Біздің «құлан» деп жүргеніміз – жабайы есек пе?

29 Қараша 2018, 19:47 17546

Далада құлан, домбай шұбырса, О дағы бір егеулі оққа жолығар

Құлан. Осы сөзді естігенде, не елестейді? Әдебиетте, жыр-дастанды оқыған болсаңыз, әлбетте адуынды, тарпаң мінез жануар елестейді. Үйірін қырып тастағанына кектенген құланның айғыры бір ханның баласын шайнап тастайды емес пе? Батырлар жырын оқып отырсаңыз, құланның аталықтары үйір жылқы арасына кіріп кетіп, айғырын тепкілеп, биелерді өзімен ертіп кетеді екен. Бұрынғының жылқышылары үшін құлан жүр деген сөз үйірді қасқыр торуылдап жүр деген сөзбен бірлей екен деседі...

Барса-Келмеске барғанда, сондай шайпау мінез, асау құландарды көреміз деп ойлағанмын. Жоқ, құла түсі болмаса, кәдімгі есекке ұқсайтын жабайы жануар көрдік. Санада сапырылыс. Әдебиеттегі құлан мен көзім көріп тұрған мақұлық үйлесетін емес. Жолбастаушы, Алтынемел қорығының директоры Халық Байәділов ағамыздан сұраған болдым:

 - Бұл құландардың айғыры жақын маңдағы ауылдың биелерін ертіп кете ме?

- Жоқ, бұлар жылқыдан қорқады, - деді ағамыз.

Тіршілік дағдысы жылқыдан гөрі есекке көбірек келеді екен. Сыртқы сықпыты да есек.

Дәл осы кезде, өлкетанушы ғалым ағамыз әңгімесін бастады:

«Қазақ даласынан жойылып кеткен құланды 1953 жылы Түрікменнің Бадхыз қорығынан бірнешеуін алып, Барса-келмес аралына апарып, көбейттік. Енді ұлан-ғайыр далаға жібермекпіз. Енді бағзы замандағыдай, даламызда құландар өретін болады». Стоп!

Қорықшы Халық Байәділов ағамыздың айтуынша, Сарыарқаның төсін осы құландарға толтыру үшін 12(!) рет әрекет жасалыпты. Торғай даласына, Қорғалжын маңына бес-алтыдан босатып қоя берген ғой. Бірде-бірі сәтті болмапты. Жазда жосылып жүргенімен, құландар арқаның аязына шыдай алмайды екен. Ғалымның зерттеуі бойынша: Құландардың солтүстіктегі өмір сүруге ыңғайлы ең шектері сызығы – Сырдың бойымен өтеді. Арғы бетке өтсе – үсіп қалады екен. Байқасаңыз, есектің де өміршеңдік шекарасы – осы оңтүстік облыстармен ғана шектеледі. Қарағанды, Өскемен апарсаңыз, қақаған қысқа шыдай алмайды. Бұл жай сәйкестік пе?!

Не керек, Халық Байәділов мырза, біздің «құлан» деп жүргеніміз жабайы есек дейді. Оны бұрынғы қазақ – домбай деп атаған деген қызық дерек келтірді. Сөзіне дәлелді Доспамбет Жыраудың «Далада құлан, домбай шұбырса, О дағы бір егеулі оққа жолығар!» дейтін жырынан келтірді.

- Жыраудың – домбай деп отырғаны, қазір біздің «құлан» деп жүрген мақұлығымыз. Бұл - түз жануары, аңыздарда айтылатын «шын құландарға» көп жағынан келіңкіремейді, - деп отыр.

Рас. Сол жыр-дастандарда, құлан дегенің – қуып келе жатқан аңшыны үйірге кіргізіп, астындағы жылқысын соғып құлатып, адамды ат-матымен, шайнап-таптап тастайтынын айтады. Ал, қазіргі есекке ұқсас құланның жылқыны сүріндіретіндей күші жоқ екен.

Хош, қазіргі біздің құлан деп жүргеніміз жабайы есек болса, ал шын құлан қайда?!  Неге есекті құлан деп жүрміз? Неге «құлан»-ның түрін ұмытып қалдық?

Ұмытып қалдық, себебі құланды түп-тұқиянымен қырып жібергенбіз! Қалай, қалай?! Иә, Шыңғыс ханның заманында, далада үйір-үйір боп, өріп жүретін құландарға зооцид жасағанбыз. Сол қаніпезер оқиғадан кейін, құлан жерімізден жоғалды. Тек ол жайында сөздер, сосын күй қалды.  «Ақсақ құлан» күйі  - осы құланқырған атты трагедияның бізге жеткені жаңғырығы...

«АҚСАҚ ҚҰЛАН» АҢЫЗЫ НЕМЕСЕ ХІІІ ҒАСЫРДАҒЫ ЗООЦИД

  

«Ақсақ құлан» күйі – кешірім сұрау күйі. Бабаларымыздың жасаған күнәсіне – өкіну күйі»

Ақсақ құлан» күйі қалай пайда болып еді? Шыңғыс ханның ұлы – құлан атам деп, жолында кездескен тағы біткеннің бәрін қырып келе жатады. Тек, қанша оқ тисе де, жанталаса қашқан айғыр бір құламай қояды. Делебесі қозған ханзада жақын барып ұрып алмақ болғанда, әлгі құлан бар арынымен хан баласының атын соғады. Құлаған аңшыны шайнап тастады,- деп тәмамдалады әңгіме. Сосын...

     Сосын, Шығыс хан: «жайсыз хабар әкелгеннің көмекейіне күміс балқытып құямын» деп жарлық шығарады емес пе? Өздері айтуға дауаламай, естіртуге күйшіні алып келеді. Сондағы тартылған күй «Ақсақ құлан» деп аталған деседі, ертедегі аңызда. Бұл жерде біз «Ақсақ құлан» хикаясын баяндауды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Этнограф-тарихшылар айтып отыр. Бұл күй – естіртумен аяқталмайды,-деп. Ұлының өлімін естіген Шыңғыс хан, даладағы құлан біткенді қырып тастауға әмір берген... «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабындағы деректерде бұл жайында тәптіштеп жазылған. Кітапқа сенсек, Ұлы хан, қазіргі Қазақстанның териториясына жетеғабыл өлкені, айналдыра траншея іспеттес етіп, ор қазып тастауға әмір берген. Нақтыласақ, қуғын-қырғын кезде құландар солтүстікке қашып кетпес үшін, Ұлытаудан Теңіз көліне дейінгі аралықты, оңтүстікке өтіп кетпес үшін Тарбағатайдан Шу өзеніне дейін, әскеріне сорап қаздырған.

     Бір таңғаларлығы, сол Шыңғыс қаздырған орлар әлі бар. Жергілікті халық орларды «Топырақ суырған» деп атайды. Бұл ойпаңдар әсте, қырылған құландарды көметін мола болса керек. Жарты метр аршысаң, сүйек-қаңқа қаптап шығады...

Құланөтпес өзенінен табылған құланның сүйек-қаңқалары

Айтпақшы, басын сонау Ұлытаудан алып, Теңіз көлімен тәмамдалатын, сондай-ақ арқадағы үзік-үзік со­зылған «Құлан өтпес», «Құланөлген» өзен­де­рі табиғи дария емес. Адам қолымен қазылған дейді географ мамандар. Бүгінде су толып, өзенге айналып кеткен бұл ор-траншеяларды кезінде Шыңғысхан қаздырды ма, әлде оған дейінгі көне замандардың ісі ме, ғалымдар білмейді. Бірақ, жергілікті халық, бұл жердің атауын Шыңғысхан дәуірінен бастап, Жошы хан трагедиясымен байланыстырады. Айтпақшы, «Құланөтпес» секілді өзендер тек қана еріген қар суынан, жаңбырдан нәр алады. Ал табиғи өзен – бұлақтан немесе тау мұздағынан бастау алуы керек. Мұның өзі, аңыздың растығын білдірсе керек.

Хош, ХІІІ ғасырда, біздің бабалар осыған дейін де, кейін де жасамаған алапат қылмысқа барды. Құландарды түп-тұқиянымен қырып тастаппыз.

ҚЫРЫП ТАСТАҒАН ҚҰЛАНДАРДЫҢ ТҮР-ТҰРПАТЫ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Құланөтпес өзенінің жарқабағынан табылған сурет.

 Осы жылдың жаз айында, Жамбыл өңіріндегі ежелгі Құлан қаласына барғаным бар.  Қираған қалаларды көріп жүрмін ғой, бірақ Құланның ойрандалған орнын көріп, шошыдым. Жау енді бүкіл қаһарын төккені көрініп тұр. Неге? Жергілікті тарихшылар, Жошы ханды дәл осы Құлан шаһарының тұрғындары өлтірді дейді. Сол себепті, Шыңғыс хан бұл қаланы тып-типыл етіп жойған десті. Тарихи деректер де, Құлан қаласы, Моңғол шапқыншылығы кезінде емес, араға бірнеше жыл салып, бейбіт уақта жермен-жексен етілгенін айтады.

Қағаздағы тарихқа осы өңірдің ақсақалдары келіскісі жоқ. Олардың пайымынша, аңшылық кезінде құлан шайнап тастағанымен, Жошы хан тірі қалыпты. Нөкерлері өлімші күйде осы шаһарға әкелген.  Ханзаданы емдеп, айықтыруға осы төңіректегі бүкіл емші-тәуіп тартылған. Осы сәтте, Жошының бақытсыз саятынан хабары жоқ Шыңғыс хан, ұлын дәргейіне шақырған. Хәл үстінде жатқанын айтып, шабарман жіберсе де, Ұлы хан сенбеген. Әкенің кәріне ұшырамас үшін, сұлтан сапарға шықпақ болып, көп өтпей ауруы асқынып, қайтыс болған деседі. Хан баласының өліміне себепші Құландарды қырып, сол мақұлықтың атын алған қаланың жұртын көшіріп, өзін тарихтан өшіріп жіберіпті дейді.

Жә, біздің әңгіме Құлан қаласы туралы емес, құландар хақында еді. Сонымен, әлгі Құлан қаласының қирандысын аралай жүріп, жабайы жылқылардың тасқа қашалған суреттерін көп көрдім. Қазір біз «құлан» деп жүрген мақұлыққа келіңкіремейді. Жылқының тапал түрі секілді.

Сондай-ақ,  Құланөтпес өзенінің жарқбағында да, жабайы аттың суреттері көп бедерленіпті. Тағы да сол, басқаша «құлан».

Алтынемел қорығының директоры Халық Байәділов, нағыз құлан – ол Пржевальский жылқысы дейді. Ұлы Далада құлан қырғыны басталғанда, тек  Гобби шөлін паналағандары ғана аман қалыпты. Осы аз үйірді ХІХ ғасырда Пржевальский байқап қалады. Содан бері, біз түрін ұмытқан құлан «Пржевальский жылқысы» атауымен танылып жүр.

Жер-судың атауын ғана емес, жануар-өсімдіктердің де бағзы атауын қайтару керек.

1879 жылы Қытайға қарасты Шығыс Түркістан өлкесіне тыңшылық миссиямен барып, сапарын сәтті аяқтаған Н.М. Пржевальский қазіргі Моңғолияның шөлін кесіп өтіп бара жатып, жылқыға өте ұқсас жабайы жануарды көріп қалады. Ол жалма-жан атымен сол жануардың соңынан қуып, содан соң оны ұстап алады. Кейінірек, ол әлгі жабайы жылқының терісін, бассүйегін Петерборға жібереді.  Содан бері осы бір жылқыға өте ұқсас жануар «Лошадь Пржевальского», яғни Пржевальский жылқысы деп аталып кетті. Шын мәнінде саяхатшы Н.М. Пржевальский бұл жануарды қолдан жасап не болмаса жылқылардың әр түрлі тұқымдарын будандастырып шығарған жоқ. 
Ресейде «Орловский рысак» яғни «Орлов желісті жылқысы» деген жылқының түрі бар. Оны XVIII ғасырдың соңында князь Алексий Орлов бірнеше жылқылардың тұқымдарын будандастыру арқылы шығарған. Н.М. Пржевальский бар болғаны табиғатта еркін тіршілік етіп жүрген түз тағысын қолға түсірді. Сонда бұл жылқы тектес бейбақ жануар Пржевальский ұстап алғанға дейін атаусыз жүрген бе? Ұлы Даланың әрбір жүгірген аңына, жыбырлаған жәндігіне, ұшқан құсына және ағашы мен өсімдіктеріне дейін ат қоюға шебер ежелгі түркілер одан кейінгі қазақтар осынау жылқы тектес көрікті жануарды атаусыз қалдырғаны несі? Әрине осы бір түз тағысын ертедегі бабаларымыз назардан тыс қалдырған деуге күмәнмен қараймын. Әсілі, нағыз құлан тап сол Пржевальский жылқысы. Оған Құланөтпес, Бесқұлан өзеніндегі тас-суреттер дәлел.

Хош, Пржевальский жылқысы керқұлан немесе тарпаңның тұқымы болса, онда неге оның атауы әлі күнге ресейлік саяхатшы, генерал-майорға тиесілі? Жә, жарайды, генерал-майорға Орталық Азияға саяхат жасап, бас сүйегі мен терісін апарғаны үшін бір жылқының атын бере салдық делік, бірақ оның тарихи атауын қайтару қажет деп ойламайтынымыз өкінішті. Бір айта кетерлігі, Пржевальский де, Семенов Тянь-Шанский сынды орыс саяхатшылары да Орталық Азияны жәй ғана зерттеген жоқ, олар патшалық Ресейдің барлаушылары, дәлірек айтсақ, тыңшылары болатын. Олар өздері барған жерлерді отарлаудың жөн-жобасын жасады, сол үшін тынбай әрекет етті. Сонда елімізге қарсы тыңшылық әрекет жасаған осындай тыңшыларға тарпаңды теліп қоямыз ба? 

Тәуелсіздікпен бірге талай атаулар қайта өзгертіліп жатыр. Қала, жер-су аттары да байырғы атауын қайтаруда. Ендеше, Пржевальский жылқысына да керқұлан атын беру кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз.

Нұрбек Бекбау
Бөлісу: