам тек бір рет ала алады.
Бағдарламаға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспаған);
мүгедектігі бар адамдар;
қандастар;
мемлекетаралық көшіп келушілер;
көпбалалы отбасылардың мүшелері (ерлі-зайыптылар);
мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сонымен қатар, үміткер міндетті түрде соңғы үш жыл ішінде "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алған болуы тиіс.
Қатысу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
Business.enbek.kz порталында тіркелу;
Қатысу талаптарына сәйкестікті тексеруден өту;
Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып, порталда орналастыру;
Өтініш нысанын толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау.
Интернетке немесе компьютерге қолы жетпейтін азаматтар үшін карьералық орталықтарда және халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылған.
Берілген грантты келесі бағыттарда пайдалануға болады:
құрал-жабдық, техникалық инвентарь сатып алу;
ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын алу;
көшет, тұқым, тыңайтқыштар сатып алу;
өндірістік немесе қызмет көрсетуге арналған ғимараттарды жалға алу;
басқа да бизнеске қажетті шығындар.
Алайда бұл қаражатты тұтынушылық қажеттіліктерге, қарыз жабуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынады.
Әрбір үміткер өз бизнес-жобасын аудандық немесе қалалық комиссия алдында қорғайды. Комиссия мүшелері жобаны нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі, қаржылық негізділігі, сату нарықтарының қолжетімділігі, кәсіпкерлік қабілеттері, жұмыс орындарын құру әлеуеті сынды бірқатар өлшемдер бойынша бағалайды.
Егер жоба мақұлданса, бұл туралы ақпарат қатысушының жеке кабинеті арқылы хабарланады. Кейін ол банктік деректерін енгізіп, шартқа қол қояды және әр тоқсан сайын қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы электронды есеп тапсырады.
Мемлекет тарапынан берілетін бұл грант — тек қаржылай көмек емес, жеке кәсіп бастауға берілген үлкен мүмкіндік. Қазірден бастап бизнес-идеяңызды пысықтап, бастамаңызды жүзеге асыруға нақты қадам жасаңыз. Қатысу тәртібі мен талаптары туралы толық ақпаратты Business.enbek.kz сайтынан таба аласыз.