05.02.2026
11:00
934
«Бізге дүмше молдалар мен жалған коучтар керек емес»: Мәжіліс психологтарға талапты күшейтпек

«Бізге дүмше молдалар мен жалған коучтар керек емес»: Мәжіліс психологтарға талапты күшейтпек

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар жаңа заң жобасы жұмысқа қабылданды. Солардың ішінде қоғамда ұзақ уақыттан бері талқыланып жүрген «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы да бар. Бұл құжат Қазақстанда психологиялық көмекті алғаш рет заңнамалық деңгейде реттеуді көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Заң жобасының негізгі мақсаты мен бағыттарын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кулуарда түсіндірді. Оның айтуынша, құжат азаматтардың психологиялық денсаулығын қорғауға бағытталған және саладағы жүйесіздікті жоюды мақсат етеді. Заң жобасында психологиялық қызметтің қағидаттары, түрлері мен мазмұны айқындалып, психологтарға бірыңғай кәсіби стандарт енгізу көзделген. Сондай-ақ барлық психологты арнайы тізімге біріктіру ұсынылып отыр. Бұл шешім біліктілігі жоқ адамдардың қызметіне шектеу қоюға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: 

Осы бастамаға қатысты El.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарынан пікір сұрап көрді.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден қоғамда өзін психолог ретінде таныстырып жүрген адамдардың көбейіп кеткенін ашық айтты. Оның сөзінше, бұл – тек кәсіби мәселе емес, адамдардың тағдырына тікелей әсер ететін өте жауапты сала.

Неше түрлі психологтар бар, психологсымақтар деймін. Өз басым ешқашан психологтарға бармаймын. Жан-жағымдағы адамдарға қарасам, қаншама адам айырылысып жатыр, қаншама адам жұмысынан, қаражатынан айырылып жатыр. Кейбірі дәл осы психологтарға сеніп, соңынан еріп кетеді. Сондықтан психологтарды лицензиялау керек. Пайдасын көрсе, салығын төлесін, – деді депутат.

Ал Айдос Сарымның айтуынша, қысқа мерзімді курстардан өтіп алып, өзін маман ретінде таныстыратындарды кәсіби психолог деуге болмайды.

Жалған курстардан өтіп, теледидардан сөйлеп, “мен психологпын” дейтіндерді өз басым психолог санамаймын. Міндетті түрде жоғары білімі болуы керек. Кем дегенде төрт жыл осы салада оқып, магистрлік, докторлық деңгейге дейін барған адамдар болса – құптарлық. Ал дүмше молдалар мен бақсы-балгерлер бізге керек емес, – деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те бұл бастаманы қолдап, арнайы тізім енгізу азаматтардың құқықтарын қорғаудың бір жолы екенін айтты.

Қоғамда түрлі психологиялық курстар, коучингтер, тренингтер ұйымдастырылады. Бірақ оның артында тұрған адамның білімі бар ма, сертификаты заңды ма – ешкім тексермейді. Арнайы тізім болса, ертең семинар өткізіп жүрген адам сол тізімде бар ма, жоқ па – бәрін анық көре аламыз, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, мұндай жүйе саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді.

Бұл, бір жағынан, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғайтын нақты кепіл, – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.

Депутаттар көтерген мәселе қоғамдағы нақты ахуалмен де үндес. Соңғы жылдары күйзеліске ұшыраған, ажырасқан, жұмысынан немесе табысынан айырылған адамдар көбейіп отыр. Осындай сәтте психологиялық көмекке жүгінетіндер артқанымен, сол көмектің сапасы мен жауапкершілігіне қатысты сұрақ та аз емес.